Көрмеге қатысу _ жастар арманы
Алматы қаласында 2013 жылы республикалық деңгейде өткен 1 инновациялық жобалардың байқау барысында таңдалып алынған он үздік жобаның қатарында Қостанай политехникалық колледждің "Электрмен қамтамасыз ету", "Электрлік және электромеханикалық жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету" мамандықтары студенттерінің жобалары бар. Жерлестеріміз жобаларын әрі қарай жетілдіре түсіп, келешекте ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуына мүмкіндік алып отыр.
Бірінші желі…
Екі жылдан соң мемлекетіміздің бас қаласы – Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Біз осы көрме туралы не білеміз? Көрменің елімізге әкелер, берер пайдасы бар ма? Неліктен көрме біздің елімізде өтеді? деген сұрақтардың болары заңды. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің өркениетті алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналу жолында талай белестерді бағындырып келеді. Қарап отырсаңыз, аз ғана жылдар ішінде экономикалық, әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болдық. Кешегі өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық, Инвестициялық, Дүние-жүзілік ислам экономикалық форумдары Қазақстанның абыройын асқақтатып отырғаны сөзсіз. Сондықтан да Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор. Мына мәліметтерге де жүгінгеніміз артық болмас деп ойлаймыз. EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі жобаларының бірі деп айтуға болады. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы бастама көтерді. 2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. 2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЕХРО-2017 көрмесін өткізу еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті.
Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына жеке кепілдік берді. Астана ұсынған көрменің тақырыбы "Болашақтың энергиясы" деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және "жасыл" технологияға арналды. Сонымен, 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме.
Екінші желі…
ЕХРО-2017 көрмесінің "Болашақтың энергиясы" тақырыбы – баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелерді, технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Астана – осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналады. Көрме сондай-ақ еліміздің өндірістік қуатын, ғылыми базасын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға, экономиканы жүйелі әртараптандыруға үлкен серпін бермек. Шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына сол секілді елорданың көрмелер объектілері құрылысына, инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызады. Мамандардың айтуынша, EXPO көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға. Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады.
1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған EXPO халықаралық көрмесі зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндік беріп келеді. Көрме сондай-ақ инновациялық идеялар алмасу, болашаққа қатыс-ты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады. ЕХРО көр-месін миллиондаған туристер тамашалайды, сондықтан әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық, технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады. Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып табылады және де ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияның Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің қорытындысы бойынша "C" категориялы 104 қатысушы ел ішінде, еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды.
Үшінші желі…
Астана қаласында ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі өткізілетін болғандықтан "Болашақ энергиясы" тақырыбында елімізде жұмыстар, байқаулар, іс-шаралар басталып кеткені белгілі.
– Алматы қаласында 2013 жылы республикалық деңгейде өткен бірінші инновациялық жобалардың байқауына колледжіміздің оқытушылары мен студенттері қатысқан-ды. Байқау ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне арналып, тақырыбы "Келешек осы жерден басталады" деп аталған-ды. Еліміздің барлық өңіріндегі колледж оқытушылары мен студентері осы байқауға қатысып, өз жұмыс-тарын, жобаларын жібере бастады. Сырттай өткен бірінші кезеңге қырық бес жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасы ең маңызды, өзекті, теория жүзінде емес, іс-тәжірибеде бүгінгі күні жүзеге асыруға болатын жиырма жобаны таңдап алды. Алматы қаласына осы таңдап алынған жобалардың авторлары мен ғылыми жетекшілері сол жобаларымен таныстыру үшін шақырылды. ЕХРО-2017 халық-аралық көрмесіне қатысуға өтінім жасау үшін осы таңдалып алынған үздік жобаларды әрі қарай жетілдіре түсу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтылды. Сол он үздік жобаның қатарында Қостанай политехникалық колледждің "Электрмен қамтамасыз ету", "Электрлік және электромеханикалық жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету" мамандықтары студенттерінің жобасы болды. Осы жобалардың ғылыми жетекшілері Бибігүл Сүйінді-кова болса, екіншісі, мен, – деді бізге Людмила Шугурова.
Біз жобалармен Қостанай политехникалық колледжінде "Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру – институциялдық дамытудың жоспары" тақырыбында өткен кездесу барысында танысқан едік. Кездесу аясында облыстық мәслихаттың депутаттарына, өңірдегі ірі компаниялардың және кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Дүние-жүзілік банк тарапынан бөлінген грантқа сатып алынған астықтың және өңделген өнімдердің сапасын анықтауға арналған заманауи құрал-жабдықтар таныстырылды. Келген қонақтарға ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға мүмкіндік алған осы екі жоба туралы да айтылды. Колледж директоры А. Дощанованың айтуынша, "Қостанай-Су" су торабын электрмен қамтамасыз етуді жетілдіру" және "Қостанай политехникалық колледжін электрмен қамтамасыз ету үшін жел генераторын енгізу" жобалары (ғылыми жетекшілері Б.Сүйіндікова мен Л.Шугурова) ең алдымен энергияны үнемдеу технологиясымен, сонымен бірге еліміздегі "жасыл экономикамен" байланысты. Бұл жобалар экологиялық ортаны жақсартуға, қуатты үнемдеуге бағытталып отыр.
– Әрине, студенттеріміздің жобалары үздіктердің қатарында болғанына қуаныштымыз. "ҚПК электрмен қамтамасыз ету үшін жел генераторын енгізу" жобасы бірегей жоба, сондықтан қазылар алқа-сы бұл өнертабысты патенттеуді ұсынды. Неге десеңіз, жел генераторы желдің аз ғана жылдамдығының өзінен-ақ энергияны өндіреді. Нәтижесінде электр энергиясына кететін шығынды үнемдейді. Жел генераторы тек қана колледжді ғана емес, жақын маңдағыны да электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Сондықтан да келешекте осы жобаны жүзеге асырсақ, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан нәтижесін береді. Ал, енді екінші жобаға келер болсақ, ол кенеттен пайда болған жоқ. Себебі, "Қостанай-Су" кәсіпорны өздерінде жабдықтарын жетілдіру үстінде екен, біздің студенттеріміз болса, машықтанудан өте жүріп, осы жобаны ұсынды. Жобаның практикалық маңызы бар және де қайта жабдықтау барысына жобаның кейбір элементтері кіріп отыр. Келешекте колледжіміздің базасында баламалы энергия жөніндегі оқу ғылыми-зерттеу зертханасын құру ойымызда бар, – деді бізге Людмила Шугурова.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: үздік жобаларды таныстыру кезінде.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.