Баукеңнің қызы – Елена
Сонау сексенінші жылдары ауданға филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдулхамит Нарымбетов деген кісі іссапармен келді. Аудандық партия комитеті ол кісінің аудан шаруашылықтарында болу кестесін бекітіп, ол кісіні жергілікті халықпен кездестіруді ұйымдастырып, өткізуді маған жүктеді.
Бұл қазақ халқы өзінің сүйікті ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлын соңғы қайтпас сапарға қабырғасы қайысып шығарып салып, еңсесі түсіп жүрген кез болатын. Бір кезекті кездесуден кейін біздің үйде қонақта отырғанда Баукең жөнінде әңгіме қозғалды.
Баукеңнің қазасы хақында айтылды. Ол кісінің зиратының басында жазушылар арасынан Тахауи Ахтанов сөз сөйлеп, "Ноқталы заманда өмір сүріп, ноқтаға басы сыймаған" деген сөзін бірінші рет естіп тұрғанымызды жасыра алмай, Тахауи ағаның Баукеңнің еңбегіне дұрыс баға берген екен деп өзімізше қолдау көрсетіп отырдық.
Бауыржан ағаның қазасына Москва қаласында тұратын сыған әйелінен туған қызы Елена Бауыржановна Коркина келді. Бірақ, қабір басында қызы сөз сөйлеген жоқ деді. Баукең туралы әр түрлі әңгімелерді ұзынқұлақтан естіп, кейбір істеріне сүйсініп, кейбір істеріне, ондай-ондай ханның қызында да болады деп жүретін оқырман біздер Әбдулхамит ағаның сөзіне сенерімізді, сенбесімізді білмей таңқалыстық. Баукеңнің өзі академияда оқып жүрген кездерін айтқанда, ол әйел, қызы жөнінде ештеңе айтпайды ғой, дедік таңданысымды жасыра алмай. Онда тыңдаңдар, деді Әбдулхамит ағай, біздің күдігімізді сейілткісі келіп…
Ауруханадағы жүздесу
Жылына бір рет ауруханаға барып, денсаулығымды қаратып, емделіп тұрамын. Бір күні кезекті ем-дом алып келе жатқанда, менімен бірге бір палатада жататын Жүсіп деген жігіт мына №20 палатада Бауыржан Момышұлы жатады деп көрсетті. Біз 32 палатада жатамыз. Күнделікті ем қабылдауға бара жатқанда Баукеңнің №20 палатасының алдынан өткенде тысырымды білдір-мей, бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешіп көзіне көрінбей өтіп жүрдім. Ішімнен ойпырмай, бұл жағдай қашан-ға дейін созылар екен, бірде болмаса, бірде Баукеңе ұшырасып қалсам, ол кісі бүкіл елдің көзінше әй, профессор сәлем қайда, неге келіп амандаспайсың, деп сөксе қайтемін деген күдік оты іштей қылаң беріп қояды.
Бір күні келе жатып №20 палатаның қасынан тез өте шықпақшы болғанымда палата есігі ашылып, Баукеңнің шыға келмесі бар ма. Біттім, дедім өзіме-өзім тілі калимаға келмей өліп бара жатқан адамдай не дерімді білмей. "Ассалаумағалейкум Бауке", – дедім. Бетіме отты жанарын қадап тұрып, сәлемімді алды да, даладағы демалып отыратын орындыққа барып сөйлесейік деді жұмсақтау үнмен. Орындыққа келіп жайғастық. Темекісін шегіп біраз үнсіз отырды.
"Сен менің Клавдиямды, Еленаны білесің бе?", – деді дауысын бәсеңдетіп, жанарында ұшқын оты нұрын шашып беті алауланып тұрғандай көрінді. "Жоқ", – дедім мен жұлып алғандай тез жауап беріп. "Онда біліп ал, оны сендер ғалымдар біліп жүрулерің керек,"– деді жадырай түсіп.
"Москвада әскери академияда оқып жүрген кезімде Клавдия Григорьевна Коркина деген сыған келіншекпен таныс болдым. Ол кісі оқыған, ғалым, өте мәдениетті сұлу кісі болатын. Ол кісіге мен де қатты ұнап қалсам керек. Бірде театрға барып спектакль көрдік. Театрдан шыққаннан кейін мен тұратын пәтерге барып, біраз көңіл көтердік. Бұдан кейінде кездесулер жалғасып тұрды. Бірде ол өзінің жүкті екенін айтты. Біз сәбидің дүниеге келуін асыға күтіп жүрдік. Біз некеге отырғанымыз жоқ. Көп кешікпей дүниеге қыз бала өмірге келді. Атын Елена деп қойдық. Клавдия Григорьевнамен некеміз болмағандықтан менің фамилиямды Еленаға беруге болмайтын еді. Сондықтан Еленаны Клавдияның әкесінің атына түсірдік. Оның толық аты-жөні Коркина Елена Бауыржановна болып жазылады.
Еленаның жас кезінде Москвадағы Қызыл алаңда қыдыртып жүрген болатынмын. Москвада КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы өтіп жатқан. Ол кезде барлық одақтас республикалардан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланған депутаттар келіп сессияға қатысып, қаулы, шешімдер қабылдайтын. Қазақстаннан КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайланған депутаттардың ішінде жазушы Сәбит Мұқановта болатын. Қызыл алаңда жүріп, Сәбең мен Мариям апайды байқап қалдым. Кездесуге ыңғайсызданып, қызымды жетектеп бұрыла берген кезімде ол кісілерде мені байқап қалыпты. Бауыржан деген Сәбеңнің қарлыққан даусымен қоса Мариям апайдың саңқылдаған ашық даусы мені еріксіз өздеріне қаратты. Менің ол кісілерден қашыңқырап тұрғаным, ол кісілер бірден Еленаға қарап, мына орыс қызың кім, деп сұ-райды. Мен оны түсіндіруім керек. Шынында Еленаның бет-бейнесі Клавдия Григорьевнаға көбірек ұқсайтын еді. Өмір бойы қазақи тәрбиеге қалып-тасқан Сәбең мен Мариям жеңгей менің қызыма қалай қарайды, қалай қабылдайды осы мәселе мені алаңдатып тұр-ған. Алматыға елге барғанда зиялы қауым арасында, елде қандай әсер туғы-зады деген небір сұрақтар санамда лезде жүгіріп өтті. Әрине, басқа ұлттардың оның ішінде орыстың қыздарына үйленген ағайындарымыз баршылық қой. Мариям Жагорқызының өзін айтсақ та жеткілікті ғой деп өзімді іштей жұ-батып қоямын. "Әй, Бауыржанбысың, аман-есенсің бе", деп Сәбең мен Мариям жеңгейдің қосарланып шыққан дауысы жүрегімді жібітіп жіберді. "Елден келдік, Жоғарғы Кеңестің сессиясына қатынасып жатырмын. Ел аман, өзің қалай, аман-есен жүрсің бе?" деп бәйек болып жатыр. "Біз "Москва" қонақүйіндеміз, елдің дәмінен ауыз ти, қонақ бол" деп Сәбең алды-артыма қаратпай, қолтығымнан демеп қонақүйге қарай беттеп келе жатырмыз. Мұндайда Сәбеңнің аузы әңгімеден бір босамайды, ол кісі барлық елдің жаңалығын, сессияда қаралып жатқан мәселелер жөнінде ақпараттарды айтып келеді. Мариям апай Еленаға көзінің астымен бір суық көзбен қарап, қазаққа ұқсамағаны ұнаңқырамады ма, сөзге араласпай келеді. Сірә, Бауыржанның бір шатағы деп ойлаған болуы керек. Ол кезде "әй, Бауыржан, қасыңда шатағың жоқ па?" деген сөздерді ара-кідік естіп қалатыным жасырын емес кез еді ғой. Қонақ- үйге келдік, Мариям апай қазы-қарта, құрт-ірімшік, жент сияқты дәмдерді үстелдің үстіне толтырып қойып, шай құйып отыр.
Республика көлеміндегі әдебиеттің, мәдениеттің жайы жөнінде Сәбең көп мәселелерді айтты. Жалпы одақ көле-мінде атқарылып жатқан жұмыстардан мені хабардар етіп отырды. Сөз арасында мен де өзімнің пікірлерімді айтып отырдым.
Көп мәселелер жөнінде біздің көз- қарасымыз бір жерден шығып отырды. Күн батып, кешкіріп қалды. Елена ұйықтап қалды. Мариям апайда тым-тырыс бола қалды, сірә, ол кісі де ұйқыға кетсе керек. Тек көсіліп сөйлеп отырған Сәбең ғана. Жалпы социализмнің дамуындағы кейбір олқы тұстарын кейде сынға алып, кейбір басшылардың ұстанымын, бағытында сын тезіне алып, өзінің пікірін білдіріп отырады. Мен де шаршай бастаған болуым керек, маған қарап: "Әй, Бауыржан мына қыз балаң өзі мұсылман әлемінің туындысына ұқсамайтын сияқты ғой" деп пысылдап ұйықтап жатқан Еленаға қарады. Мен шындықты жасыр-ғаным жоқ. Москвада жүріп, оқымысты, ғалым, сыған қызы Клавдия Григорьевна Коркинаға үйленгенімді, одан мына Елена қызымның туғанын айттым. Сәбең бір сәт ойланып, отырып қалды. Сәлден кейін: "Бауыржан" деді даусы қарлыға шығып. "Мен қазақтардың өз-бектен, қырғыздан, татардан, башқұрттан, ұйғырдан және тағы да басқа ұлттардан келіншек алғанын білемін. Ал, сен сығаннан келіншек алған қазақтың тарихындағы нөмірі бірінші қазақсың", деді. "Неге, Сәбе?" деген сөзіме "сығандар өздерінен басқа ұлттарға үйленбейді" деп сөзге нүкте қойды.
"Еленаны алып үйге қайттым" деп сөзін аяқтады. Әрине, бұрындары Баукеңнің қызы Елена туралы айтылмайтын. Марқұм Баукеңнің баласы Бақытжанның отбасының Еленамен табысуы жөнінде де кейінгі кездері айтыла бастады. Мен өзім, 2010 жылы Еленаның Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы алдында Тараз қаласына келіп, өзінің перзенттік парызын өтеп кеткені жөнінде естіп, шындыққа көз жеткізгендей болдым.
Майлыбай Смағұлов,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, мемлекеттік қызметтің ардагері.