Соғыс және еңбек ардагерінің мерейтойы

Таяуда Қ.Әбенов атындағы Мәдениет үйінде соғыс және еңбек ардагері, кезінде колхоз, совхоз құрылысын қолымен құрысқан ел ағасы Белғожа Жамансарыұлының 100 жылдығы аталып өтті.
Салтанатты рәсімге жиналғандарды аудан әкімі Ж.Таукенов ардагердің ғасырлық тойымен құттықтады. 
Б.Жамансарыұлының өмірі мен қызметі туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Уахитұлы баяндама жасады. Ал көршілес Торғайдан келген еңбек ардагері Бұқарбай Қалиев, аманкелділік еңбек ардагері Мұханбетжан Әміржанов, тыл және еңбек ардагері Ғалымжан Жүнісұлы, Мұқтар қажы Ходенұлы  Белғожа Жамансарыұлының адами қасиеттері туралы ғибратты әңгімелер айтты. Белғожа ақсақал 22 жасында 1936 жылы "Жаңа тұрмыс" колхозының алғашқы төрағасы болып жемісті еңбек еткен, соғыста фашистерге қарсы талай рет ерлік көрсеткен, сол үшін жауынгерлік Қызыл Жұлдыз және 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және 10-нан астам медальдармен марапатталған. Ол Жеңіс күнін Румынияны азат ету жолындағы күреспен қарсы алған. Соғыстан 31 жасында оралған ол зейнеткерлікке шыққанша ауданда бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Еске алушылар соғыс және еңбек ардагері Белғожа ақсақалдың азаматтық, адамгершілік, басшылық және ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі етті.
Рәсімде кешке жиналған жұртшылыққа аудан өнер шеберлері концерт қойып берді. Одан соң той иесінің рухына "Ақниет" тойханасында ас беріліп, дұға бағышталды.
Той соңы 24 шақырымдық ат бәйгесіне ұласты. Оған 13 жүйрік қатысып, бірінші келген А.Қабажаевқа,  екінші келген Б.Атамбозовқа, үшінші келген Ж.Омаровқа ақшалай сыйлық тапсырылды. 
Салтанатты рәсім соңында Б.Жамансарыұлының ұрпақтары атынан баласы, еңбек ардагері Айтбай Шүкенов барша қауымға алғыс айтып, бәйге жеңімпаздарына сыйлықтар тапсырды.
Хамитбек
        МҰСАБАЕВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓