Жол ережесін бұзу жазасы күшейтілді
Ел Президенті "Жол қозғалысы туралы" заңға қол қойды. Осыған сәйкес Қазақстанда көлік жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемі де айтарлықтай өсті. Бұдан былай жылдамдықты белгіленген көрсеткіштен 10-20 км/с аралығында асырғандар бұрынғыдай 5 АЕК орнына 10 АЕК, яғни, 18520 теңге айыппұл төлейтін болады.
Сонымен қатар, жаңа заң бойынша көлік жүргізушілер 7 категория және оның 6 тармағына бөлінетін болды. Сағатына 50 км жүретін мопедтер "А1" дәрежесі бойынша жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Бұдан бөлек, тыйым салынған жерге көлігін қойғандар, рұқсат етілмеген жерден бұрыл-ғандар және қиылыста кептеліс туғызғандар да бұрынғыдан қарағанда екі есеге көп шығындалады.
Ал, қарсы жолға шығып кеткен жүргізушілер көлік жүргізу куәлігінен 1 жылға дейін айрылмақ. Бұрын, мұндай ережені бұзғандар 15 АЕК көлемінде айыппұлмен құтылатын.
– Жаңа заң көлікті мас күйінде жүргізетіндерге аса қатаң күшейтіліп отыр. Бағдаршамның тыйым салынған белгісін үш рет елемей өткен жүргізуші жарты жылға куәлігінен айырылса, ал мас күйінде көлікті басқарғандар бірінші рет ұсталса жүргізуші куәлігімен 3 жылға қоштасады. Екінші рет 7 жылға куәліктен айырылып, 15 тәулік әкімшілік қамауға алынады. Бұдан кейін қайталаса, онда 30 тәулік әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші құқығынан 15 жылға дейін айырылады.
Ал жол полициясына қарсылық танытып, көлігінен түспейтін жүргізушілерді 5 АЕК көлемінде айыппұл күтіп тұр. Егер полиция қызметкерінің тоқтатқан талабына көнбегендер де 1 жыл бойы жүргізуші куәлігін көрмейтін болады. Тіпті, жол сақшысының рұқсатынсыз көліктен түскен жүргізуші де, жолаушы да әкімшілік жазаға ұшырайтын болады, яғни полиция қызметкері көліктен шығу жайында рұқсат бергенге дейін көлік ішінде отыруға міндеттісіз (жаңа заң бойынша 5 АЕК айыппұл), – дейді Қостанай облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Ю.Панасенко.
Айта кетейік, аталған заң 30 сәуірде заңды күшіне енді. Енді жол ережесін өрескел бұзғандар жаңа заң бойынша жауапқа тартылатын болады.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ