КЕЛЕШЕКТІҢ КІЛТІ – КЕДЕНДІК ОДАҚТА
Жуырда Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің мемлекет басшылары Минскіде бас қосты. Осы келелі жиынға орай "Қазақстан-Қостанай" телеарнасы телекөпір өткізді. "Интеграция игіліктері" деп аталған тікелей байланыс барысында Кедендік одаққа мүше елдердегі кәсіпорындардың өзара әріптестік рәуіштегі ынтымақтастығы жан-жақты сөз болды.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері аумағында бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Арада бір жарым жыл өткенде, яғни 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік кодекс қабылданды. Кедендік одақ аясында Ресейден Қазақстан мен Беларуссияға минералды отын, қара металлдар, көлік және жоғары технологиялық қондыр-ғылар экспортталады. Қазақстан кедендік нарыққа қара металл-дар, темір өнімдері, астық және құрлық көліктерін шығарады.Ал Беларуссия Қазақстан мен Ресейге құрлық көліктерін, қондырғылар мен ауылшаруашылық техникасын, ет, сүт өнімдерін жеткізеді.
2013 жылы КО аясында сауда айналымының көрсеткіштері Ресей мен Беларусь арасында 43,8 млрд.доллар, Қазақстан мен Ресей арасында 23,8 млрд. долларға, ал Қазақ елі мен Беларуссияның экспорт, импорттық тауар алмасуы 925 млн.долларға жетті.
"Отандық өндірістің халықаралық стандарттарға сай болуын кедендік одақтың жемісі деп білеміз.Бірақ халықаралық интеграцияның көрсеткіштерімен тоқмейілсуге болмайды", – деп атап көрсеткен болатын Елбасы Н.Назарбаев. Рас, мемлекет басшысы қуаттаған экономикалық одақтың орны ерекше. Бұл бұрынғы посткеңесік елдер арасында алғаш рет жүзеге асып отырған ауқымды жоба. Мұның бір ерекшелігі – үш ел өз тұтастығын сақтай отырып, ортақ экономикалық одақ арқылы өз әлеуеттерін нығайта алады. Кедергісіз кедендік кеңістік үш ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас-қа елеулі ықпал етті. Сондықтан Елбасының өзі: "біз Еуразиялық экономикалық одақты құруға белсенді түрде қадам басып келеміз",– деуі мүдделес үш мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта түсу бүгінгідей жаһандану дәуірінде әлемдегі алпауыт елдердің тасасында қалып қоймауға бағыттал-ған істің өміршеңдігіне көз жеткізе түседі. Шындығында, келешектің көсегесін көгерту көп болып атқаратын шаруа. Н.Назарбаев Қазақ елінің экономикасын өрге сүйреу үшін 170 миллиондық алып нарыққа шығуды мақсат еткені айқын.
Үш елдің өндіріс ошақтары арасындағы телекөпірді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев ашты. Ол өз сөзінде былай деді:
– Өткен жылғы көрсеткіш бойынша Қостанай облысының экспорттық әлеуеті 2,03 млрд.долларға жетті. Біздің өңірден ең көп тасымалданатын тауарлар, ол – алтын, темір жентектері, ұн, астық, асбест. Мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғалы бері біздегі шикізатқа жатпайтын өнімдердің экспорттық көлемі 20 пайызға артты. Мәселен, 2013 жылы сыртқа ұн, сүт, кондитерлік өнімдер тасымалданды. Алдағы уақытта да экспорт дами түсетіне сенімдіміз. Әсіресе, кедендік одаққа мүше елдер арасында көршілес Ресей біздің облыс үшін басты әріптес. Өңірдегі алып өндіріс орындары ондаған жылдар бойы ресейлік кәсіпорындармен тығыз байланыста. ССКӨБ, " Варваринское" АҚ, "Агротехмаш", "АгромашХолдинг" сияқты аймақ экономикасының дамуына елеулі ықпал етіп отырған кәсіпорындар ресейлік әріптестері – Магнитогорск, Екатеринбург, Нижний Тагилдегі металлургиялық комбинаттармен және машина құрастыру зауыттарымен мызғымас байланыс орнатқан.
Соңғы кездері біздегі "Баян сұлу" мен "Деп" кәсіпорындарының өнімдеріне Ресейде сұраныс жоғары. Көршілес мемлекет "Қарасу-Ет" ЖШС ет өнімдерін де қолай көріп отыр. Ерекше атап өтерлік бір жәйт, кейінгі уақытта шекаралас облыстармен тығыз байланыс орнаттық.
Өткен жылы облыс әкімі бастаған топ Ресейдің Орынбор, Свердлов облыстарына іскерлік байланыспен барып қайтты. Биыл мамыр айынының орта шенінде бізге Қорған облысының делегациясы келеді. Ал маусым айының соңына қарай бірқауым іскер топ Омбы облысына бармақ.
Мұрат Дәрібаевтың айтқанындай, әлемдік сауда айналымындағы қазақстандық өндірістің белгісін қалыптастыруда отандық өнім өндіруші кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жергілікті кәсіпорындардың Беларусь пен Ресейлік әріптестерімен іскерлік қарым-қатынас орнатуының ар-қасында Қостанайда "АгромашХолдинг", "ЕвразКаспианСталь" және басқа да ондаған өндіріс ошақтарының өнімдеріне басқа елдер де аса қызығушылық танытуда.
Үш елдің мемлекет басшыларының Беларуссия астанасындағы басқосуына орай өткізілген телекөпірді "Қазақстан-Қостанай" телеарнасына сенім тапсыруы кездейсоқ емес. Бұл туралы телеарна директоры Әлібек Татанов айтып берді:
– "Қазақстан" Ұлттық арнасы республикадағы мойны озық, тәжірибесі мол телекомпания ретінде бұл жауапты жұмысты бізге сеніп тапсырды. Сондықтан, біз де өз тарапымыздан сол сенім үдесінен шығуға тырыстық. Өздеріңіз көргендей, үміт ақтал-ған тәрізді. "КО:Интеграция иірімдері" деп аталған бұл телеүндестіктің бұрынғыларға қарағанда бір айырмашылығы, мұның саяси-экономикалық маңызы зор. Жауапкершілігі орасан. Біздің тілшілер ең негізгі үш сұраққа тұщымды жауап іздеді. Ол Кеден одағы бізге не берді, не береді және оның келешегі қандай? Оған толық жауап берген сияқтымыз. Ресейдің Миасс қаласындағы "Урал автомобиль" зауыты мен Беларуссияның "Гомельсельмаш" өндіріс орындарынан тілшілеріміз тікелей байланысқа шығып, олардың тыныс-тіршілігін жалпақ жұртшылыққа жария етті. Өзіміздегі "АгромашХолдинг", "Қарасу-Ет", "Большевичка", "Деп" "ЕвразКаспианСталь" кәсіпорындарынан журналистер Анастасия Хвалина, Любовь Оплачкина, Жансая Қожахмет, Инара Барсақбаева, Қайрат Мұқатовтар қостанайлық өндіріс ошақтарының жұмысын паш етті.
Мәселен, ресейлік "Урал автомобиль" зауыты өткен жылы Семей қаласында өз көліктерін құ-растыруды бастады. Келешектер зауыттан жылына 400-ден астам жол талғамайтын көлік жасап шығару жоспарланған. Сондай-ақ, Қостанайдағы "ЕвразКаспианСталь" кәсіпорынында құрылыс-қа қажетті арматура өндірілсе, "АгромашХолдинг" зауытында ауыл шаруашылығы техникасы жасалады.
Әлібек
ЫБЫРАЙ
Суреттерде: "Интеграция иірімдері" телекөпірінен көріністер.
Суреттерді түсірген
Бағдат АХМЕТБЕКОВ.