ТҰЙЫҚ
әңгіме
КҮздің күннен күнге үдей түскен ызғарынан ба, жоқ, әлде жан-дүниесіне ойран салған жан толғанысы себеп болды ма Абзалдың денесі тітіркеніп кетті. Оның бұл тұрысы осы ауылдан мүлдем қияда, беймәлім шексіз ұшы-қиыры жоқ тап-тақыр жерде тұрғандай. Бірақ, назарына қалт еткізбей ұстап тұрғаны – Жанардың шамы сөнбеген бөлмесінің жалғыз ғана терезесі еді. Көше бойында бір ғана нүктеге телміре қарап, сілейіп тұрған оны байқаған адам болса жынданып кеткеннен сау ма деп ойлары анық. Бірақ та, ол ел ұйықтаған шақта, ұзын көшенің қақ ортасында жай тұрмаған еді. Мұңға толы жүректің дүрсілі осы жерге келіп, іштегі ойранның шешімін табуға тас-түйін дайындап әкелген болатын. Сөйте тұра өзіне тән жаман қасиеті сол баяғы өзін "бақытсыз адам" санап тұр. Бұл тұста ол бұлайша мелшиіп тұрмауы қажет еді. Ебін тауып Жанармен тілдеспек болған. Өмірінде сол қызға тура қарамаған Абзал бұрынғыдай жалынышты жанармен емес, бұл жолы батыл да берік сипатта Жанардың жанарынан көзін тайдырмай: "Осы уақытқа дейін сені қалай жақсы көріп келгенімді білесің. Қысқасын айтқанда, сені енді дәл менше ешкім де, ешқашан да жақсы көрмейді, оған сенімім кәміл. Жанар! Менің саған тілерім де, тілеуім де бір ғана сөз "бақытты бол"! Межесіне жетпеген бейшара сезімнің жеткізгісі келгені осы ғана",– деп сырт айналып кете бермек ойы бар-тұғын. Ал, бірақ, бұл да әдеттегі сәтсіздіктердің жалғасы болып қана қалды.
Көшенің қиылысындағы қоршауы әлі салынып бітпеген қоржын үйдің арғы жағынан естіліп келе жатқан жағымсыз саңқылдаған дауыстан Абзал дереу есін жинап алғандай-ақ. Топ болып көшені басына көтеріп келе жатқан бозбалалар Жанардың үйінің артынан өтіп бара жат-қанда Абзал екпіндей басып, үйлердің арасымен үйіне қарай жылыстап бара жатты. Біреуге көрініп қалмайын дегендей, сақ әрі жылдам қозғалып үйіне келіп, ұйқыға жатты. Дамылсыз ой да, тынымсыз қозғалыс та байыз тапқандай үн-түнсіз…
Қостанай мемлекеттік университеті ректорының қолын құлшына алып, шексіз қуанышта тұрған жігіттің жүзі жайдары. Өзін бақытты сезініп тұрғаны соншалық, қолындағы мадақтаманы қалай ұстарын білмей тұрған қалпынан аңғару қиын емес. Бұл бір кездері Жанардың үйінің сыртында өзін бақытсыз санаған Абзал болатын. Ал, қазір болса бәрі керісінше бақытты, жүзі жайдары, көңілді. Оқуға түскеніне көп уақыт бола қоймаса да университет қабырғасында біршама жетістікке жетіп әжептәуір нәтижеге ие еді. Көпшіліктің ауызына ілініп жақсы достары да пайда болған-ды. Соңғы рет ауылдағы ғашығына барып жаны күйзеліп қана қайтқан ол, ертесіне "қала қайдасын?" деп оқуға тартып кеткен болатын. Сол кезде-ақ Жанарды ұмытып, жүрегінен сызып тастауды жөн көріп, жаңаша өмір бастаймын деп байлам жасаған. Солай болды да. Мұнда Абзал шынымен танымал, абыройлы бола бастады. Оқу ордасының белсендісі, ешбір байқауда бақ сынамай қалған емес. Осы себептен ауылдағы ата-анасы төбелері көкке бір елі жетпей қуанып жүруші еді. Бірақ, әттең, бағына махаббаттың жолы жабық болмағанда…
Ол қалаға келгеннен кейін өзіменен бірге оқитын, көп жігіттің көңілі кетіп жүрген сұлу да сымбатты қызға ғашық болды. Дәл бұрынғы Жанарға деген сезімі қандай болса, бұл қызға да соншалықты сезіммен махаббат айдынында телміре қарайтын. Не де болса осы бір жанның жүрегіне орын алсам деген ойменен әр сөзін, әр ісін ерекше астарлы ыңғаймен жеткізетін, жасайтын. Ол бар жерде бұрынғы томаға-тұйықтылығы бейне бір су бетіне топ етіп тосыннан келіп түскен тастың шеңберлей қуған толқыны тәріздес өзгеріп сала береді. Әзіл-қалжыңға сөз бастатып, қалай ұнасам екен дегендей болатын. Бір қызығы манағы су бетіндегі толқынның бәсеңдегені секілді өз-өзін тежеп, тоқтата да алады. Шамасы соңғы айтқан сөзінен не жасаған ісіне бір ұнамсыз қылық байқап қала ма, жоқ, әлде мен бұрын бұндай емес едім ғой деген салмақты ойдың салмағын сезе ме, ұрлана қарап, сол арудың сыртынан сүйсініп қана тұрушы еді. Ол бұлайша ұзақ жүргісі келмеді, білем. Сыртынан қамқор болып, қашанғы жас балаша созбақтап жүрмек!? Аралары да жаман емес, бір-бірін сыйлайды, біріне-бірі көмектеседі. Егер кейбір сабақтарда группаларға бөлініп кетсе оны кәдімгідей іздеп тұратын болды. Қош, не керек, Абзал ол қызға жүрек сырын жайып салар сәттің орайы келді. Екеуден-екеу, Абзал болса жүрегінен шыққан шынайы сезім сырын ақтарып салды. Әсте, не айтып жатқанын өзі сезетін емес. Қобалжулы сияқты. Бастысы Жанарға деген баянсыз басталған махаббат дастаны тәрізді бұл жолы да аяқсыз қалмаса екен. Жо-жоқ, олай болмауы керек…
Кенет Абзалдың сөзін аяқтатпастан "өтінемін, доғаршы, Абзал" –деп екі беті қызара түскен қыз оның қолынан жайлап қана өз қолын босатып алды да, екі бетін алақанымен басып:
– Жоқ, болмайды. Сен– менің досымсың, одан артық сенен ештеңені керек етпеймін, ештеңені де, түсіндің бе,– деп жалт бұрылғанында, бұндайды күтпеген Абзал оның қолынан ұстай қалды. – Жібер, Абзал,– деген қыздың сөзіне құлақ аспастан:
– Мен сені сүйемін ғой,– деп, жар-қыншақтана шыққан дауысын әрең жеткізді.
Ол болса қолын жұлқына босатып алып:
– Мен өзге жанды ұнатамын,–деді де келген жолымен кері қайтып бара жатты.
Абзалдың аузына сөз түспей, төбесінен біреу салып қалғандай мең-зең, не істеп, не қоярын білмей тұрған жерінде сілейіп қатып қалды. Тек күбірлеген еріндері ғана әнтек қимылдап "Неге, неге, неге?" дей берді. Сол күздегі ауылдағы тұрған қалпынан еш өзгешелік жоқ, бақытсыз санаған кейпі қайтып оралғандай. Көз алдындағысы тағы да, бірақ, осы жолы терезе секілді кедергісі жоқ саябақ ортасында жел үрлеген шашы желбіреп бара жатқан екінші рет кезіккен баянсыз махаббаты еді.
Бұл оқиғадан соң оның өмірі күрт өзгеріп қоя берді. Сабаққа да бұрынғыша көңіл бөлуді қойды. Достарымен не болса соған ренжісе беретінді шығарды. Ашуланшақ, тіптен көбі үшін оның бары да, жоғы да бірдей болды. Жанашыр достарының айтқандарына құлақ аспайды. Бірнеше рет оларға ауыр сөздер айтып көңілдерін пәс етті. Кейіннен темекі мен араққа да құмарланып, түнгі клубтарда сенделіп жүрді. Ондай жерлерден көк-ала қойдай көгеріп, таяқ жеп жатқан жерлерінен талай рет жолдастары алып қайтатын. Кей кездері жатақханаға да кіре алмай мас қалпында көрінген жерде түнеп жүретін. Өз сыйқын өзі жоғалтып, қателікке ұрынудан тынбады. Өзін сорлы санап, төмендетіп, сүйген қыз үшін ғана өмірді қажет санағандай. Ата-ана, дос-жаран бұл үшін маңызға ие емес.
Ақыр соңы оқудан шығумен тыңды. Оқытушылар Абзалдың бұл қылығына бас шайқап, таңқалып жатты. Бірақ, сол күні ол бәрінен де кешірім сұрап шықты, достарынан, жора-жолдастарынан да тегіс кешірім өтінді. Және кешкісін оны іздеген достары оны таппады… Ізім-ғайым… Телефоны сөндірулі…
Достары мән-жайға кейін қанық болды. Өзегін өкініш тербеген Абзал өмір өткел бермеді десе керек, өзіне-өзі қол жұмсаған екен. Тек артына мына бір сөздерді жазып қалдырған көрінеді. "Өмірде адамға бақ та, табыс та жан-жақтан табыла береді емес пе, тіпті кездейсоқ та. Ал, өкініш, мұң дегендер ше? Олар не, тек менің өмірімде болуы тиіс пе? Сонда менің өкінішім махаббат жолына шын бекіп қалғаны ма? Бұл деген әділетсіздік қой. Тағдырымның осылай жазылғаны ма? Менің махаббат, өмір үшін күресуім ендігіде бекер де болар. Не деген сорлы адаммын. Мейлі, ендеше, осылай-ақ болсын бәрі… Әттең…"
Достары бұл оқиғаға өкінішпен, күйзеліспен қараса да оның бұл ісіне түсіністікпен қарай алмады. Кейбіреулері:
– Осы әлемде қыз атаулы санаулы емес еді ғой…
– Ата-анасын ойламағаны ма?!
– Бұл қылығымен нені өзгерте алды?! десе, енді бірі:
– Не деген ақымақтық?! Бүтін әлемнің, ешкімнің еш нәрсесі өзгерген жоқ. Анасына қайғы әкелсе, әкесіне одан бөлек сүйекке түскен қара таңба секілді жанына батпай ма?! Егер оқуын жалғастырып жатса әлі бітпеген маңызды ғылыми жұмысы, алға қойған үлкен мақсаты, арман-мұраты бар емес пе еді!? Тіпті оны ұнататын жан да бар еді. Ал, ол болса мұны білмей кетті. Білгісі де келмеді. Айтыңдаршы, Абзал азғантай ғұмырында не жасай алды?!
Ұнжырғылары түскен көңілсіз достарының жанарында мөлт-мөлт еткен жас үзілуге шақ тұрды..
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
ҚМУ-дің студенті.