Отбасындағы ойран
Бұл оқиға үстіміздегі жылдың 20 маусымында Қостанай қаласындағы жатақханалардың бірінде болды. 45 жастағы ер адам некелеспей бірге тұрып жатқан әйеліне бірнеше рет пышақ жұмсады. Қаскүнем әйелдің аяғы ауыр екендігіне де қарамады. Әйел мен оның бес айлық баласының өміріне дәрігерлер араша тұра алмады.
ОІІД аға тергеушісі полиция майоры Денис Евдокименконың айтуынша, ер адам бұрын сотталған екен. Ресей Федерациясының соты оны кісі өлтіргені үшін де соттаған. Ол жұмыс істемеген, әйелдің тапқан ақшасына күнелткен. Сол күні көрші әйел келіп, үшеуі қосылып арақ ішкен. Көрші әйел кеткен соң, ерлі-зайыптылар жанжалдасып қалады. Ер адам қызғаныш білдірген әйелді жағынан салып жібереді. Оған болмағасын асүй пышағын алып, бірнеше рет соққы жасайды. Әйелдің айқайын естіген көршілері көмекке келді. Үйінен қашып кеткен күдіктіні полицейлер көп ұзамай қолға түсірді. Келесі күні әйел ауруханада жан тапсырды. "Қылмыстық іс бойынша жинақталған материалдар мен куәлардың көрсетулері күдіктінің қылмыс жасағанын дәлелдейді, дегенмен істің ақырғы нүктесін сот қояды", – дейді тергеуші.