Жылдан жылға көбейіп келеді
Мен бұл газеттің ескі оқырмандарының бірімін, "Большевиктік жол" болып шыққан кездерін де білемін, ол сонау 1960 жылдардың басы болатын, ол кезде газетке деген жұрттың ықыласы басқаша еді. Есімде қалғаны оның нөмірлері қазіргідей қалай болса солай әр жерде жатпайтын-ды, әр үйдің төрінде, оның топталған жи- нағы қабырғадағы кілемнің тұсында ілініп тұрушы еді. Ол сол кездегі газет беделінің бір айғағы деп білемін. Онан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, заман ағымына сай оның атауы да бірнеше рет өзгеріске ұшырады, бірақ сол ақпараттық кеңістікте әлі де болса ел мүддесіне, қазақ болмысына үнемі қызмет етіп келеді. Кезінде газет тиражының аздығына байланысты болған қиындықтар маған белгілі. Оның басы-қасында болдым, әр уақытта қол ұшын беруге тырыстым. Бұл менің ғана позициям емес, ол кезде жауапты қызметтегілердің бәрі оған өз үлестерін қосты. Бүгінгі газет таралымын ол кезбен салыстыруға болмайды. Өзім тұратын Қостанай ауданында оған сұраныс жылдан жылға көбеюде, қазірдің өзінде келесі жылға жазылушылар саны өсті, жазылу қарқыны жаман емес, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ильминская Вера Яковлевна бұл мәселеге саяси астар беріп, түсіністікпен қарайды. Газетке осындай жанашырлар бізге әлі де болса ауадай қажет.
Мырзағали Құрманов,
зейнеткер.
Қостанай ауданы.