Қариялар азайып бара жатыр…
Қолыма еріксіз қалам ұстатып отырған мына бір жай болатын. Сабақтан келе сала Қазақ радиосын тыңдайтын күнделікті әдетім бойынша бұл жолы да радионы қосқан болатынмын.
Гүлназ Шалабайқызының "Қарттар үйіндегі қариялар туралы" хабары беріліп жатыр екен. Бұл бағдарламаны тыңдаған соң ауыр ойдың тұңғиығына баттым. Өз-өзіме "заман азды ма, әлде адам азды ма?" деп сұрақ қоя бердім. Есіме:
"Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнеки жағада тұр…" – деген жыр шумақтары келіп, өз ойымды қағазға түсірдім.
2008 жылы қарттар үйінде тұрып жатқан қариялар саны 12 мың болса, ол бүгінгі таңда одан 3 есе артқаны кісіні ойландырмай қалмас. Қалай ғана жүрегің ауырмасын?
Жанарында сағыныштың сазы ескен, көкірегі қайғылы, көңілі пәс қариялардың бүгінгі таңда күн санап саны көбейіп келе жатқаны адам жүрегін ауыртпай қалмасы анық. Біз өмір сүріп отырған қоғам дамыған, өркениетті қоғам деп кеуде керіп, дандайсып та алатынымыз өтірік емес.
Қауырсыннан да қадырсыз болған даналар қарттар үйінде жатса да "іштен шыққан шұбар жыланым" дегендей зейнетақысын балалары мен немерелеріне дайындап отыратыны белгілі. Қариялар есік сықыр етіп ашыла қалса "балам келіп қалды ма" дегендей жалтақ-жалтақ қарап, тірі жетімнің күйін кешіп жатқандар қатары молайып бара жатқанын айтамыз-ау, айта тұра он баланы асыраған бір әкені он бала баға алмайтын заманға налимыз ба, әлде жетесіз ұрпаққа өкпелейік пе?
Тынысбек Рысхан.
Арқалық қаласы.