Сотталушылар шығынды өтеуге асықпайды

Өткен жылы Қостанай облысында жазасын өтеп жатқандар келтірген шығынның 0,03% ғана өтелген. Бұл өте төмен көрсеткіш. Бүгінгі күні өңірдің түзету мекемелерінде 2 858 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Оның 1 618-інің сот шешімімен жалпы көлемі 31,8 млрд. теңгеге жуық талап арызы бар. Алайда облыстық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде жазасын өтеушілер келтірілген шығынды өтеуде өз міндеттерін орындамай отырғаны айтылды. Бұған сотталушылар кінәлі емес. Түзету мекемелеріндегі лауазымды тұлғалар шығынды өтеп алу бағытында тиісті жұмыстарды жүргізбей отыр. Оларды осы үшін жауапкершілікке де тартпайды.image91487
-Өткен жылы сотталғандар тек 11,9 млн. теңгені қайтарды. Бұл жалпы келтірілген шығынның 0,03% ғана. Ал мемлекетке кірісіне 3,3,млн. теңге қайтарылды, – дейді облыстық прокуратураның 7-басқарма бастығы Елдос Рахаделов.
Е.Рахаделовтың айтуынша, жазасын өтеушілермен түсіндіру жұмыстары дер кезінде жүргізілсе, мұндай мәселе туындамас еді. Ол бірнеше мысалдарды келтірді. Олар түзету мекемесінде жұмысқа тұрып, ай сайын жалақысын алғанымен, борышын өтеуге асықпайды.
-Егер түсіндіру жұмысы жүйелі түрде жүргізілгенде, сотталушылар 2-3 айдың ішінде залалды өндіретін еді. Прокуратура қазметкерлерінің араласуынан кейін УК 161/11 түзету мекемесінің 22 сотталушы мемлекетке келтірген 230 мың теңге шығынды өтеді. Өткен жылы осы мекеменің әкімшілігі мемлекет кірісіне 160 мың теңгені ғана сотталушылардан өндіріп берді, – дейді Елдос Рахаделов.
Қылмыстық-атқару жүйесі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығы Т.Көнекбаев бұл мәселеге атқару парақтарының дер кезінде келмейтінін, көп жағдайда өздері сұратып алдыратын айтады.
Ал облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Н.Панбаев атқару парақтарының неліктен колонияға жетпейтіні туралы жауап бере алмады.
Жиында облыс прокуроры М.Қайбжанов сотталушылардың бақылау есепшотына түсетін қаражаты да келтірілген шығынды жабуға болатынын атап өтті. Өйткені жазасын өтеушілерді мемлекет толық қамтамасыз етіп отыр. Олардың таныстары мен туыстары оларға тамақ пен қажетті тұтынуларына ақша аударып отырады. Мысалы, 2014 жылы УК 161/2 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың жеке есепшотына 11 млн. теңге түскен.
Алқа отырысында алдағы уақытта борышкерлердің тізімін құру, шығынды өндіру шешімін орындауға арналған жоспар құру туралы ұсыныс қабылданды.  
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓