Айналайын, «Ақжелең!» Аты әлемге әйгілі ансамбльдің құрылғанына – 20 жыл
Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің мерейтойы облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Өткен бейсенбі күні қала тұрғындары өнерлі өрендердің концертін тамашалап, бір жасап қалды.
Зал ішін сырлы саз баурады. Күй-айтыс делебе қоздырды. Қан ұйытатын қасиеті бар қазағымның құдыретті домбырасы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей бабаларымыз бен Дина шешеміз тіріліп келгендей күй кештірді. Жиналған жұрт орындарынан тұрып, дуылдата қол соқты… Домбыра-думан тағы қызды. Енді бірде қобыз сарнады.
Осынау мерекелік концертті жүргізуге Астанадан әдейі Жас-ұлан Жүрсінұлы шақырылыпты. Қостанай жұртшылығы оны белгілі тележүргізуші, той-думанның тізгінін ұстайтын өнерлі азамат ретінде біледі. «Ақжелең» бұдан жиырма жыл бұрын ең алғаш сахнаға шыққанда да ал-ғашқы концертті осы бауырымыз жүргізген екен…
Айта кетейік, жиырма жыл ішінде ансамбль құрамы да талай өзгерді. Бірақ бүгінгі мерекеге айтулы өнер отауының бастауында болған бүкіл өнерпаздар республикамыздың жан-жағынан келіп, түгел жиналыпты. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі болған Әлімжан Әбсадықов бастаған өрендер өздерінің үлкен сахнаға жолдама берген «Ақжелеңін» сағынып келіпті. Олар да сахнадағы бүгінгі «Ақжелеңге» қосылып, біте қайнасып, кірігіп, бір тұтас құдыретті күш болып, күй төкті, керемет көңіл-күй сыйлады.
«Ақжелеңнің» тойына облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев арнайы келіп, құттықтау сөз айтты, өнерпаздарға облыс әкімінің Грамотасын тапсырып, сый-сияпат жасады. Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сералы Ахметов, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Бағытұр Дәндібаев, об-лыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероус, облыстық филармонияның директоры Александр Евсюков «Ақжелеңнің» аймаңдай қыздары мен жігіттерін бүгінгі айтулы мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. Марапаттан құр қалған бірде-бір өнерпаз жоқ. Өйткені олардың бәрі де халықтың көңілінен шығып, олардың шынайы құрметіне бөленген жандар.
Кешке келгендер облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы мен мәдениет қайраткері, облыстық мәдениет басқармасының басшысы кезінде осынау өнерпаз жастардың анасындай болған Римма Ғайсенова сөздеріне ерекше құлақ түрді. Ансамбль осы екі ұлтжанды қайраткер тұлғаның ерік-жігері, солардың қолдап, қорғауы арқасында дүниеге келген еді. 1994 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген тоғыз өрім жастың тізімі жазылған құжатты Кенжекең күні бүгінге дейін ерекше бір қастерлі дүние ретінде сақтап келіпті. Ол кезде Кенжебек Үкіұлы облыс әкімшілігінің басшысы болатын.
– Бүгіндер «Ақжелеңді» бүкіл әлем біледі десе де артық емес. Парижді кезінде Әміре атамыз дүр сілкінтсе, кейін осы қостанайлық өнерпаздар бір ай бойы Франция елінде қазақ өнерін насихаттады. «Ақжелеңнің» алған асулары да биік. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Кореяда өткен халықаралық музыка байқауының, Ресейде өткен талай өнер жарысының лауреаты, – деді еліне белгілі тұлға.
Римма Ғабдолқызы сол кездегі еліміздің бастан кешкен қиыншылығына қарамай, осындай өнерлі ұжымның қалыптасуына облыс басшылығының қосқан ерекше үлесін атап көрсетті. Сол тұста облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Қайрат Дүйсенбин мен іскер азамат Се-рікбай Бейсетаевтың ансамбль мүшелері үшін пәтер бергенін де ерекше ризашылықпен жеткізді.
Сөз арасында айта кетейік, егер Қостанайдың мәдениеті мен өнері бүгіндер биік белеске көтерілсе, онда өлара шақта бес батпан қиыншылыққа қарамай рухани саланы қолдап, қорғап, сақтай білген аймаңдай қызымыз – Римма Ғайсеноваға ризашылықпен алғыс айтуға тиіспіз.
«Ақжелеңнің» ұл-қыздары да осылай деді. Ал Римма апалары болса:
– «Айналайын, «Ақжелең!» Өнеріңе тәнтімін, – деп тебіренеді.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
Суреттерде: сахнада – «Ақжелең» ансамблі. Жеке орындаушы – Манапбек Қадіров; облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев ансамбль жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметовке облыс әкімінің грамотасын тапсыруда.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.