Арманға биік қол созған…
2020 жылға дейін белгіленген мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасы облыстың шалғай өңірлерінде де лайықты жалғасын тауып жатыр. Бұл сөзімізге Жанкелдин ауданындағы іргелі істер дәлел. Мәселен, осыған дейін Көкалат, Қызбел, Ақшығанақ, Ақкөл, Қарасу, Тәуіш тәрізді он бір ауылдың тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізілген-тұғын. Шарапаты мол шаруаны енді өңірдің өзге елдімекендері де асыға күтіп жүр.
Аудан орталығының іргесіндегі Шеген ауылының тұрғындары өзгелердей ауыз суға аса мұқтаж емес. Жергілікті тұрғындар күнделікті асқа тұтынатын суды құдықтан тасып ішеді. Алайда, олар да жұрт сияқты орталықтандырылған құбыр арқылы судың үйді-үйге кіргізілгенін қалайды.
«Ақбұлақ» бағдарламасы Жанкелдин ауданында да кезең-кезеңмен жүзеге асып жатқандықтан барлық ауылды бірден «жарылқап тастау» әсте мүмкін емес. Сондықтан, бұдан қиынына шыдаған халықтың сәл күте тұруларына тура келеді. Өткен жылы Аманкелді селолық округінің әкімі Жарқын Сабыржанмен сұхбаттасқанда Шеген ауылына орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту жұмыстары 2018 жылға белгіленіп отыр дегенді айтқан еді.
-Негізі, ауыл бойынша үш құдық бар. Бірақ, жұрттың бәрінің күні осы үш құдыққа қарап отырған соң суы тез таусылып, түбі лайланып кетеді. Әйтпесе, ішіп отырған суымыз тұщы,-дейді Шеген ауылының тұрғыны Мырзатай Мұқатов.Сондықтан ішуге болмаса, басқалай қажеттіліктерге бұдан су ала бермейді. Тұрғындарды тұрмыстық тығырықтан өз ауылдастары құтқарды.
Істің көзін тапқан ауыл тұрғыны Қайрат Кенжеғұлов өз тракторымен ауылға жақын орналасқан өзен-көлдерден су тасып беріп, тұрғындардың батасына кенеліп жүр. Үш тонналық бөшке тіркеп алып таң елең-алаңнан жұмысқа кірісетін ол күн ұзаққа су тасиды. Өзен суы ішуге жарамсыз болғанмен, кір жууға, бақша суаруға жарайды.
-«Су – тіршілік нәрі» – деп халқымыз теген айтпаған ғой, ел іші болған соң суға деген қажеттілік болмай тұрмайды. Сондықтан, ойласа келе осы бір жауапты жұмысты қолға алуыма тура келді. Бәрібір мен болмасам, өзге біреу істейді емес пе. Бұдан зиян шегіп отырғаным жоқ. Қайта тракторымның соляркасы мен қосалқы бөлшектерінен қалған ақшаны отбасымның қажеттілігіне жұмсаймын. Халыққа да аз-мұз пайдам тиеді. Осыны медет тұтамын,-дейді Қайрат Нағышыбайұлы.
Оның сыртында Қақаң жұмыссыздықты жоюға қатысты бағдарлама есебінен селолық округтің кеңсесіне, мектеп ауласындағы ағаштарға, гүлдерге су құяды.
Рас, ескі трактормен бес – он шақырымнан су тасу бәлендей табыс әкелетін жұмыс емес. Алайда, жоқтан жақсы. Жұрт соның арқасында оны-мұны шаруаларын атқара қояды. Әрі Қайрат өз қызметін қымбатқа пұлдамайды. Мәселен, бір тонна су құйып берсе, 2000 мың теңге алады. Қазір ел ішінде қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Тұрақты жұмысы жоқтар мал өсіреді. Өз шаруалары өзінде. Жұмыс істейтіндер жалақысын уақытылы алады. Сондықтан шығар, тоқсаныншы жылдардың ортасында басталған дүрбелең қазір басылған. Елден үдере көшу сап тиылды.
-Бұрынғыдай емес, тұрмыс түзелді . Ел ептесіп-септесіп, өз күнін өздері көріп отыр. Олай етпесе тағы болмайды. Осы Қайрат сияқты азаматтардың арқасы емес пе, жұрт баяғыдай су іздеп, алысқа сабылмайды. Шөп түсіру мәселесі де осылай шешіледі. Бір сөзбен айтқанда ауылдың тірлігіне көпе-көрнеу кінә таға алмайсың,-деп ағынан жарылды біз сөйлескен ауыл ақсақалы Темірғали Аяпбергенов.
Иә, алыстағы ауылдың тұрғындары атқарушы билікке «аспандағы айды әпер» демейді. Тек, уақыт талабына сай ұсынылған мемлекет қамқорлығына мерзімінде қол жеткізсек деген арман-мақсаттары бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жанкелдин ауданында ондаған елдімекен «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Бұған қазынадан бір жарым млрд.теңге қаржы жұмсалған. Соңғы үш жылдың өзінде бес бірдей елдімекенге су құбыры тартылды. Бүгінде үш жылдық тағы бір жоба қолға алыныпты. Осындай қарқынмен жұмыс істелсе, онда таяудағы жылдары шалғай аудандағы барлық елдімекендер ауыз суға қарық болмақ.
-Егер 2017 жылға дейін республикалық бюджет ақша бөлсе, онда бүкіл ауылдарды ауыз су азабынан құтқарар едік. Әзірге аудан тұрғындарының 76%-ы сапалы су ішіп отыр,-дейді Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин.
Айбек КӘДІРҰЛЫ