Мамандығы – мақтанышы

9 қазан – Дүниежүзілік почта күні. Жырақты жақындатып, халыққа хат тасып, хабар жеткізетін мамандық иелері қашаннан-ақ сұранысқа ие. Әсіресе, қысы-жазы дамыл көрмей, мекенжайларды аралап күн өткізетін почташылардың еңбегі елеуге тұрарлық.
17 жыл бойы почташы болып еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Әсел Ғауыс. Ол қазіргі таңда Алтынсарин ауданында қызмет істейді. Тұрғындарға жан-жақтан жолданған хаттар,  сәлемдемелер, газет-журналдар осы кісінің қолынан өтеді. Жұмысы тынымсыздау болса да өзі қалаған мамандыққа ешқашан шағым айтып көрмеген.
«2005 жылдан бері сол ауданда почташы болып жұмыс істеп келемін. Үйді-үйге, мекеме-ұйымдарға сәлемдеме тарату жұмысым емес, парызыма айналып кеткендей. Докучаев, Қарғалы елді мекендеріне қызмет көрсетеу менің мойнымда. Зейнетақы беру де міндетіме кіреді. Қызметіміз басшылық тарапынан еленіп-ескеріліп отырады. Сыйақы түрінде үнемі қолдау-демеу көрсетіледі. Өз мамандығыма разымын», -дейді Әсел.
Енді «Қазпочтаның» орталық аппараты оны облыс атынан республикалық марапатқа ұсынып отыр. Елордада өтетін салтанатты іс-шараға қатысу үшін бүгін жолға шықпақ.
Айта кету керек, почта қызметкерлері пандемия кезінде ерекше белсенділікпен жұмыс істеді. Барлық мекеме карантинге жабылғанда өз денсаулықтарын тәуекелге қоя отырып, мекенжайларға барып, халыққа уақытылы қызмет көрсетті. Тұрғындарға онлайн қызмет алу тәртіптерін үйрету де осы почташылардың мойнына жүктелді. «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының басшылығы кәсіби мереке қарсаңында қызметкерлер марапатталып, лайықты сыйақы берілетінін айтты.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓