Жасын шақтың жарқылы

IMG_5246Белгілі ақын Серікбай Оспанұлы ағаш жонып, ата кәсіпті асқан шеберлікпен қатар алып жүрген ғалым-қаламгер. Ұлттық өнерді ғылыми тұрғыда өрістетіп, тұтынушылардың алғыс-ықыласына бөленгені сыр суыртпақтауға тұрарлық-ақ құбылыс…
Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,
Жүйрік ат өрге шапса өршеленер.
(Қара өлеңнен).
Жан-жақтан үшбу хат келсе, жаны жадырап қалады. Бұрындары Қазақ радиосында тілші қызметінде жүргенде республиканың түкпір-түкпірінен қап-қап жаңалықтарды арқалап ағылып келіп жататын хаттарға көміліп отыратын күндер көзден бұлбұл ұшқалы қашан. "Хат артында кісі бар" қағидасы бүгінде ескірді. Заман желі шайқады. Тіпті, журналистік жүйе түп-түгел өзгерді. Бұл да өзгерді. Кешегі радио толқынында қалықтаған әңгіме-очерктері "Алтын қорда" қалды. Кейбірі анда-санда беріліп те тұрады. Оны Арқалықта да, Қостанайда да естіді. Әсіресе, "Суықтөбе сазы" деген радиоәңгімесі өзіне ерекше ыстық көрінеді. Қолына қорапты  домбырасын  алып,  сонау қырғыз бен қазақ шекарасындағы Жамбыл ауданының Қастек ауылына барғанын ұмытпас, сірә! Сонда сексен жастағы күйші Саябала Егіншиева деген кейуана тұрады деп хат арқылы қаныққан. Соны іздеп барды. Тапты. Қырғыз бен қазақты жалғаған Суықтөбе жайлауының етегіндегі ауыл қандай керемет, тұп-тұнық, тап-таза ауа. Ауылды қақ жарып жатқан бір-ақ көше бар. Соны бойлап жүре берсең, Ыстықкөлге асып кетесің. Арғы жақтан қырғыз әні талып естілетіндей. Соның әсері ме, екі ел арасын жалғастырып жазғысы келді. Күйші әже оның оюлаған өрнекті домбырасын тарта алмады. Өзінің үйреншікті майсіңді қалақтай домбырасын "қақтап сауды". Көкірегіне жиған-ақ екен. Әттең, бірақ, ел шетінде елеусіз, ескерусіз қалыпты. Ол әңгімесін әріден тартып, тау өзеніндей тастан-тасқа соқтырып арындатып бақты. Яғни: "Қырғыз бен қазақ елін жалғап тұрған "тау көпір" басынан бұлт кетпейді. Кезінде Сүйінбай, Жамбыл жырына арқау болған асқар бел бүгінгі ұрпақ әніне ұйытқы. Басында мәңгі қар қыстағаны үшін емес, көкорай шалғыны, шапқылап аққан ақ бұлақтарымен жанарыңды жаулайды, жаныңды баурайды" деп шабыттанып, шаттанып бастап, әрмен қарай: "Өздігінен өнерін ұштаған, өз бетімен қиял құсын самғатып, тоғыз пернеге түсіріп, сезім қылын шертер күй тасқынын тудырған, ешкімнен үйреніп, ешкімді қайталамаған, артель жұмысында таңды атырып, күнді батырып, ел қатарлы еңбекке араласып жүріп-ақ жан серігін сонау отыз-қырқыншы жылдары арасында бір топ халық таланттарымен Москва сахнасына ала барған. Келе-келе елеусіз қалған үкілі домбыраның құлагері қазірде дүбір шықса құлағы елеңдеп тұрады. Тарамыс қолын ескі досына  соза  береді…" деген тамсаныс, таңырқаумен радиоәңгіме құлақ құрышын қандырып бағады. Он құрсақ көтеріп, ұл-қыздарын халықтық өнермен баулыған ауыл қариясына тәнті болған тілші қасында халықтық өнердің жанашыры, инженер жігіт ағасы Социал Қалманов деген азамат жолбастаушы болып жүреді. Домбыраны гитарадай қағатын инженер қазақ өлеңдерімен қоса, әйгілі Высоцкийдің шығармаларын да шырайын шығарып орындайды екен. Есік пен төрдей жүйткіген көк "Волгасымен" тілшіні алып жүргенінің өзі бір ғанибет, азаматтық қой! Серікбайдың:
Ақын-көңіл алуан сыр,  сан сала,
Бақыт қана тілейтіні баршаға.
Ақынмын дер пенделер де  бар шығар,
Жыр жазбайтын шын
ақындар қаншама?! –
деген толғаныстары дәл сондай қызық мінезділерге арналғаны анық.
–  "Сіздердің тыңдағандарыңыз арнаулы тілшіміз Серікбай Оспановтың радиоәңгімесі" деп көгілдір толқыннан хабарланып жататын небір дәурендер өтті. Енді "Алтын қордан" анда-санда беріліп тұратын өз үніне өзі ынтық уақыт туды. Радионың әрбір минөтті санаған қарбалас жұмыстарының қалт еткен кездерінде әдебиет әлеміне де бой сүңгітіп, жиырмадан астам жыр кітабын шығарғаны жанкештілік емей, немене!
Иә, хат демекші, бұрындары өлең жайлы, жыр тумалары туралы әрқилы хаттар үйді тауып келетін ғой. Әннің мәтінін сұрап немесе "құттықтау текст жазып бер, арнау жыр шығарып бер" дейтін сияқтылар жыртылып-айрылатын.  Ал, мына бір хат мәнісі мүлде бөлектеу: "Серікбай! Сенің арнайы жасап, сыйға тартқан сырлы табағыңа бір марқаның еті сияды екен. Әсіресе, қонақтар көп келгенде "ақын жасаған құтты табақ" деп дастарқанға дөңгелентіп қоямыз. Қолды салып жіберіп, бір табақтан қауымдасып ет жегенге не жетсін! Енді бір осы табақ тектес үлкен ожау, тегеш, жанан, қасық жасап берсең, тіпті, жақсы болар еді. Қазақтың ыдыс-аяқ ансамблі болсын! Ерінбей-жалықпай кем дегенде бес кісіні тойдыратын берекелі еттабағыңа тәнтіміз. Құдай қолыңа қуат берсін, өнерің арта берсін, қолыңнан балға, сүргі түспесін!"
Ағаш  жонып,  жыр    жосылтқан жоғары оқу орнының доцентіне дәл мұндай хаттар кейінгі жылдары көп келетіні жасырын емес. Алақұйын заман үйірілгенде, көп қаламгерлер абдырап, шарасыз күй кешіп қалды. Ал, Серікбай сасқан жоқ. Ұсталықтың жөн-жосығын білетіндігі пайдаға  асты.  Баяғыда  Оспан  әкесі жалғыз қолымен-ақ шеберліктің шыңына шыққан еді. Бес қыздың арасындағы "арпа ішіндегі бір бидай" дерлік торсық шеке балаға қан арқылы тұлабойға тұнған шеберлік атойлап шыға келді. Домбыра, сандық, бесік жасап, талай адамның алғысын алды. Сондығына сүйсініп, курстас ретінде жыр жолдарын жазған едік. Үзіндісі:
Балдай таудан күш алып,
Торғай болып тасыдың.
Жырқұмарлық – құсалық,
Өліп-өшкен ғашығың.
Жаның нәзік, жырың бал,
Тұлабойың кіл өнер.
Қыз қызығар түрің бар,
Бесік жасап жүре бер!
Өлең  қонған,  ағаш жонған бесаспап адамға не десең де жарасады емес пе! Қазақ "қанында бар" деп жатады. Рас сөз. Бос  жеңін беліне қыстырып қойып, жалғыз қолымен етік тігетін, көрік басатын жарадар Оспан майдангер өсе келе өлеңмен өрнек салатын тентек ұлының өнеріне куә бола алмады. Шеберлігімен айналасына аңыз болған адам артына бес қызы мен жалғыз ұлын қалдырып, қайрылмасқа кетті…
Ардақты асыл жанды  әкем менің,
Бейнеңді көз алдыма әкелемін.
Егер сен тірі болсаң  құшағыңда,
Жаралы қолыңды иіскеп 
                                             жатар едім, –
деген жүрек лүпілі асқар таудай әке шеберлігін қаламгерлік өрнекке ұштастырды. Жалғыз қолымен-ақ тарамыс ширатып, таспа тілген, темірді қамырдай илеген өмірге құштарлық құрттай баланың көз алдында қаз-қалпында қалып қойды. Көрші-қолаң соғым басына шақырысқанда әкесінің қасынан бір елі қалмайтын қалқанқұлақ сары жарғақ ұл кейін осы қылықтарын: "Қайда барса бос жеңінен ұстап  ап,  Болушы  едім үлкен демеу тапқандай" деп есіне алады. Өнер қырық тамырлы деген, оның құдіреті де осында. Оспан шебердің ұсталық қасиеті өзегін жарып шыққан ұрпағына басқа қырынан да кеп жабысты. Қағілез ұлан әкесі шегірен етікті қайың шегемен дөңгеленте қағып жатқанда кірпік қақпай қарап отыратындығы тегін кеткен жоқ. Әкесінен қалған құрал-саймандар көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында кеткенін көріп, булығып талай жылағаны бар. Төс-темірге ертеңді-кеш шыңылдап соғылып жататын балға үні өшті, енді ұлтаны қақырағандар бұл үйге келуді қойды. Өйткені, көрігі қызып, қалыбы даяр тұратын "шолақ қол шебер" Оспан жоқ. Айналып  кеп  соғатын  шеберлік  қадір-қа-сиетін біртіндеп ұға бастады. Әке ұсталығы, ісмерлігі жыр қашауға мектеп, сабақ болған екен-дағы…
Бір шаңырақтың астында бес қыздың ортасында бұлаңдап өскен ұл қандай! Жаны ұлпадай, көңілі нәзік, бес қолдың саласындай қыз балалар дегенің еркетотай жалғыз еркек кіндіктіге жасауларындай қарайды.
Кенде еткісі келмейтін  ештеңеден,
Бес қыз үйде жейдемді  кестелеген.
Еркелігі ерендеу  жалғыз ұлмын,
Жанашырлар жанымда  бес көреген! –
деп оны өзі де айғақтайды. Айнала мөлдіреген көз, жалт-жұлт еткен әдемілік. Торсық шеке сары бала тек сұлулық сәулесіне шомылып өсті. Еститіні сыңғырлаған үн, көретіні тізілген моншақ, одан қала берсе Күләмза анасы Балдай тауының таңғажайып ертегілерін айтады, Қызбелінің қызықтарын сыр қып шертеді. Шоқ-шоқ  гүлдің  өзегіндей  болған соң да Торғай өзені бойындағы балқұрақ сыбдырына құлақ түріп, қиял кеше беретін. Тап-таза үй, жинақы төр,  төсектің  басы,  айнаның айналасы кесте, шілтер. Айна алдында бірінің шашын бірі тарап, бой таластырған бес қыз…
Қызғанып жөні келмей  басқа амалдың,
Сан рет кірпігімді жасқа  малдым.
Өйткені олар кестелі орамалға,
Жазатұғын болды атын
басқалардың… –
деген көңіл алаңына не дерсің! Табиғат заңы. Бес қыз бес рулы елге айналды. Осыларды домбырамен төгілтіп, айналаны егілтіп қаншама шырқады!
Виноградов – 88-дегі студенттік жылдар кешуі қалай жүрек қозғамасын десеңші! Жарасқан, Шөмішбай, Қажытай, Нұрлан, Бекділда, Өмірбай, Рафаэль, Марат…
Қайран да қайран, Ақселеу – Ақаң, өз өнерін ұдайы ұштап, маңдай терін мың сығып, қу жанына тыным берместен бұл өмірден жанып-күйіп өтті де кетті. Көз ілмей ізденудің жемісі таудай болатынын дәлелдеп кетті. Серікбайдың өлең өрісін, домбыра қағысын, тіпті, "Бес саусақ" атты жырын әуенімен айтқанда қатты бағалайтын. Сом білегіне сұқтанып қарайтын да: "Нұрқаннан, Ғафудан, Сырбайдан бір нәрсе айтшы" деп насыбай шақшасына қол салатын…
Сұрыпталып, іріктеліп әр өңірден университетке түскен бір курстағы отыз ұл мен бір қыз да қаламымен құралайды көзге атқан екенін кейіннен күнбе-күн дәлелдей білді десе де болғандай. Ал, солардың ең жасы да, таланты тас жарғаны да торғайлық Серікбай Оспанов екендігі айдай анық нәрсе.
Серікбайдың о баста сатираға икемі мол болды. Темірбек Қожакеев ағай жетеледі-ақ. Ақ сары арық бала алдымен сатира сарбаздарының қатарынан табылып жүрді. Баспасөзде бұрқырап әзіл-оспақтары жарияланып жатты. Бұйрабаев, Тұяқаев деген концерт жүргізушілер үлкен сахналарда оның әртүрлі сатиралық өлеңдерін жұтындырып, құлпыртып оқитын. Қызбелдің қыз мінезді бозбаласы улы тілмен шағып алады дегенге жан адам сенбес те еді. Бірақ ол бірталай уақытқа дейін жұртты сатириктігіне сендірді. Тып-тыныш, моп-момақан қалпымен-ақ тікенек тілін сұққылайтын қалақай қаламы бірте-бірте байсалды поэзияға кілт бұрылып кетті. "Серікбайдың сатиралық уыты диплом жұмысына ғана жетті" деп әріптестері әзілге бұратын. Айтса-айтқандай-ақ, оның дипломдық жұмысы "Пародия" болатын. Тақырыбын тастай ғып қорғап шыққан-ды.
Өмір ауаны солай болған шығар. Енді ғылым саласы тылсымына тартып әкетті. Өзіне етене жақын Сырбай Мәуленовтің көркемсөз әлеміне құлаш ұрғаны ғалымдар қатарын толтыруға жол ашты. Өлеңде де, өнерде де, журналистика саласында да із қалдыру мұраты біртіндеп орындалып келеді. Жыр төгіп, шәкірт баулу маңдайға жазылған екен. Оған да шүкір, тәуба дейді!
Серікбай тақырыптан кенде емес. Докторлығын бес жүз бет қып жазып, қорғауға дайындап та қойды. Заман түзелсе, қорғады деген құжаттарын да қолына алар. Дегенмен де бір курста оқыған, қатар қалам тербеген талантты  түлектердің  көркем туындыларына толыққанды баға беріп, шығармашылық жетістіктерін жауһар-жинаққа айналдырса ғанибет-ақ қой! Отыз ұл мен бір қыздан суырылып  оқ  бойы  озып шыққанын курс-тастардың бәрі де мойындайды. Тұңғыш тырнақалды жинағы "Жүрек лүпілінен" бері де "Жарқын жастық", "Алтын арқау", "Назқоңыр", "Балдай таудың баурайында", "Қайнар бұлақ", "Қоңырау гүл", "Айгүл", "Қараторғай" деген сияқты отызға тарта туындылары талғампаз оқырман таразысына тартылды.  Бұрынғы журналист, ақын деген атауға енді ғалым-ұстаз деген құрметті атақ қосылды.  Дәріс беретін доценттің ғылыми шаруалары да жетіп-артылатыны  сөзсіз. Ақынға да, ұстазға да шеберлік өнер жарасқан қашанда.  Әсіресе, шеберханадан балғаның дауысы естіліп жатса, тағы бір тал иіліп, бесік жасалып, бала емізген ана қуанышқа бөленеді. Сандығын өрнектеп, домбырасын жиектеп, қолындағы қашауын оңтайлап отырғанын көргендер қызығады-ақ. Маңдай тері шып-шып шыққан сайын өнердің тәтті ләззатын татқандай болады.
Күнгейлік жампоз жазушы Мархабат Байғұт "Ақтолғай" ("Қазығұрт" баспасы, 2011 ж.) атты кітабында: "Сағындым Алматымды" әнінің сөзін жазған Серікбай Оспановпен Виноградов көшесіндегі 88-үйде, жатақханада бірге жатқанбыз… Бірінші курстамыз. Филфактамыз. Бұрын филфактың бөлімі саналар журналистикаңыз өз алдына факультет боп алған. Баяғы бірінші курста бір бөлмеде жатқан Серікбай Оспанов белгілі ақын боп үлгерген" деп талай-талай хикаялардың бумасын ақтарады. Бірінші курсқа бізбен бірге түсіп, сол кездердегі тәртіп бойынша оны әскер қатарына алып кеткен еді. Кейін, Армиядан келгеннен соң басқа курстарға тап болған Мархабат Серікбаймен бірге оқыған балауса жылдардан сыр шерткені сағынышқа толы-ақ. Әрине, содан бері де талай су ақты, талай тау аласарды, талай өзен тартылды. Астын-үстін заман болды. Бірақ Серікбайдың өнер-өлең қамбасы ортайған жоқ. Ән де жазды, күй де шығарды, өлең өрісін кеңейтті, өнер атты хоббиін өркешті етті. Шеберлік шыңына өрмеледі. Оның әсіресе "Сағындым Алматымды" әдемі өлеңіне жазылған әні бүкілхалықтық әуенге айналды. Ел аузында жатталып, үнемі шырқалар бұл әсем әнді, тіпті, жарты әлемге тұнық даусымен танымал ресейлік күміс көмей Валентина Толкунова әуелете астана сахналарында шырқағаны да республика тыңдармандарының есінде. Оның өлеңдеріне көптеген композиторлар ән шығарды. Ескендір  Хасанғалиев,  Өмірбек  Байділдаев, Жоламан  Тұрсынбаев,  Әшірхан  Телғозиев, жерлестері, торғайлық Қалибек Дербісалдин, Бақытжан Сәуекенов секілділер ақын кітаптарына үңіліп, көңілдерінен шыққан жыр шумақтарынан шуақ іздейді, толғанысқа түседі. Оның жыр жинақтарынан сезім шуағына оранған кестелі орамдарды көптеп табуға болады. Ал, ақын жыры әнге айналып жатса, халық аузында айтылып жүрсе, одан артық бақыт бар ма, шіркін!
Соқталы, салмақты, толғақты тақырыптарды кеузеп, ғылыми айналымға айналдыру оның оң жамбасына келіп жүргенін университет ұстаздары да құп көреді. Ақтаңдақ жылдар бозымдары, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Нұрхан Ахметбеков тақылеттес Алаш арыстарының жұртқа белгісіз қырлары да қалам ұшына ілініп жүр. Ақын-жыраулар, би-болыстар, шешен-көсемдер тағдыр талайы  мазалаған сайын, ақ парақ беті толғанысқа тола бастады. Ара-арасында туып қалатын жеке шумақтар тізбегін де қойын дәптерге қаздай тізіп қояды.
Өрнек салып көк белге,
Тобыл ағады.
Арнасына көктемде,
Толып ағады.
Жүрегіңнен, жаныңнан,
Орын алады.
Іздеп бізді сағынған,
Тобыл ағады, –
деген секілді айқұлақ ән де тудырып жүр. "Тобыл ағады" жырын жүрекке талғажу етіп, самғаулы, самалдай ескен әуен естілетін  болды.  Өзі жонған, өзі ою-өрнек салған сүйріктей жүйрік үкілі домбырасы жүйткіп тұр. Кешегі боз кілемде күрескен, той-томалақтарда күй тартып, ән аспандатқан ақын жүрек Арқаның ақ боранынан ыққан емес, кеудесін ашып тастап Амангелді батыр атасындай қай тұста да атойлап шыға келуге бар. Аудиторияны өзіне қарататындай дарындылықтан Құдайға шүкір, кенде емес. Тәжірибесі молыққан қалам иесіне дәріс оқу оншалықты қиынға түспейтіні хақ. Торғайдың топжарғаны ешнәрседен тосыла қоймас. Болашақ журналистер алдында екпіндеп бір кетсе, тізгін тартуы қиын-ақ. Жәутең көз-дерді жалықтырып алмас үшін, табанастында өлең шығарып, әр қайсысына да мінездеме беріп, дүр сілкіндіріп алатыны ұтымды әдіс. Өзі ақын, өзі домбырашы, өзі бесаспап шебер сабақ беріп жатса қай студент қуанбасын! Спорттан да құралақан емес, өнерге де жан-тәнімен берілген ғалым-ұстаз шәкірттерінің бағы бес елі-ау деп те ойлайсың…
…Ақынды "ақымақ" көретін бүгінгі біртүрлі кезеңде Серікбайдың ағаш жонып, үскірік ұстап, кебеже шегелеп, еттабақ жасап, тер төгіп жүргені де пайдалы ма деп қаласың кейде. Жоңқалардың жан-жаққа шашырап ұшқаны да жыр ұшқынына ұқсайтын сияқты ма, қалай өзі?! Жазылған жырдың жинаққа айналғанынан гөрі ағаштың талбесікке, немесе сәнді сандыққа айналғаны оңайырақ әрі тиімдірек көрінетін тұманды да күмәнді күндерге кезіккенін қарашы… Құдайым қолына, қаламына қуат берсін! Қай қиындыққа да омырауын тосатын тосын мінездің иесіне ұдайы қолдаушы, демеуші болатын торғайлық жерлес досы Темірхандай дархан жүректі жақсы мен жайсаңдар аман болса, көрік те қызады, өлең де қоздайды, дәріс те оқылады…
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓