Барвиндіктер біріншіні бағындырды

Жыл сайын Сарыкөл өңірінде салауатты өмір салтын насихаттауға, дені сау жас ұрпақты қалыптастыруда дене шынықтыруды дамытуға дендеп көңіл бөлініп келеді. 
Сенбі күні аудандағы  Барвин ауылының мәдениет үйінде Жеңістің жетпіс жылдығына орай  тұңғыш рет жалауын желбіреткен мектеп оқушылары арасындағы  гір спорты ашық турнирін айтуға болады.
Бұл бәсекеде Қостанай қалалық №1балалар және жасөспі-рімдер спорт мектебі, Қостанай облыстық балалар үйі, Рудный, Ұзынкөл  және біздің өңірдің намысын қорғаған Барвин, Весело-Подол ауылдық командалары бақ сынады.
Бұл додада барлық гір көтерушілер барын салып, намысқа тырысты. Олар, жекелей, эстафеталық, командалық сынақтар бойынша сынға түсті. Әсіресе, бесіктен әлі белі шықпаған балақайлар жарысты тіптен тартысты бастады. Әр бөлімі қызыққа толы болып, бес сағатқа созылған бәсекеде ең мықты, ең шебер, шындалған гір көтерушілер биіктерден көрінді.
Айталық, Барвин ауылының тарихында гір спортынан тұңғыш рет өткізілген турнирдің қорытындысы бойынша жекелей сында ұлдар арасында Игорь Квашнин (28 келі), Александр Сухачёв (33 келі), Иван Грома (38 келі), Қуандық  Жантасов (53 келі), Вадим Карпов (58 келі), қыздардан Маргарита Кук (38 келі), Жәния Абитова (48 келі) сынды біздің жерлестеріміз жеңімпаз атанды. Бірақ, эстафеталық жарыста бірінші орынды Рудный, екінші орынды Қостанай қаласы,  үшінші орынды Ұзынкөл ауданы өзара бөлісті. Есесіне, жалпыкомандалық есеп бойынша біріншіні барвиндіктер бағындырып, екіншіні рудныйлықтар еншілеп, ал Қостанай қалалық №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі үштіктен көрінді.
 Турнир табысты өтті. Оны  осындай деңгейде ұйымдастыруда Барвин орта мектебінің денешынықтыру пәнінің  мұғалімі, гір спортынан жас жаттықтырушы Нұрлан Тайжановтың және жергілікті билік пен "Аманжол АкРо" ЖШС-нің еңбегі зор болды.
Енді, жарыс жыл сайын жал-ғасып тұрмақ.
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓