«Екі жирен» бойтұмарым іспеттес»

IMG_8014"Қазақстан дауысы" тележобасының жеңімпазы, жерлесіміз Шаһаризат Сейдахмет өткен жексенбіде Қостанай қаласына арнайы келіп, жеке концертін өткізді. Орайы келген сәтте жас әншіге жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.
– Шаһаризат, алғашқы ән кеші көңілден шықты ма?
– Әрине, көңіл толды. Көрерменнің ыстық  ықыласын,  жерлестерімнің сүйіспеншілігін сезіндім. Бұл менің алғашқы жеке концертім. Ән кешінің Қостанай қаласынан бастау алуы  тегіннен тегін емес. Өзім Қостанай өңірінің тумасымын. "Қазақстан дауысы" тележобасында маған қолдау білдірген де осы жерлестерім. Ән додасына түскенде тақым қысқан жанашыр, тыңдармандарыма бас иіп, ризашылығымды білдіру мақсатында осындай кешті өткізуді жөн санадым. Оның үстіне Қостанайдың бір  топ атқа мінер азаматтары, өнерге жақын ағаларымыз ұсыныс жасап, ой тастап, қолпаштады.
Концертті "Саған халқым" деп атадық. Себебі, тележобаның финалында "Саған халқым"  әнін орындаған едім. Ән кешінде Айтуар Зейнолламен бірге "Шаһар" тобының репертуарындағы әндерді орындадық. "Қазақстан дауысы" жобасының финалисті, Қостанайдың төл тумасы Батырхан Мәліков және Жәуке есімді жерлес бауырым да қатысып, ән шырқады.
Бұл таза өзімнің алғашқы ән кешім. Осы уақытқа дейін "Шаһар" тобының құрамында жүріп, ауыл-аймақты  аралағанбыз. Аталған топ 2009 жылы Арқалық қаласында  құрылып, Айбек Қалиев тұсауын кескен болатын. Шаңырақ көтерген соң, топтың жұмысы тоқтай бастады. "Қазақстан дауысы" тележобасына қатысып, Алматы қаласына көшемін дегенімде Айтуар рұқсатын берді.  "Шаһар" тобының ендігі болашағы Айтуар Зейнолланың қолында.
– Ән кеші жалғаса ма?
– Әрине, жалғасады. Алдағы уақытта Қарағанды қаласының төрт ауданына барып, Нұрлан Албанның тобында өнер көрсеткен Фархад Сапановпен бірге концерт қоймақпыз. Арқалық қаласы, Аманкелді ауданына барып, ән кешін беру ойда бар. Биыл мектеп бітіргеніме он жыл болады. Соған байланысты туған ауылым Үрпекке арнайы ат басын бұрып, ұстаздарыма алғыс айтуым керек. Сол күнге асығып жүрмін. Бір биіктен көрінсем, ол ауылдағы ұстаздарымның арқасы.
– Шығармашылығыңыздағы біз білмейтін жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз.
– Үш ай болды Алматы қаласында тұрып жатырмын. Нұржан Тойшы есімді азаматпен келісім-шартқа қол қойып, жұмысқа кірістік. Ол "Алдаспан", "Шарапат" деген топтардың продюсері. Бәріміз этно-рок бағытында жұмыс істейміз. Қазіргі бастама жалғыз өзім, қолыма домбырамды алып сахнаға шығып жүрмін. Продюсеріммен келіскенімдей ән таңдау жұмысы менің еншіме бұйырды. Бала күннен айтсам деп армандап жүрген әндерді жаздырып жатырмын. Соның ішінде "Екі жирен" әнін ерекше атар едім. "Екі жиренмен" "Абай оқулары" республикалық байқауында лауреат атандым. "Екі жиренді" айтып университетке оқуға қабылдандым. "Екі жиренмен" "Қа-зақстан дауысы" жобасының іріктеуі-нен өттім. "Екі жирен" менің бойтұмарым іспеттес. Көбісі бұл әнді халық әні дейді. Шынтуайтында, өзіміздің  жерлесіміз  Ахмет  Байтұрсыновтың әні. Болашақта бұл әнге бейнебаян түсіріп, "Екі жирен" – А.Байтұрсыновтың әні деп бадырайтып жазып қойсам деймін.
Қой бағып, құмалақпен ойнап өскен біздер халық әніне, домбыра үніне жақынбыз. Репертуарым тол-ған халық әні. Өнер жолына түскен соң халық композиторларын насихаттауды мойныма алдым. Негізі этно-рок бағытын ұстандық. Көбісі қазақшылыққа салып рокты шайтани әуен деп елестетеді.  Роктың  да  өзінің жанрлары бар. Біз ұлттық аспаппен дәстүрлі әндерді орындаймыз. Өзім электронды домбыраны қолға алып, сахнаға шығамын. Халық әндерін этно-рок бағытына сай өңдеп, шетелге насихаттаймыз деген ниетпен электронды домбыра ойлап табылған. Ол сегіз, тоғыз мың адамдық залдарда концерт қоюға арналған аспап.
Республиканың өзге аймақтарын аралап, ән кешін өткізу жоспарда бар. Бұл оңай шаруа емес. Продюсерлік орталықтың жүктеген тапсырмалары да жетерлік. Рок фестивальдеріне қатысуымыз керек дегендей. Қазір соған дайындық жүріп жатыр.
– Оқырманға, өнер сүйер қауымға айтар ойыңыз болса…
– Артымыздан еріп, өкшелеп келе жатқан іні-қарындастарға айтарым армандай беріңіздер, армандай біліңіздер. Армандар орындалады. Тек жалықпау керек.
Армансыз адам алысқа бармайды. Мен бала кезден арманшыл болдым. Мектепте қатыспаған үйірмем жоқ шығар. Актер, әнші,  күйші,  журналист  те  болғым келді. Болу үшін талпындым да. Оқушы кезімде домбырашылар ансамблінде бас домбыра аспабында ойнадым. Драма үйірмесіне жазылып, көріністерге шықтым. Журналист боламын деп әдебиет үйірмесіне бардым. Бізге ән айту бұйырған екен. Қолдан келетіні ән салу болғандықтан осы өнерді серік етіп, халық әндерін жаңа бағытта дәріптеп жүрген жайымыз бар.
Алар асу алда. Тыңдармандарымды жалықтырмаспын. Болашақта жақсы жаңалықтармен бөлісетін боламын.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
Суретте: Шаһаризат Сейдахмет ән шырқауда.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓