Мұғалімдердің кәсіби мерекесі басқа күнге ауысты
Қазақстанда мұғалімдердің кәсіби мерекесі атап өтілетін күн бекітілді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет қабылдаған қаулы бойынша, бұдан былай Мұғалімдер күні 5 қазанда атап өтіледі.
"Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді", – делінген Үкімет сайтында. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі", – делінген хабарламада.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.