«Жер-Ананың да жаны бар»

Облысымыздың  білікті  агрономдарының  бірі Марат  Мағажановты  көптен  білемін.  Қарабалық ауыл  шаруашылық  тәжірибе  станциясында  кіші ғылыми қызметкерден сол беделді ұжым басшыларының біріне дейін өсті, аудандық партия комитетінде ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, кейін аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары да болды.
Жақында ағамыз редакцияға арнайы келіп, әңгіме-дүкен құрған едік. Орайлы сәтті пайдаланып, тосыннан бір сауал қойғаным бар:
– Мәке, агроном ретінде жермен, шенеунік ретінде адамдармен жұмыс істедіңіз, қайсысы жеңіл, қайсысы ауыр еді?..
– Сұрақты түсіндім. Жердің жаны жоқ, ал адамдар болса, әрқайсының өзіндік ойы, түсінік-түйсігі, мінез-құлқы, қабілет-машығы бар деген ой жатыр ғой сауал астарында. Бірақ біз Аллатағала адамды топырақтан жаратқанын ұмытпайық. Біз мына күн сайын басып жүрген қара жерді неге Анаға теңейміз. Ойланып көрейікші. Өйткені ол барлық тіршіліктің бастауы. Ана бір жылдары қалада тұратын неміс досымның саяжайында болғаным есімнен кетпейді. Алақандай жерде жеміс-жидектің, көкөністің неше түрі өсіп тұр. Алма да, алмұрт та, жүзім де, қарақат та, өрік те, көздің жауын алар гүлдің де алуан түрі бар, жұмақ осында дерсің.
Алтын күзде әлгі досым өнімін жинауға, тіпті, көрші-көлемдерін де ала келетін. Саяжай десе, саяжай, жаның рахатқа батады. Жер-Ананың жомарт дастарқанын жайғанына риза боласың.
Ал, сол досым өзінің тарихи Отаны – Германияға қоныс аударғанда саяжайы да күтімсіз қалып еді. Соған бір айналып соққанда жүрегім сыздап қоя берді. Баяғы берекелі де мәуелі бақтың ізі де жоқ. Жеміс ағаштары солған, жерді қап-қалың қурай басқан, ағаш басында бір-екі  алма бүрісіп тұр…
Мен мұны неге айтып тұрмын.  Жерге де, адамға да күтім, аялы алақан керек, жердің де, адамның да бабын табу, жағдай жасау керек. Агроном – жер тамыршысы болса, билік басындағылар, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер адамның қамқоршысы болуы керек.
Мен оны ешқашан ұмытқан емеспін…
*   *   *
Мәкеңнің сөзі көп ойға жетеледі.
Сәлім
     МЕҢДІБАЙ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓