Өндірістік өзіндік құны
Қазақстандағы көлік құрастыру ісінің флагманы «СарыарқаАвтоПром» және «АгромашХолдинг» АҚ жыл сайын жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл жолы кәсіпорында тұңғыш рет теориялық оқыту семинары өтті. Ұйымдастырушы – «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Қостанай филиалы. Оның директоры Болат Шәріповтің айтуынша, машина шығарушы кәсіпорынмен байланыс алдағы уақытта да жалғаспақ.
Шараның негізгі бөлігінде австриялық профессор Зигфрид Петер Ладнорг ғылыми кеңес өткізді. Зауыт жұмысшылары дөңгелек үстел жұмысына белсене араласты. Өздеріне қажетті сұрақтың жауабын алды. Профессор Ладноргтың дәрістері осы уақытқа дейін Түркия, Испания, Солтүстік Арикада оқылды. Ол бес жыл бойы еліміздегі ауыл шаруашылығы мен автокөлік өнеркәсібі мекемелері үшін автомобиль құрастыру сапасы стандарттарын оқытуды жүргізіп келеді. Профессордың айтуынша кез келген кәсіпорынның дамуы жұмыскерлерінің екі есе жұмыс істеуіне байланысты.
– Бұл – әлемдік тәжірибе. Сапаны басқару 15 жыл бұрын басқа болатын. Қазір ше? Сапаны басқарудың басты мақсаты – тұтынушының қанағаттануы. Нашар өнім қымбатқа түседі. Оның екі себебі бар: біріншісі – нашар тауар тұтынушыдан айырады, екіншісі – сол тауарды қайта шығару немесе жаңарту үшін тағы сондай қаражат керек. Сол себепті бірден сапалы өнім өндіруге тырысу керек. Мәселен, автомобиль жасау үшін оның бөлшектерін сатып аласыз. Ал, жақсы маман қайдан келеді? Сондықтан да өзіңде бар ресурсты дұрыс жаққа пайдаланған жөн. Ал көбі басқа нәрсеге бас ауыртып отыр. Сапалы тауар – жақсы маманның жемісі. Өндірістің қағидасы осыған саяды. Жұмысқа келген қызметкер өз міндетін екі есе орындауы тиіс. Жақсы нәтиже сонда ғана келмек,- деді Зигфрид Петер Ладнорг.
Салиқалы басқосуда мәртебелі мейман қостанайлық автокөліктердің сапасы туралы әңгімелеп берді. Сын айтты, артықшылығын көрсетті. Семинар соңында заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың кем-кемтігі туралы слайдтар ұсынылды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ