Жас режиссерлер жарысы: жеңіс кімдерге бұйырды?

Бүгін «ІТ инновация балалар көзімен» атты облыстық кинофестивалінің қорытынды кезеңінің жеңімпаздары анықталды.
Алғашқы іріктеуде облысымыздың 11 ауданынан 76 оқушы бақ сынады. Қатысушылар бес бағыт бойынша 57 жұмыс ұсынды. Атап айтсақ, олар – деректі кино, ойын (көркем) кино, мультипликациялық фильм, әлеуметтік және жарнамалық ролик. Нәтижесінде, кинофестивальдің соңғы кезеңіне 25 оқушы шақырылды. Әр қатысушы кемінде 30 ұпай жинау арқылы үздік бестік қатарына енді.
 Кинофестивальді өткізудегі негізгі мақсат – ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы оқушылардың шығармашылық қызметін ынталандыру және жандандыру.
«Озат» мамандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының директоры Рамазан Елеусізовтың айтуынша, XIX ғасырда ағайынды Люмерлер киноны ойлап тапты.
"Пойыз жүріп бара жатқан кино барлығының есіңізде шығар. Қазір XXI ғасырда кино өнерінің мүмкіндіктері кеңейе түсті. Біздің IT мектебіміздің жақсы материалдық базасы бар екенін ескере отырып, IT мектептері мен жұмыс техникаcы шараларынан басқа кинофестиваль өткізуге бел будық", – дейді ол.
Жарыстың қорытынды кезеңінде әр оқушы өз жұмысының таныстырылымын жүргізді. Барлығы  5 номинация бойынша 25 жұмыс тыңдалды.
«Менің жобамның атауы – «Басқа әлем». Жарысқа қатысудағы негізгі мақсатым – жастардың интернетке тәуелділік мәселесін көтеру. Өйткені,  қазіргі күні интернет ешбір даусыз басты ақпарат көзіне айналып, өмірімізде үлкен орын алуда. Бейнероликті түсіру үшін бірінші кезекте командамды құрып, оқушыларды сюжетпен таныстырдым. Кейін түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Бейнені күңгірттеу, ұялы телефонның дыбыстық эффектілер, бұлыңғыр қозғалыс, кедергі сүзгісі, фон камера, артқа айналдыру, винтаж сызаттар жасау мен радиусты солға жылжыту фильтрлерін «Movavi» бағдарламасында қолданып, монтаж жұмысын жасадым », – дейді жарыс жүлдегері Аружан Омарова.
Ашық онлайн дауыс беру нәтижесінде әлеуметтік ролик номинациясында Ульяна Шагиморданова мен София Осипова, деректі фильм аталымында Валерия Дудко мен Нұрқанат Дегенбаев, мультипликациялық фильм номинациясында Ангелина Юшкевич, жарнамалық ролик аталымы бойынша Зарина Жұмназарова, көркем кино номинациясында Назерке Байрахман облыстық кинофестивальдің жеңімпаздары атанып, арнайы дипломдармен марапатталды.
 
Қаракөз МАҚАТОВА,
ҚӨУ студенті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓