Құсмұрында жаңа мешіт

Бүгін қасиетті жұма күні Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында жаңадан бой көтерген мешіттің ашылу салтанаты болды. Жалпы, бұл елді мекенде 2006 жылы Алла үйі салынған еді. Бірақ құлшылық етушілердің қатары көбейгеніне байланысты өңірдегі ақсақалдардың өтінішімен және облыстағы дін қызметкерлерінің бастамасымен ғибадат үйін кең етіп қайта салу мәселесі көтерілді.
2019 жылы іргетасы қаланған «Әл-Хақ» мешіті өткен жылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы құрылғанының 30 жылдығына орай құрылысы аяқталып еді. Алайда елдегі карантиндік шектеулерге байланысты жаңа ғибадат ордасы жабық жатты.
Жаңа мешітке 300 адам сияды. Әкімшілік ғимараты мен дәрет алатын орын құлшылық залынан бөлек орналасқан.
Өңірімізге арнайы келген меймандар, дін қызметкерлері мен ауыл халқы алдында алдымен Құран оқылып, мешіттің лентасы қиылды. Жамағат сапқа тұрып, жұма намазын оқыды.
 
Бір қуантарлығы, дәл осы жұма намазынан кейін ұлты орыс Евгений есімді жігіт ислам дінін қабылдағанын айтып, елден сүйінші сұрады. Евгений көпшіліктің көзінше иман келтіріп, есімінің Иса болатынын хабарлады.
Бұл күн мұсылман баласының ең қасиетті күні. Алла тағаланың адамзатты түнектен шығару жолында бағдар көрсету үшін жіберген Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген күніне орай облыс көлемінде Мәуліт мерекесі аталып өтілді.
Игі шара қасиетті Құран Кәрімнен Мәуліт қасидасын оқумен, пайғамбарымызға салауат айтумен басталды. Нұр-Мүбарак университетінен арнайы келген Амангелді Тілекқабыл ұстаз қасиданың батасын беріп, барша жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Ал алаштың айтулы ақыны Дидар Қами барша ағайынға арнауын арнады.
Облысымыздың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет құттықтау сөзінен кейін «Әл-Хақ» мешітінің құрылысына белсенді атсалысқан жомарт жандарды арнайы марапатталады.
Ал Қазақстан мұсымандары Діни басқармасының Қостанай облысы бойынша «Зекет және қайрымдылық қорының» директоры Бақытжан қажы Икрам «Ел үлесі – пәтерге» акциясы бойынша 468-ші пәтерді Құсмұрын ауылының тұрғыны Балташ Дәуренбековаға табыстады. Бұдан бөлек, мұқтаж 30 отбасыға қайырымдылық дорбаларын таратты.
Бұл күні Құсмұрын ауылының кіреберісінде облыс көлеміндегі жаппай көкпар ұйымдастырылды.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓