Жаңа жылға дейін 2 жәрмеңке өтеді
Бүгін "Алтын күз 2016" ауылшаруашылық жәрмеңкесі облыс орталығының үш нүктесінде – Сити-орталықта, 8,9 шағын аудандарда және КСК шағын ауданында өтті. Сауда-саттық мерекесінде 14 аудан және Қостанай, Рудный қалаларының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өнімдерін тұтынушыларға арзандатылған бағамен ұсынды.
Әдеттегідей, ет, сүт, ұн өнімдері мен көкөністерге сұраныс көп болды. Сөрелерден шұжықтар, балықтың бірнеше түрі, бал және кондитерлік өнімдерді табуға болады. Тауық еті мен жұмыртқаның саудасы да қызу жүрді. Оның себебі де белгілі: дүкендерде 300 теңгеден тұратын жұмыртқаны он данасы 200 теңгеге бағаланған. Сондықтан бұл кезекке тұрғандардың бәріне бірдей жетпей қалды. Осы үшін көңілдері көншімей кеткен адамдар көп болды.
Жәрмеңкеге жағдайды бақылау үшін келген облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов те тұрғындардың назына құлақ түрді. Тиісінше алдағы уақыттарда мұндай олқылық болмас үшін барлық мүмкіндік жасалатынын жеткізді.
Ал келесі жәрмеңке жабық нысан ішінде, нақтырақ айтқанда МАИ ауданы маңындағы мұз айдыны сарайында жаңа жылға дейін екі рет ұйымдастырылмақ.