Қысқа әзірлік жоспардағыдай
Өңірімізде екі аптаның ішінде жылу беру басталады. Биылғы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Аймағымыздың барлық 102 жылыту қазандығы мен 741 автономды жылыту жүйесі сақадай сай. Тек астық жинау науқанына байланысты электр құрылғыларының жөндеу жұмыстары ғана кешеуілдеп тұр.
Осы және қысқы маусымның әзірлігіне қатысты өзге де дайындықтар жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Исенбаев мәлімдеді.
– 20 шақырым жылу және 115 шақырым су құбыры-канализациялық желілері жөнделді. Өңірдің барлық білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік нысандары мен 2643 көп қабатты тұрғын үйі толық әзір. Гидравликалық сынақтар кезінде жарылған жылу құбырларындағы ақаулар қалпына келтірілді. Тек Қостанайдың Алтынсарин көшесіндегі жөндеу осы аптаның соңғы жұмыс күніне дейін аяқталады. «Жылу жүйелері» талабына сәйкес, сырттағы ауа температурасы үш тәулік бойы +10°С көрсетсе, жылу беріледі. Ал қазіргі орташа температура +13°С, – деді А.Исенбаев.
Облыс әкімі жылыту маусымы барлық аудан-қалалардың басшыларының назарында болсын деді. Қазір өңірде биылғы қысқа 485,4 мың тонна көмір жағылады деп жоспарланса, оның 443 мың тоннасы көмір әкелінген. Ал 63,7 мың тонна көмір халыққа сатылмақ. Архимед Мұхамбетов қалған тасымалдау жұмыстарын кешеуілдетпеуді тапсырды.
– Әсіресе, шалғай аудандарға көмір-отынның уақытылы әрі жеткілікті мөлшерде жеткізілуін назарда ұстаңыздар. Отынның сапасын тексеріп, жіті мән беріңіздер. Тағы бір мәселе, тұрғындардың жылу-энергетикалық мекемеге өткен жылдан қалған берешегі әлі бар. Қарызды қайтару жұмыстарын тездету керек, – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, облыс орталығында жылуға қарыз 394 млн теңгеден асады, бұл көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда, 30 млн-ға жуық теңгеге артқан. Жітіқара мен Лисаковтың әрқайсысында берешек 39 млн-нан асса, Әулиекөл ауданы тұрғындары 2,7, ал Таран ауданы 3,5 млн теңге қарыз болып отыр.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ