Тоғызақовтың сатирасын зерттеген едім
1968 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітірерде дипломымды көркемсөз майталманы Зейнолла Қабдоловтың публицистикасынан қорғауды армандағанмын. Өйткені, Жанкелдин аудандық "Жаңа өмір" /Қазіргі "Біздің Торғай"/ газетінің редакциясында үш жыл қызмет істегенімде жаныма жақын осы жанрға көбірек қалам тартатынмын. Бірақ, ғылым кандидаты, ұстазым Темірбек Қожакеев өз тобына қосып, "Қасым Тоғызақовтың сатирасы" тақырыбын ұсынды да, болмысы бөлек жанрдың сырына қанығуға бет бұрдым.
Шыны керек, дипломға отырарда қатты толқыдым. Себебі, ол кезде "Қожакеевтен өткенің – университетті бітіргенің" деушілер кездескен-ді. Талабы күшті. Мысқылдайтыны және бар.
Бұлтаруға амалым қалмады. Әуелі Тоғызақовтың үйіне бардым. Шағын денелі, қағылез, ашық кісі. Ежелгі танысындай әңгімелесті. 1929 жылы Қостанайдың "Ауыл" газетінде "Жедел қарт" сатиралық мүйісін ашып, оны өзі жүргізген. "Жедел қарттың" жолға шығатыны хабарланса, аудан басшылары етек-жеңін қымтап, "Қай жерімізден мін табар екен" деп кәдімгідей абыржыған.
Қасекең "Күндердің күні кәдеге жарар" деген ниетпен Ленинград қаласына сапар шегіп, онда мұрағаттан баяғы "Ауыл" газетінің "Жедел қарт" сатиралық мүйісі жарияланған сандарын көшіртіп алған. Кетерде "Диплом жұмысыңа пайдаланғасын қайтарарсың" деп ескертті де.
Оңашада асықпай оқысам, мақалалар бірыңғай сынға құрылған. Әсіресе, өнерде тасы өрге домалағандарды аяқтан шалу, дөкейдің алдында құрдай жорғалау, жағымпаздықпен өресі жетпейтін қызметке таласу сияқты келеңсіз жайлар шенелген.
Арасында Қасекең сыр тиегін ағытып қояды. Сөйтсе, майданға аттанарда опера және балет театры әдеби бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарған тұста В.Маяковскийден аударған "В.И.Ленин" поэмасының қолжазбасын атақты әнші Күләш Байсейітованың үстеліне жасырған. Елге оралса, көлденең біреу иемденіп үлгіріпті. Ақыры Байсейітованың араласуымен аударма өз атына көшкен.
Дипломымның алғашқы тарауын Темкеңе өткіздім. Келесі күні түзету енгізілмеген күйі өзіме тапсырды. Сонымен қатар, "Алматының салқын сырасына тойдың ба? Қалғанын қашан әкелесің?" деп қағытты. Жайшылыққа лекциясында масаның ызыңы естілмейтін адамға не дерсің, үн қатпадым.
Обалы нешік, өзге тарауларға да қаламының ұшын тигізбепті.
Былайша көңіл тоқ. Сонда да диплом қорғайтын күн тақаған сайын ұйқым сан бөлінеді. Белгіленген аудиторияға кірсем, төрде мүйізі қарағайдай ғалымдар. Кенет жетекшім Қожакеев мінбеге көтеріліп, "Қасым Тоғызақовтың сатирасы" атты мақалам басылған Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" газетін желбірете ұстап тұрып, сатиралық шығармаларын талмай іздегенімді, кейіпкеріммен сұхбат құрғанымды баяндай келіп, "Студенттің еңбегі жоғары бағалауға лайықты" деп бір-ақ тоқтады. Рецензентім, жас ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің пікірі де жетекшімнің сөзімен үндесті. Тіпті, "Алдағы уақытта еңбегіңнің ауқымын кеңейтіп, толыққанды диссертация қорғауға болады" десті кейбір оқытушылар.
Сыртта сыйлас достарым құшағына орады. Ал, мен болсам, "Марқасқаларға ұнадым ба, әлде…" деп дел-салмын.
Қайыра ішке енген бетте жұмысыма "бес" қойылғанын естіп, қуаныштан көзіме жас үйірілді.
Кейін көпшіліктің ұйғарымын есіме салып, Темкең "Қалайда жұмысыңды диссертация дәрежесіне жеткізгенің жөн" дегенде "Елді сағындым" деп қашқалақтадым.
Алматы жоғары партия мектебінде айлық курстың дәрісін тыңдаған күндерімде Темкең көшеде жүздесіп, "Сенен төмендер менен тақырып алып, диссертациясын ойдағыдай қорғады. Ойланбайсың ба?" деп қызықтырды. Бұл жолы да отбасы жағдайын сыл- тауратып, сөзін қоштай қоймадым.
Әйтсе де курстастарым, бүгінде есімі республика жұртшылығына мәлім қаламгерлер Кемелбек Шаматаев пен Серікбай Оспанұлы Торғайдың азаматтарын ұшыратса, дипломыма білікті ғалымдардың пейілі ауғанын келістіріп айтатын көрінеді.
Жастық шақтың қызықтары са-ғымға айналғалы болашағымнан үлкен үміт күткен шоғырды сағынамын.
Күшпен қозғамаса, қай нәрсе де ұмытылады. Белгілі ақын, сатирик, аудармашы Қасым Тоғызақов жайлы да осыны айтар едік. Олай дейтініміз, әр қырынан танылған жазушы туралы ештеңе ойламаппыз. Егер қазақ әде-биетінің тарихын безбендесек, Қасекеңнің еңбегі де орасан: өлеңмен өрілген "Сібір Омар" романын оқырман қауым жылы қабылдаған. "Қозы Көрпеш–Баян сұлу" операсына сай либретто жазған. Бұған қоса, М.Лермонтовтың, А.Пушкиннің, Н.Некрасовтың, Н.Гогольдің, А.Чеховтың, А.Твардовскийдің шығармаларын қазақша әдемі сөйлеткен.
Ұлы жырау Жамбылдың ойда-жоқта көмейінен төгілген шумақтарын іле қағаз бетіне түсіріп, әдеби өңдеген, мазмұны бұзылмаған қалпында орысшаға тәржімелеген. Сондай-ақ, әдеби хатшысы тұрғысында қарт ақынмен қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан. Сондықтан самарқаулығымыздың орнын толтыру мақсатында мәдениет орындарында, мұражайларда, кітапханаларда, оқу орындарында, мектептерде кештер ұйымдастырып, Меңдіқара ауданында туған, ұлттық әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосқан, туған халқын көршілес елдердің төл туындыларымен сусындатқан Қасым Тоғызақовтың рухын асқақтатайық, ағайын.
Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ.