БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА: бізде қалай жүзеге асуда?

Облыс әкімі А.Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалу барысы талқыланды.BAG_6811
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі басты мақсат – Елбасы бастамаларын толығымен жүзеге асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту екендігін атап өтті.
Бірінші бастама – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Бұл мақсатта осы жылы өңірде тұрғын үй құрылысын белсенді түрде іске асыру басты назарға алынған. Мәселен, 2018 жылдың шілдесінен бастап «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге 2 млрд 333 млн теңгеге 328 өтінім түсті, оның ішінде 1 млрд. 518 млн теңге сомасына 213 өтінім мақұлданды.
-Соңғы жылдары тұрғындарға тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көптеген жұмыстар атқарылды. 2018 жылы 299,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несиеге 20 үй немесе 1620 пәтер пайдалануға берілмек. 2018 жылы іске асырылмаған пәтерлерді ескере отырып және Қостанай қаласында жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру арқылы «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге 500-ге жуық пәтер беріледі. Қостанай ауданында «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларына бастапқы жарна үшін пайызсыз қарыз беру» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күні Қостанай ауданынан осы бағдарламаның он алты қатысушысына «Тобыл» ӘКК 15 жылға дейінгі мерзімге (медицина қызметкерлері, педагогтар, ішкі істер органдарының қызметкерлері) 11,1 млн теңге сомасына 10% мөлшерінде бастапқы жарна үшін пайызсыз қарыз берді, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков.
Алқалы жиында көтерілген екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз ғана салық алынады.
-Біздің облысқа келетін болсақ, жыл басынан бастап 150 мың адамның әлеуметтік жағдайы жақсарды. Бюджет қаражаты есебінен 57 мың адамның табыс салығы 1%-ға төмендеді. Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, бюджет саласы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеру үшін бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылған. Еңбек инспекциясы басқармасының дерегі бойынша, облыс бойынша 280 кәсіпорын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге дайын. Биыл «ССКӨБ» ЖШС, «Казогнеупор» АҚ тәрізді бірқатар кәсіпорындар өз қызметкерлерінің жалақысын 199 мыңға дейін көтерді, – деді облыс әкімінің орынбасары Е.Спанов.
Үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту болатын. Бұл шарамен облыстың студенттері де қамтылатын болады. Алдағы уақытта Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті мен жоғары политехникалық, автомобиль көлігі мен медициналық колледжі студенттеріне жатақханалар салу жоспарланған. Сонымен қатар, аймақ басшысы жатақхана мәселесіне орай А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті үшін бұрынғы «Алпамыс» аяқ-киім фабрикасының үй-жайларын сатып алуды ұсынды.
Бесінші бастама – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаевтың айтуынша, Қостанай облысы еліміз бойынша газдандырылған 12 аймақтың қатарында. Облысқа қарасты 556 елді мекеннің 70-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Аймақта орталық газбен қамтамасыз ету мәселесі қолжетімді. Алайда елді мекенге дейін құбырлар жүргізіліп, ауыл ішінде газ тарату желілері салынғанымен, абонент қосу қызметінің қымбат болуына байланысты тұрғындардың барлығы бірдей бұл қолжетімділікті пайдалана алмай отыр. Мәселен, 2016 жылы Қашар кентіне табиғи отын тартылды. Бүгінде 12 мың тұрғынның 283-і ғана орталық газ желісіне қосылған. 
2020 жылға дейін ҚР Энергетика министрлігі газдандыруды жалғастыру үшін 2 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам қаражат бағыттамақшы. Оның 1,3 млрд теңгеден астамы Әулиекөл селосына жұмсалмақ.
Жалпы, аталған басқармасында 2017-2018 жылдары әзірленген 10,6 млрд теңгеден асатын 9 жобалық-сметалық құжаты қаржыландыру мәселесі әлі шешімін таппай отыр. 
Жиында аймақ басшысы үндеуде атап көрсетілген мәселелердің жүйелі түрде орындалуы қажеттігін, Елбасы көтерген әлеуметтік бастамалардың бірінші және бесінші бағыты өңірімізде әлі де әлсіз жүріп жатқынан ескертіп, сала басшыларына жұмыстарын ширатуды қадап тапсырды.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓