Өр тұлға. Мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков 90 жаста

1.Ағаның ақ тілегі
 
VkleikaМен осы облыстық «Қостанай таңы» газеті редакциясына қызметке орналасқан 1971 жылы Шәңгерей аға Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Редакцияның партия тұрмысы бөлімінде істейтін мен оны қалалық, облыстық беделді жиналыстардың төрінен көріп, сөзін естіп жүрдім. Ұзын бойлы, ұстамды, орнықты, сөзге сараң адам болып көрінетін. Бірақ оның іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті хақында талай оң пікір айтылып жататын. 1972 жылы қалалық партия комитетінің бюросы әскер қатарынан партия мүшелігіне кандидат болып келген мені мүшелікке қабылдады. Бюро мәжілісін бірінші хатшы Шәңгерей Жәнібеков жүргізді. Сұрақ беріп, қинаған жоқ: – Еңбекте табыс тілеймін, біз шығармашылықпен айналысатын адамды құрметтеуге тиіспіз, – деп ерекше бір биязы қалыппен жылы сөйледі. Ағаның сонда айтқан жанашыр сөзі әлі күнгі есімде. Сол 1972 жылдан бастап күні бүгінге дейін талай басшыларды көрдік, алдында болдық, бірақ ілуде біреуі болмаса, сол Шәкең сияқты мәңгілікке есте қалғаны некен-саяқ.
2. Майдан соқпақтары
Vkleika 2
Шәңгерей аға 1924 жылы 15 маусымда қазіргі Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келді. Оның әкесі Жәнібек 1935 жылы, анасы Зайтуна 1938 жылы қайтыс болды. Бұғанасы бекімей жатып, жетім қалған жәудіркөз өз ағайындары Байтығұл Амантаев пен Сейіт Әбдібековтың отбасында тәрбиеленді. Сөз арасында айта кетейік, Сейіт Әбдібеков кезінде осы қолыңыздағы «Қостанай таңы» газетіне басшылық еткен білікті журналист, көшелі азамат еді. Бүгіндер тоқсан жасқа иек артқан Шәкең өзіне қамқор болып, үлкен өмірге аттандырған осынау абзал ағаларын үнемі ризашылық қалыппен еске алып жүреді. Бала Шәңгерей Қостанайдағы медицина училищесіне түсіп, оны 1942 жылы бітіріп, фельдшер мамандығын алып шығады. Бұл Ұлы Отан соғысындағы ең бір қиын-қыстау кез еді. Бақайшағына дейін қаруланған неміс-фашист әскерлері кең байтақ Отанымыздың бейбіт аумағына дендеп кіріп, халықтың қайғы-қасіретін арқалаған, бірақ сонда да сағы сынбаған,
Vkleika 3
Жеңіске деген сенімі пәс тартпаған, бірақ үрей мен үміт қабаттасқан тұс еді. Дәл осы сәтте Жәнібековтің де қару алып, жауға қарсы атой салатын кезі келді. 1942 жылдың қыркүйегінде ол майданға шақырылды. 1943 жылдың мамыр айынан Бас Қолбасшының резервтегі 16 артиллериялық дивизиясы құрамында Брянск, Дала және Екінші Украин майдандарында шайқасты. Белгород, Харьков, Полтава, Кременчук, Кировоград қалаларын азат етуге қатысты, Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір қантөгісті Корсунь-Шевченко, Ясско-Кишенев операцияларының бел ортасында болды, Румыния, Венгрия, Чехословакия және Австрия аумағында неміс-фашистеріне қарсы әскери қимылдарға қатысып, талай ерлік көрсетті. Екі бірдей «Ерлігі үшін» медалін омырауға тақты. Дивизионның әскери фельдшері және комсоргы Шәңгерей Жәнібеков емдеп, қатарға қосқан жаралы жауынгерлер жүздеп, мыңдап саналатын еді-ау…
3. Бейбіт өмірде
Vkleika 4
Шәкең елге тек 1947 жылдың қазан айында оралды. Келді де Қостанай ауданы денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып, қызметке кірісті. Ал 1949 жылы қыркүйекте ол Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті әкімшілік бөлімінің нұсқаушысы болып бекітіледі. Арада екі жыл өткен соң бөлім меңгерушісінің орынбасары болады. Жоғары білім алсам деген арманмен ол 1955 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны 1958 жылы ойдағыдай бітіреді.1959 жылы Шәкең Рудный қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1963 жылы Рудный қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, Бүкілодақтық екпінді құрылыс Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінің аяғынан қаз тұрып, Одақ бойынша тау-кен өндірісінің алыбы болуына өзінің өлшеусіз үлесін қосады. Қазақстан даңқын еселеген сол Соколов-Сарыбай биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтпек. Кеншілер қаласының тұтқасын ұстаған тұста өзінің тамаша ұйымдастырушылық талантымен танылған тұлғаны сол 1963 жылдың қазан айында Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Ол бұл қызметті табаны күректей он екі жыл бойы мінсіз атқарып, тұрғындар ықыласына бөленеді.
5
Содан ол 1975 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жоғарлатылады. 1976 жылы ағамыз республикалық деңгейдегі қызметке ауысады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, бұқаралық ақпарат құралдары, спорт, шығармашылық одақтар, басқа да қоғамдық ұйымдар жұмысына басшылық жасайды. Ол осынау аса жауапты міндетті он жылдай уақыт бойы мінсіз атқарып, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Майдангер, қайраткер тұлға еңбек демалысына шыққанымен қоғамдық жұмыстардан шеттеп қалмайды. 1985 жылдан 1993 жылға дейін шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жөніндегі республикалық қоғамды («Қазақстан» қоғамы) басқарады және 1987-1990 жылдары соғыс және еңбек ардагерлері Қазақ республикалық қоғамының төрағасы міндетін де қоса атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі де болады. Шәкең талай шетелдерге, атап айтсақ, Монғолия, Алжир, Австрия, Филиппин, Ирак, Ауғанстан, Вьетнам, Иран және басқа елдерге барған Қазақстан делегациясының басшысы болды. Шәңгерей Жәнібеков өз заманының өр тұлғасы еді. Ол төрт рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды, ал 1989 жылы КСРО Халық депутаты болып сайланды. Талай партия съездерінің делегаты да болды. Туған жердің тұлғасы Шәңгерей Жәнібекұлы «Октябрь революциясы» орденімен, төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Халықтар Достығы» орденімен, тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» орденімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және басқа да көптеген марапаттармен наградталған еді. Шәкең бүгіндер Алматыда тұрады, құдай қосқан қосағы Гүлбаршын Хамитқызы – білікті ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, отбасында туып-өскен төрт баласы, олардан өрбіген немере-шөберелері ата-әженің көз қуанышы, үкілі үміті, өмір жалғасы. Майдангер аға Қазақ елінің тәуел-сіздік алып, күн сайын гүлдене түскен елге айналуында өзінің де азды-көпті үлесі барын мақтан етеді. Ұрпағын да туған елі үшін жан аямай тер төгуге, елде бейбітшілік пен келісімді сақтауға үндейді.
Сәлім МЕҢДІБАЙ
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев пен Шәңгерей Жәнібеков. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында. Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, Шәңгерей Жәнібеков, Бәйкен Әшімов жұбайымен. Семей. 1995 жыл, тамыз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓