Қостанайдың ақ таңы

("Қостанай таңы" газетіне)
Тас жармаса, бас жарғаноспанов серикбай
Кім-кім де сөзден жасқанған.
Біреу ойлап тапқан жоқ,
Түспеген әрі ол аспаннан.
Қазанында елдің қайнап сөз,
Пісіп-өне бастаған.
Небір ділмәр шешендер
Шығарған сосын аспаннан.
 
Тіл– бақытым, бағымсың,
Ар-ожданым, жанымсың.
Достарыма мейірімсің,
Дұшпаныма от-жалынсың.
 
Халықтың сөзін сөйлейтін,
Асқандарға қой дейтін,
Сасқандарға жол сілтеп,
Өршелене өрлейтін,
Жалқауға маза бермейтін,
Қыңырға қылыш сермейтін,
Ақыл, нақыл, танымсың,
Сонау бала шағымсың.
Бүгінгі сенде келбетім,
Тарихымсың,
Тағымсың!
Талантты елге танытқан
Тамылжып атқан таңымсың!"
 
Ұзаққа шауып, ұшқаның –
Дұрыс бағыт ұстадың.
Жас талаптың қаламын
Мұқалмас қып ұштадың.
Жеміссіз өтіп көрген жоқ
Көктемің, күзің, қыс, жазың.
 
Кедей деп, бай деп бөлмедің,
Кеңге құлаш сермедің.
Төгілтіп жазып ел жайын,
Төрелік еттің, төрледің.
Береке, бірлік белесін
Жүзіңнен сенің көрді елің.
 
Қорғансызға қорғансың,
Ойлысың- қалың ормансың.
Ұлы ісін ұлттың ұлықтап,
Жоқшысы елдің болғансың.
 
Әлі де болып келесің,
Ақыл-кеңес бересің.
Адамдық жайлы ой қозғап,
Адалдық дәнін себесің.
 
Дарын да болып сөйлейсің,
Ғалым да болып сөйлейсің.
Малшы, дихан, инженер
Жанында болып сөйлейсің.
 
Салып бәрін сен еске,
Шақырасың кеңеске.
Қол үзген жан өзіңнен
Бұлақсыз қалғаны емес пе?
Қараңғыда, қапаста,
Шырақсыз қалғаны емес пе?!
Беттеріңнен өзіңнің
Іздегенім табылсын.
Ізгілік, ізет көрініп,
Білімнің оты жағылсын.
 
Бейімбеттей атадан
Қалған бір өшпес армансың.
"Ауылдан" бастау алғансың.
Қиын-қыстау күндерде
Халыққа ұран салғансың.
Намысын жанып ерлердің,
Шоқ болып маздап
жанғансың.
Қазақтың әдет-ғұрыпын
Қаламмен қорғап қалғансың!
Қасиетің, қаһарман,
Кейінгіге жалғансын!
 
Жалауы боп ұлтымның,
Ел деп, жер деп бұлқындың.
Айнасысың елімнің,
Жұлынысың жұртымның.
Айналдың қазір данаға,
Айналдың қазір ағаға
Ауылдардан көрейік
Қалаларды арала!
 
Жаңалығың жағымды,
Қуантасың әділді.
Сен асыға күтетін
Қонағымсың қадірлі!
 
Біреу сені аға дер,
Біреу сені дана дер.
Баға берсін ел саған,
Еліңе сен  баға бер.
 
Біреу сені ата дер.
Ата десе, бата бер,
Қостанайдың ақ таңы
Болып мәңгі ата бер!
Серікбай Оспанұлы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓