Мақсат – таралу тізбегін тоқтату
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Рудныйда болып, күре жолдардағы орнатылған блок-бекеттердің жұмысымен танысты.
Қашар-Федоровка бағытын қоспағанда, еліміздің батысы мен солтүстігін байланыстырған республикалық автожол арқылы тәулігіне 3000 көлік өтіп келген. Карантин жарияланғалы бұл көрсеткіш он есеге азайды.
Өткізу пункттеріндегі тәртіп полицейлер, дәрігерлер мен жергілікті билік өкілдерінің бақылауында. Үш бекеттің әрқайсысындағы 7 маман 12 сағат бойы кезекшілік етеді.
Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов кез келген көлік «Сергек» жалпы базасы арқылы тексерілетіндігін тілге тиек етті.
– Полицейлер планшетпен «жасыл жол» бойынша өтетін кәсіпорындар мен көлік тізімін тікелей қарайды. Одан кейін жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуы өлшенеді. Медициналық қызметкерлер тепловизорлармен және дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз етілген, – деді ол.
Аймақ басшысы пандемияға төтеп берудің жалғыз жолы – таралу тізбегін тоқтату екендігін атап өтті. Осы орайда тәулігіне жүздеген адаммен қарым-қатынас жасайтын медициналық қызметкерлердің денсаулығына мән беруді тапсырды.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша карантин режимін 29 блок-бекет, 33 мобильдік патруль мен 300-ге тарта жаяу патруль қамтамасыз етіп келеді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ