Жаңа мешіттің құрылысы биыл да жалғасады
Облыстық "Қостанай таңы" газетіне қала тұрғыны Айгүл Агеловадан хат келді. Онда оқырманымыз "қаламыздағы "Наурыз" шағын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысы биыл да жалғаса ма?" деген сауалын жолдаған екен…
Егемендігіміздің арқасында әрі Елбасымыздың қолдауымен бүгінде еліміздің көптеген өңірлерінде зәулім мешіттер бой көтеруде. Біздің Тобыл өңірінің орталығында да қазіргі заманға сай көрікті бір мешіт қажет болғандықтан 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі С.Кулагиннің қолдауымен қаламыздағы "Наурыз" шағын ауданында жаңа мешіттің іргетасы қаланды. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші, әкім өзі бас болып 1 млн. теңге де аударған болатын. "Көп түкірсе – көл" деген емес пе, мұндай игі істердің іскер азаматтардың қолдауынсыз жүзеге аспайтындығы белгілі, осыны түсінген жергілікті қалталы азаматтар мен қарапайым халық та сауапты іске өз үлестерін қосып, шамалары жеткенше ақша аударып жатты. Сол тұста өзіміздің "Қостанай таңы" газетінде де "Үлес қосайық, ағайын!" деген айдармен қаржы аударғандардың тізімі жарияланып тұрды. Осылайша, демеушілер мен қарапайым халықтан қомақты қаржы жиналып, Алла үйінің біраз бөлігі салынып та қалған еді. Жоғарыда хат жолдаған оқырман сауалына орай, біз де тоқтау-сыз қарқын ала бастап, кейін жұмысы саябырлап қалған мешіт құрылысының бүгінгі жайын білмек болып, облыстық Марал ишан мешітіне хабарластық. Бас имам Асылхан Түсіпбектің айтуынша, жаңа мешіттің құрылысы биыл да жалғасын табатын болады.
– "Наурыз" шағын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысы 2010 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарының былтыр саябырлап қалғаны рас, бірақ бұл мәселе облыс әкімі Н.Садуақасовтың да назарынан тыс қалған емес, сондықтан ол кісі де Алла үйінің құрылысын тездетіп аяқтауды қадағалауда. Жағымды жаңалық десе де болады, биыл "Наш город" қоры арқылы мешіттің құрылысына деп 400 млн. теңгедей қаражат бөлініп отыр. Негізінде мешіттің құрылысына жеке қор ашылған емес, бірақ қаржы арнайы ашыл-ған есепшот арқылы жиналған болатын. Игі іске үлес қосқандардың тізімі облыстық "Қостанай таңы" газетінде де беріліп тұрды, кейін қаражат түспеген соң, бұл іс тоқтатылды. Біз өңірдегі он екі беделді деген банктердің басшыларына да мешіттің салынуына көмектесу туралы хат жазып, қаржылай демеу сұраған едік, Алла разы болсын, дені тілегімізді аяқасты қылмай, қолдарынан келгенше жәрдемдерін көрсетті. Жалпы, жергілікті биліктің қолдау-ымен қалталы азаматтардың, қарапайым халықтың көмегінің арқасында қазіргі заман талабына сай салынып жатқан Алла үйінің құрылысы биыл да жалғасын тапты. Осы жылы ғимараттың сырт құрылысы толықтай аяқталып, жылу жүйелері тартылатын болады. Ең бастысы, құрылыс тоқтап қалмай, сеңнің қозғалғандығы қуантады, – дейді облыстық Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек.
Айта кетер жәйт, елімізге танымал іскер азамат Төлеген Жай-лаубаевтың мұрындық болуымен қаламыздағы тоғызыншы шағын ауданында да жаңа мешіт бой көтерген болатын. Бірақ, қала тұрғындары Алла үйінің іске қосылып, қосылмағандығынан бейхабар. Сондықтан, осы мәселемен біз кәсіпкердің өзіне қоңырау шалып, қашан ашылатындығы жөнінде білген едік. Жеті жүз орынға арналған бұл мешіттің құрылысы бүгінде толықтай аяқталған көрінеді. Алла қаласа, үстіміздегі жылдың 31 мамырында іске қосылып, салтанатты түрде ашылатын болады.
Р.S. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Құлшылық орны. Ендеше, мешіт салу аса сауапты іс. Сондықтан, облыстағы барша кәсіпкерлікпен айналысатын жаны жомарт азаматтарымыз әлі де осы ортақ іске өздерінің лайықты үлестерін қосып, жаңа мешіттің тездетіп бой көтеруіне атсалысады деген үміттеміз.
Қарлығаш
ОСПАНОВА