Зиялылар айтады…

IMG_0103
   ЖАҢА ӘЛІПБИ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
 
Серік Тұрғынбекұлы,
ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты
 
 
Бүгін Парламенттің қарауында үлкен маңызды мәселе көтерілді. Ол – латын әліпбиін қабылдап, оны оқу жүйесіне енгізу. Латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Рас, бұл бір күннің ісі емес. Еліміздің әліпбиді ауыстыра алатындай деңгейі бар. Алысқа бармай-ақ, көрші мемлекеттердің латын әліпбиіне өту тәжірибесі көз алдымызда. Біздің тіл ғалымдары олардың кемшіліктерін де, жақсы жақтарын да зерттеп, осындай жоба ұсынып отыр. Мемлекеттік тұрғыда қабылданған асығыс шешім әр уақытта жақсылық алып келмеген. Ешбір даярлықсыз қолға алған талай-талай бастамамыз аяқсыз қалғанын білеміз. Бірақ, бұл жолғы жоба жан-жақты қарастырылған тұщымды ой-пікірлердің жиынтығы болғалы тұр. Мен зиялы қауым өкілі ретінде бұл бастаманы қолдаймын. Қазір балаларымыз ағылшын тілін оқиды, латын әліпбиін үйренуі оңай болады деп ойлаймын.
Латын әліпбиіне көшудің толып жатқан қиыншылықтары болғанымен, жақсылықтары да болайын деп тұр. Ұлттық ақыл-ой болмысымызды байқататын терең шығармаларымызды алдыңғы шепке қойып, әлемдік деңгейге ұсынуға жол ашылады.
Қазіргі біздің міндетіміз – барынша тезірек латын әліпбиіне көшу. Біріншіден, мұны заман талабы десек, екіншіден, өскелең ұрпақтың қамы үшін атқарылмақ шаруа. Барлығымыз бірігіп, оң шешімін таптық деп ойлаймын.
 
 
20150315073111             ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТУДІҢ БІР БАҒЫТЫ
 
Нағашыбай Мұқатов,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты.
 
Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, сол себепті өзіміздің бағытымыз, нысанамыз болу керек. Қазақ тілін жаңғыртудың маңызды көреткіші – ол латын жазуына көшу. Айта кеткен жөн, латын жазуы туралы бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Осы мәселеге байланысты пікірлер өте көп. Бірақ, еліміздің әр азаматы латын жазуына көшуді әлемдік өркениетке жетудің маңызды жолы екенін білуі тиіс.
Әліпби ауыстырудың негізгі себебі – таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты. Бұдан саяси астар іздеушілер қателеседі. Өз ерекшелігімізді сақтау, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуы сияқты мәселелерге келгенде латын қарпін таңдаудың артықшылығы бар.
Латын әліпбиі болашақ үшін керек. Бірақ, бірден кірісу қиынырақ соғады деп ойлаймын. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Еліміз латын қарпіне біртіндеп, өзге елдердің тәжірибесін зерделеп көшсе, көп нәрседен ұтамыз деп ойлаймын.

You may also like...

3 Responses

  1. Қазақ Алашұлы айтты:

    Елге есімдері танымал екі кісінің де көзқарастарымен келісемін. Серік ағамыз да, Нағашыбай ағамыз да елдікке қатысты мәселелерге үнемі өз үндерін қосып отырады. Бұл жолы да латын қарпіне көшудің Қазақстан тарапынан жасалған ұтымды, көреген, парасатты шешім екенін меңзепті қос зиялымыз! 

  2. Еркін Айдар айтты:

    Жасырып-жабары жоқ, жаңадан жасалған әліпби төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып, қоғамда жаңаны жатырқай қабылдау байқалып жатыр. Көзге бөтен, көңілге жат болғандықтан, бұлай болуы да заңды шығар, кім білген. Көбісінің жақтырмайтыны – қазаққа тән әріптердің екеу болып таңбалануы. Шыны керек, мен де оны жыға жақтамаймын. Әліпбидің нұсқасы әлі қаралады, жетілдіріледі деген үмітім де бар. Ал енді "осы латыншаның бізге не керегі бар?" деушілер Серік, Нағашыбай секілді мүйізі қарағайдай ел ағаларының мынадай пікірлеріне назар сала өту керек! Өз атымнан қосар болсам, бұл, әрине, болашақ үшін жасалып отырған маңызды қадам.

  3. Ботик Курмаш айтты:

    "Біріншіден, мұны заман талабы десек, екіншіден, өскелең ұрпақтың қамы үшін атқарылмақ шаруа. Барлығымыз бірігіп, оң шешімін таптық деп ойлаймын",-депті Серік ағамыз. Иә, өскелең ұрпақтың қамы үшін! Біз осы неге өзімшілдік ниет таныта береміз? "Кириллге үйреніп қалдық", "Меңгеру қияметпен тең ғой", "Мұның маған не пайдасы бар?" деп бұлқан-талқан боламыз да отырамыз. Бізге қиын болса да санасы таза ұрпақ оны өз әліппесі ретінде қабылдайды, сол әліппемен сусындап, білім алып, қызмет істеп, жаңа Қазақстанның өркендеуіне үлес қосады. Қисынды түрде осылай… "Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін", – деген емес пе Ахаң. Бүгіншіл болуды қойып, ертең үшін жасалып жатқан қарекетке тұзақ лақтырмайықшы, бауырлар!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓