Ауылға келді ауыз су
Аманкелді ауданында да ауылдарға сапалы ауыз су құбырын тарту жылдан жылға артып келеді. Соның бірі – "Ақбұлақ" бағдарламасы негізінде көп жылдардан бері тұщы суға зәру болып келе жатқан Байғабыл ауылына ауыз су құбырының тартылуы болды. Биыл оған су жүйесін қайта құрылымдау бюджеттік инвестициясы жобасы бойынша – 176,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Нәтиже-сінде: ауылдан 4 километр 460 метр жердегі Шұрықтан ауыз су құбыры тартылды. Бұл жұмысты бас мердігер "GSM Capital Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қосалқы мердігер "Строитель–2003" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.
Шұрықтан ауыл орталығына жеткізілген тұщы суды көше бойына тарту ісі де ойдағыдай жүргізілді. Ауыл іші бойынша есептегенде ол 8 километрді құрады. Сонда Байғабыл ауылына тартылған су құбырының жалпы көлемі – 12 километр 460 метр көлемді алып жатыр.
Бас мердігер "GSM Capital Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Қожамжар Сүттібаев пен қосалқы мердігер "Строитель–2003" серіктестігінің учаске бастығы Геннадий Шоть жұмыстың сапалы орындалуына баса назар аударды. Мұның сыртында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі КМК басшысы Нұрлан Қойшығұлов ауылға ауыз су тарту жұмысын жіті назарда ұстады. Ол жұмыс басына келген сайын істің сапалы орындалуына мән берді. Кей кездерде мердігерлерге өзінің сын-ескертпелерін де жасап отырды. Осының арқасында олардың жауапкершілігі артты.
Елбасымыздың ауыл халқына деген қамқорлығының бір белгісі – "Ақбұлақ" бағдарламасы екені белгілі. Ауыл халқы осы бағдарлама бойынша әр үйге ауыз су құбыры тартылғанына дән риза болысты.
Жақында Байғабылда ауыз су құбырының пайдалануға берілуіне арналған салтанатты рәсім өткізілді. Онда аудан әкімі Жансұлтан Таукенов ауыл тұр-ғындарын мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша сапалы ауыз суға ие болуларымен құттықтады. Ауылға су тарту ісінде еселі еңбек еткен бір топ азаматтарға өзінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Су құбырын пайдалануға бе-ру рәсімінің лентасын Байғабыл ауылының ең жасы үлкен 90-дағы ақсақалы Зәмзә Жанауов пен аудан әкімі Жансұлтан Таукенов қиды.
Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсен Қаласов ақсақал Байғабыл халқының атынан өздерін осындай қуанышқа кенелткен мемлекетімізге, оның басшысы Н.Ә.Назарбаевқа және облыс әкімі Н.М.Садуақасовқа алғыс айтты.
– Сусыз – тіршілік жоқ екені әміседен белгілі. Ол – барлық игіліктің көзі. Сондықтан да, Байғабыл ауылының халқы Қазақстан Республикасы Президенті күні және Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай жақсы қуанышқа кенелді. Бұл біз үшін ерекше күндердің бірі. Ауылымыз ауыз су азабынан құтылып, "Ақбұлақ" бағдарламасының игілігін көруде. Жұрт бұрынғыдай көшеден немесе Байғабыл өзенінен су тасып, бейнет шекпейді. Еліміз өркендей берсін! Әрдайым осындай қуанышты күндеріміз көп болсын! – деді Дүйсен ақсақал.
Иә, байғабылдықтардың бұл күнгі қуанышында шек болмады. Бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болысты. Өйткені, сапалы ауыз судың жөні қашанда бөлек қой. Мемлекетіміз үшін халқын қуантқаннан артық не бар?!
…Қарапайым ауыл халқы салтанатты рәсімнен көңілді тарасты. Олардың жарқын күлкілері көшелерді кернеп бара жатты.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суреттерде: Байғабыл ауылдық округіндегі су құбырын пайдалануға беру салтанатынан көріністер.
Суреттерді түсірген автор.