Жаз қызығы – “Жасыл елмен”
Елімізде 2005 жылдан бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы негізінде құрылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Қостанай өңірінде де белсенді қызмет атқарып келеді. Ұйымның басты мақсаты – жастардың көмегімен аймағымыздағы көгалдандыру, абаттандыру, сол арқылы студенттер мен жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық және экологиялық тәрбиені насихаттау. Осы бағытта, маусым айынан бастап, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы бастау алды. Жаз айларында туған жерді көркейту, көгалдандыру мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында студент жастар және жұмыссыз 217 адам жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының Қостанай облысының штабы» ҚҚ басшысы Айнұр Ахменованың айтуынша, еңбек маусымы кезінде жастар саябақтар мен демалыс орындарының төңірегін күл-қоқыстан тазартып, тал түптерін әктейді.
"Елбасының бастамасымен «Жасыл ел» бағдарламасы өңірімізде он бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді. Облыстық ішкі саясат бөлімінің және Қостанай қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қолдауымен бүгінгі күні барлығы жұмысқа орналасты. Олар Қостанай қаласының аумағында «Таза-Жол АТ», «АБЗ плюс», «Kapital grupp soyuz», «Кангломерат.КZ», «ДК- Мақсат» ЖШС-де жұмыс істеп жатыр. Сәуір-маусым айлары аралығында Қостанай қаласы Жастар мәслихатының депутаттары аталмыш бағдарлама аясында қабылдау бойынша ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша 16-29 жас аралығындағы жастарға жұмысқа орналастыру жөнінде толық кеңес берілді. Бұдан басқа, олар әлеуметтік сипаттағы түрлі іс-шараларға қатысады. Жыл сайын біз волейбол, футбол, "Жасыл ел" "ханзадасы мен ханшайымы" сынды іс-шаралар өткіземіз. Жақында ғана біз табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жобасы аясында «Таза қала» экоакциясын өткіздік. Онда біз қалалық жағажайда демалушыларға қоқыс пакеттері мен парақшаларды тараттық" , – дейді Айнұр Аманжолқызы.
Қала көшелерінде еңбек етіп жүрген жастарға қапырық ыстық та кедергі емес. Лермонтов көшесіндегі жұмыс істеп жүрген 17 жастағы Мерей “Жасыл ел” жасағына биыл бірінші рет қабылданған. Ол Ы.Алтынсарин атындағы мектеп интернатының 10-сынып оқушысы, өз еңбегімен ата-анасына қолдау көрсеткеніне дән риза.
"Осы жерде маусым айынан бастап жұмыс істеп жүрмін. Ата-анама кішкене болса да көмек көрсетсем деймін. Жалақысына көңілім толады. Жұмыс та ауыр емес. Көше сыпырып, шөп жұламыз. Күн ыстық. Алайда, ақшаның оңайлықпен келмесі анық. Бұйыртса, тағы бір айға қалсам ба деп отырмын", – дейді ол.
Сонымен қатар, алдағы айларда «Жасыл ел» еңбек жасақтары Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларына баруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Затобол кентінде де әлеуметтік іс-шараларды өткізуді қолға алмақ. Жоба соңында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына саяхаттап, дөңгелек үстел өткізетін боламыз дейді Айнұр Аманжолқызы.
Әсел ҚИБАШ,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков