Қауіпке қарсы қамданыс

Елдің әр өңірінде республикалық командалық-штабтың «Көктем-2023» атты оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Іс-шара мақсаты – көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алуға дайындық жүргізу. Арнайы жаттығу Қостанайда да ұйымдастырылды. Апаттан құтқару қызметінің өкілдері Дружба кентінің маңайында тактикалық арнайы даярлықтан өтті.
Дружба тұрғын үй алабы су тасқыны залал тигізуі ықтимал елді мекендер қатарында. Сондықтан қарғын су қаупіне тосқауыл қою мақсатымен әзірлік жұмыстары жүргізілді. Оған ТЖ комиссиялары, апаттық-құтқару, азаматтық құтқару, диспетчер қызметтері қатысты. Елді мекен шетіндегі, жол жиегіндегі кәріз жүйелері тазартылып, жиектері құм салынған қаптармен биіктетілді.
«Егер қар күрт ерісе, осы елді мекенде су деңгейі көтеріліп, ауыл ішіне жайылуы мүмкін. Әсіресе, Луговой, Школьный көшелері қатер алдында тұр. Сондықтан су арнасының ернеуін ыдыс-қаптарға салынған құммен бекіту амалдары жасалып жатыр. Биыл арна қатпалдарына бетондар қойылып, су өткізу құбырлары салынды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер жауын-шашын көбейіп кетпесе, осы шаралар қауіпке төтеп беруі тиіс. Қалайда осы елді мекен айрықша бақылауда ұсталады», – дейді Қостанай қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Алмаз Төлендин.
Сценарий бойынша, құтқарушылар жасағы кәріздер мен жыралардағы су өткелдерін қар мен мұздан тазартып, жиектерін қаптармен қалауы керек. Бұл жұмыстарға КамАЗ, трактор және басқа да арнайы техника жұмылдырылды.  
Командалық-штабтық іс-шара аясына жергілікті атқарушы органдардың да даярлығы, қатерге қарсы күрес қабілеті бақыланады. Тұрғындарды ақпараттандыру, су тасқыны кезінде әрекет ету алгоримі түсіндіріледі. Айта кету керек, дәл осындай оқу-жаттығу Тобыл қаласында да жүргізілді. Мұнымен қоса, Қостанай қаласы аумағында қауіп аймағына қалып отырған басқа да елді мекендер бар.
 «Қала маңында үнемі бақылауда ұсталуы тиіс су өткізетін арналар бар. Олар Қостанай 2, Юбилейный, Әуежай, №7, 8, 9 шағын аудандарында орналасқан. Жалпы ұзындығы – 5,3 шақырым. Олардың жартысы құммен, қалғаны темір-бетонмен биіктетілді. Сондай-ақ, Текстильщик көшесіндегі кәріз жүйесі қарғын суға толуы мүмкін», – дейді А.Төлендин.
 Жалпы, Қостанай қаласы су тасқынының алдын алуға дайын. 1,5 мың тонна инерттік материал дайындалған. 5,3 тонна жанар-жағар май әзірленіп отыр. Барлық гидро нысанда су сору техникалары бар. Ауа райы күрт бұзылған жағдайда күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылады.
«Қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмыстар қала аумағында күн сайын жүргізіліп жатыр. Қала ішін қардан тазалау жұмыстары да тоқтаған жоқ. Қазіргі таңға дейін жалпы көлемі 500 мың тонна қар тысқа шығарылды. Уақыт таяған сайын бұл шараларды мейлінше жеделдете түсу көзделіп отыр. Сондай-ақ, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әркімге аула қарын уақытылы аршуға кеңес беріліп жатыр», – дейді басқарма басшысы.
 Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл қар сәл көбірек түскен. Бірақ, қазіргі қамданыс деңгейіне қарағанда, аса зор қауіп-қатер жоқ деуге болады. Ал полигондарға шығарылған қардың еруінен келер қауіп жоқ.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓