“КЕGOC” АҚ акциялары сатылымға шықты
Еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі "КЕGOC" АҚ компаниясы биылдан бастап "Халықтық IPO" бағдарламасына қатысуда. Яғни, аталмыш компанияның акцияларын қазақстандық қор биржаларынан сатып алуға мүмкіндік бар. Осыған орай Қостанайда Акционерлік қоғам өкілдері мен потенциялды инвесторлардың кездесуі өтті.
"Халықтық IPO" бағдарламасы әрбір қазақстандыққа еліміздегі ірі ұлттық компаниялардың акцияларына иелік етуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның ең басты артықшылығы – оған республиканың кез келген азаматы қатыса алады. "Халықтық IPO"-ның алғашқы кезеңінде, яғни 2012 жылы "ҚазТрансОйл" АҚ-ның акциялары қазақстандық қор биржаларына шыққан болатын.
Акцияларды сатып алу процесі "Қазпочта" филиалдары арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде Қостанай облысынан 391 клиент акцияға тапсырыс берді. Биыл "Халықтық IPO"-ның екінші кезеңі басталды. Тиісінше "КЕGОC" АҚ акциялары қазақстандық қор биржаларына шығарылды. Осыған орай аталмыш Акционерлік қоғамның өкілдері Қостанай халқымен кездесіп, компанияның қызметі және акцияларға иелік ету туралы кеңірек айтып берді. Іс шараға жергілікті мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
– Компанияның тұрақтылығы, кемел келешегі инвесторларға табысты бизнес пен Қазақстанның жалпы экономикасының даму болашағын инвестициялауға мүмкіндік жасайды, – деді "КЕGОC" АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.
"Халықтық IPO"-ның екінші кезеңінде "КЕGОC" компаниясының 26 миллион акциясы қазақстандық қор биржасына шығарылады. Бір акцияның құны 505 теңгеге бағаланып отыр.
Қымбат
ДОСЖАНОВА