Бауыржан Тебеев: «Бұл – үлкен өзгерістің басы»

Жаңа Қазақстан құру үшін істің барлығын жаңа Конституциядан бастағанымыз дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қадамға баруы ең алдымен заманның талабы, халықтың таңдауы, ұлттың болашағы, мемлекет дамуының кепілі. Президент сол себепті барлық  өзгерісті өзінен бастап отыр. Оның үстіне, бұрынғы президенттің айналасы мен туыстарының қаншалықты қиындыққа тап қылғаны, осы мәселені түбегейлі өзгертейін деген ойы болса керек, қазіргі мемлекет басшысы Ата Заңда жақын-жуықтарына қызметтерді үлестіріп беруге тыйым салуды бастамақшы. Ең маңызды өзгеріс – партиядан шығу. Мемлекетті тұтас дамыту үшін президент немесе жоғары лауазымды тұлғаларға саяси ұйымдардың мүшесі болу аса үлкен кедергі болары анық.
Республикалық референдумнан кейін қандай жаңашылдықтар болмақ? Халық жылдар бойы күткен сан сауалына жауап алып, қордаланған түйткілдердің түйіні қалай шешілмек? Жалпы, ел тұрғындары Қазақстан Республикасының Ата Заңындағы өзгерістер мен толықтыруларды қабылдай ма? Осы және өзге де мәселелер жөнінде облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Тебеев айтып берді.
– Бауыржан Айдаболұлы, байқадық, Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында, одан кейін референдум өткізу туралы Жарлығында түбегейлі өзгеріс жайында баса айтты. Референдум, сіздің ойыңызша, осы бір саяси науқаннан қандай жаңашылдық күтесіз?
– Конституциялық реформа Президенттің 2019 жылы бастаған бүкіл саяси реформасының қисынды жалғасы. Өз басым ғана емес, халық ең алдымен жүйенің жаңарғанын күтіп отыр. Біздің дамуымызға кереғар келетін барлық кедергі жойылады. Ел менікі, жер менікі, кейінгі ұрпағымыздікі деп батыл айта алатын күн туады. Сол арқылы өзіңе тиесілі сол жеріңді толық пайдалана алатын кез келеді. Отбасы, оқу, денсаулық, жұмыс, демалысың үшін алаңдамайтын болуың керек. Бірақ референдум өтсе, бірден бәрі жақсарып кетедісен жұмыс істемейтін боласың, шетелдіктер сырттан келіп еңбек етеді, өзің соның арқасында шалқып өмір сүресің деген сөз емес. Біздің барлығымыз Жаңа Қазақстан құру жолында жан-тәнімізбен аянбай тер төгуіміз керек.   
– Президент ешбір партияда болмайтынын кесіп айтты және сол ойын орындады. Мүшелігінен президент кетсе, саяси ұйымның беделі азайып, мәртебесі төмендеп кетпей ме деген сұрақ туындайды.
– Кез келген демократиялық қоғамда қай партия халықтың ойындағыны сөйлеп, соны орындай алса – сенімді әрі жетекші ұйым болып қала береді. Ол партия тек өзіне жүктелген уақыт ішінде ғана белсенді жұмыс істемейді, атқарушы билік немесе депутаттық сайлауға түсерге дейін де, одан кейін де өзінің негізгі функциясын жалғастыра түседі. Негізінен бұл көбіне демократиялық бағыттағы партияларға тән. Жасыратыны жоқ, біздің елде бір партиялық режим әбден қалыптасып қалған. Референдумда ел нақты дұрыс таңдауын жасайтын болса, бір-бірімен тең дәрежеде бәсекелес бірнеше саяси ұйым өмірге келетініне сенімдімін. Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекет ішінде де, сырт елдерде де, соның ішінде халықаралық ұйымдарда көп жыл еңбек еткен саясаткер. Сол себепті, ол кісі бір партия мүшесі болу билік өкілінің азаматтық ұстанымына айтарлықтай шегеріс әкелетінін жақсы түсініп отыр. Бұл тек президент емес, жоғары лауазымды тұлғаларға, әкімдерге де қатысты дүние. Сондықтан атқарушы билік халық алдында өзіне жүктелген жауапкершілігімен, ал партиялар өзіндік ұстанымымен жұмыс істегені дұрыс. Бұдан болып партиялардың бәсекелестігі артпаса, төмендемейді. Олардың тәуелсіз деген мәртебесі де көтеріле түспей ме. Ал дербес партияның беделі төмендейді дегенге сенбеймін.
Шындығын айтайық, Қазақстан адам құқығын қорғайтын мемлекеттер арасында көш басында емес. Егер біз Жаңа Қазақстан құрамыз десек, алдымен азаматтардың бостандығы, еркіндігі мен қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек қой.
Бір ғана мысал, қасіретті қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін көптеген адам ұсталды. Олардың қандай кінәсі барын анықтауды тек құқық қорғау органдары анықтаған жоқ. Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық әрі демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару едәуір азайды. Ендігі жерде біздің елде омбудсмен туралы арнайы заң қабылданбақшы. Басқа мемлекеттерде, соның ішінде Еуропа және АҚШ-та адам құқықтары жөніндегі уәкілдер туралы заң бар ма, жоқ па, білмеймін, бірақ Қазақстан осыған аса мән беріп отыр. Яғни, кез келген азаматтың құқы заңмен де, омбудсмен тарапынан да ерекше қорғалмақшы. Мен осы жайтты айтып отырғанымның себебі, біздің ел неғұрлым демократиялық даму жағына бет алғанын ерекше атап өту керек.
– Өзіңіз сайланған мәслихатқа келсек. Президент өз Жолдауында азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн, мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алатынын айтты. Алда Ата Заңға өзгеріс енгізілсе, жергілікті мәслихат құзыры да кеңейе түседі ғой?
– Жасыратыны жоқ, мәслихат жұмысы көзге көрінбейтін процесс. Біздегі әріптестеріміз партиялардың тізімімен келдік. Ал ертеңгі күні депутат та дербес шешім қабылдай алатын, кез келген мәселеге араласа алатын деңгейге жету керек. Сонда ғана халық алдында істеген жұмысына, жасаған өзгерісіне есеп беретін үдеріс қалыптасатын болады. Бұл да Конституциямыздағы маңызды қадамдардың жемісі болмақ. Бірақ бұл мәслихат осыған дейін жұмыс істемей келді деген сөз емес. Қазіргі таңда біздің өз жоспарымыз, өз кестеміз бар. Облысымыздағы бюджет қаражатының бағытты жұмсалуы, қай салада қандай мәселе бар, соны көрсету, оның шешілу жолдары, билік тарапынан келген ұсыныстарды мақұлдау немесе кері қайтару қатарлы жұмыс шаш етектен. Ал Мемлекет басшысы мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санайды. Айталық, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындар кезде мәслихаттың мақұлдауын ескереді. Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды. Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңашылдықтың бірі осы деп ойлаймын.
Сол секілді, Мәжілістің де құзыры арта түседі. Онда бұрынғыдай Сенаттың мақұлдауына жібермей-ақ, заңды дербес қабылдау құзыреті берілгелі отыр. Ең бастысы, қай заң қабылданса да, халықтың көзқарасы мен талабы міндетті түрде ескеріледі. Оның үстіне, Конституциялық Кеңес бұдан былай Конституциялық Сот болып өзгертілмекші. Бұл жерде кез келген келіспейтін мәселеңіз осы құрылым арқылы шешілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы нақты іске кірісетін кез енді келгелі отыр.
– Ата Заңдағы баптардың үштен біріне өзгертулер енгізілмекші. Жалпы, өздеріңіз сайланған мәслихат тарапынан Парламентке, Үкіметке қандай да бір ұсыныс жасадыңыздар ма?
– Биылғы ақпан айында облыстық, аудан-қалалық мәслихаттардың депуттары жұмыс топтарын құрып, Парламентке онға жуық ұсыныс бердік. Соның ішінде пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлау туралы ұсыныс бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Сонымен қатар, әкімдерді сайлауға қатысты ұсыныстар жолдадық. Депутаттардың есеп беруі назардан тыс қалған жоқ. Бұрын аудан-қалалардың мәслихаттары белгілі уақытта есеп беріп келген болса, бұдан былай облыстық мәслихат депутаттары да халық алдында атқарған жұмыстарымызды сараптайтын болдық. Яғни, әкімдер өз алдына, ал халық қалаулылары бір бөлек есеп береміз.   
– Сіздер осы саяси науқан жайында ел арасында үгіт-насихат шараларын жүргіздіңіздер. Жалпы, халықтың референдум туралы пікірі қандай? Ел зор өзгеріс болады дегенге қаншалықты сенімді?
– Тағы да қайталап айтайын, Конституцияға өзгеріс енгізуді Президент те, Үкімет немесе Парламент ойлап тауып отырған жоқ, ол халықтың талабымен жүзеге асырылайын деп отыр. Әрине, бұл науқанға бәрінің пікірі бірдей деп айта алмаймын. Әр адамның ұстанымы да әр түрлі. Рас, сенуден қалған азаматтарымыз бар. Олар өзгерістің болатынын күтпейміз дейді. Оған жылдар бойғы жүйенің өзгермеуі мен кейінгі уақытта елімізде болған саяси оқиғалар себеп. Олар қаншама проблемалардың шешілмей келгеніне наразы. Бірақ өзіміз кездескен тұрғындардың басым көпшілігі референдумның өтуін қолдап отыр. Әсіресе жастар өзгерістің болатынын күтеді. Мынаның пікірі дұрыс, мынынікі қате деуден аулақпын. Неғұрлым ой-пікір қалыптасқан қоғамда өзгеріс те, шынайы демократия болатыны анық. Ал үнсіз көне беретін елде өзгеріс қайдан болады? Сондықтан, ең алдымен халқымыз жаңашылдықтан үмітті болса, екіншіден, сол халыққа адал әрі әділ қызмет ететін азаматтарымыз болса ғана – дамудың даңғыл жолына бастаймыз деген сенімім зор.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
           
            Сұқбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
            Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓