Жастар жан-жақты өнер көрсетті
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында "Мәңгілік ел – мәңгілік Қазақстан" ХХ облыстық "Студент көктемі–2014" фестивалі екі күн бойы өткізілді. Оған облыстағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай педагогика институты, Рудный индустрия институты, Арқалық педагогика институты және Қостанай инженерлік-экономика университетінің студенттері қатысты. Бұл фестивальда студенттер "Көңілділер мен тапқыштар клубы", спорт жарыстары, интеллектуальдық ойындар, ән айту, би билеу, студенттік көктем аруы, айтыс және басқа да номина-циялар бойынша өзара сынға түсті. Қостанай педагогика институты акт залының іші өнер көрсеткен студенттермен оларға қошемет танытқан көрермендердің шапалағынан жаңғырып тұрды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Арқалық педагогика институты жоғары көрсеткіштерге жетті. Айтыс өнері бойынша да арқалықтық Батырлан Сағынтаев бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ жақсы табыстарға қол жеткізген ҚМУ, ҚМПИ студенттеріне де көрермендер өз ықыластарын білдіріп, дуылдата қол соқты.
Қорыта айтқанда, фестиваль студенттердің нағыз мерекесіне айналды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дамир
ӘБІШ
Суретте: фестивальдың ашылу сәтінен көрініс.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.