Сіз кітап оқисыз ба?
Ырысты Ерденқызы,
зейнеткер:
"Немерем әдебиетке әуес"
– Ал Сіз қандай әдебиет оқисыз?
– Қазақтың тарихы туралы жазған кітаптарды оқимын. Бұрынғы жазылған әдеби шығармаларға көңілім жиі ауады. "Абай жолын" екі рет оқып шығып едім, енді қолым тиіп жатса тағы бір рет қайталап оқығым келеді. Өйткені, өзін қазақпын деп есептейтін адам ең әуелі осы "Абай жолын" қолына алуы тиіс. Неге десеңіз, қазақтың қазақшылығы – ұлтжандылық,тәрбие, бәрі осы кітапта көрініс тапқан.
– Өз балаларыңыздың немесе немерелеріңіздің қандай кітап оқығанын қалайсыз?
– Ал енді өз балаларымның бәрі де өсіп кетті. Олар да кезінде үй кітапханасындағы барлық әдеби туындыларды оқып шықты деп батыл айта аламын. Кітапханаларға жиі баратын.Қазіргі балалар шындығы керек, компьютерден бас алмайды. Бүгінгі жастарға кітап оқығаннан гөрі күні бойы ғаламторда отырған тиімді болып тұр. Бірақ, өзімнің қолымдағы Гүлсая есімді немерем әдебиетке әуес. Қазақтың хандары туралы, тарихи жазылған кітаптарды жинап әкеп беремін. Соларды оқиды.
Қуанышбай Қазымбеков,
Арқалық қаласының тұрғыны:
"Қазақтың тарихын оқыңдар деп кеңес беремін"
– Мектепте қызмет істеген жылдары менің қолымнан үздіксіз кітап түскен жоқ. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрлері туралы көп іздендім.Сосын тіл мәдениеті, сөз өнеріне қатысты шығармаларды біраз ақтардым. Оның арасында Иса Байзақов пен Нұрханның кітаптарына ілтипатым ерекше. Ақын Төлеген Айбергеновтың өлеңдері жаныма жақын. Негізі мен қазақ әдебиетімен қатар, орыс тілінде жазыл-ған дүниелерді де қалт жібермеймін.
– Қазіргі өскелең ұрпақтың кітап оқуға ынтасы жөнінде не айтасыз?
– Жалпы, бүгінгі жастар кітап оқи қоймайды. Оған енді түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мектепте сабақ беріп жүргенде, 9-10 сыныптың оқушылары менен: "Ағай, қандай кітап оқуға болады?" дегенде мен: "Бірінші әдебиетің мен үйге берілген тапсырмаларды орында, қазақтың тарихын оқыңдар, содан кейін, Ә.Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабын алып оқыңдар", – деп кеңес берген едім.
– Өз балаларыңызға нендей кеңес бересіз?
– Мен өз балаларыма Нұрханның, Джек Лондонның кітаптарын оқытамын. Сосын қазақтың салты туралы міндетті түрде қараңдар деп ақыл айтамын. Кейде қатты ескертемін, қалай болғанда да бүгінгі ұрпақтың кітап оқуына ықпал етуге тиіспіз.
Абзал Алпысов, термеші:
"Ескіні жаңғырту – тәрбиенің басы"
– Оқимын. Негізі қазір Нұрхан Ахметбековтың соңғы шыққан толғауларын жаттап жүрмін. "Жеті ғасыр жырлайды" деген үлкен топтамалар жинағын қолыма алдым. Ондағы Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Наурызбек жырау, Кердері Құдайберген жырау, сол сияқты өзіміздің Торғайдан шыққан Файзолла Сатыбалдыұлы тәрізді көптеген кісі-лердің жырларына қанығуды өзімнің басты мұратым деп есептеймін.
– Балаларыңыздың қандай кітап оқығанын қалайсыз?
– Халқымыздың қашаннан қанына сіңген, баяғыда әжелеріміздің ертегілері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен азаматтардың жаман болып өскенін естіген жоқпын. Сол кісілердей болсын деп, ескіні ұмытпай жүрсе қандай жарасымды! Оны әрі қарай жаңғыртып, жалғастыра бергенін қалаймын. Мысалы, "Біздің аталарымыз айтқан екен", – деп отырады әкелеріміз, өзіміз де әке тәрбиесін көріп өстік. Енді балаларымыздың да сондай негізде өскені дұрыс қой деп есептеймін.