Медколледждің филиалы ашылды
Рудныйда Қостанай медициналық колледжінің филиалы ашылды. Оқу орны өз қызметін қалалық балалар ауруханасының базасында жүзеге асырмақ.
Бүгінде елімізде дәрігер мамандар тапшы екенін басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі біледі. Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында 379 жұмыс орны бос тұрса, оның ішінде кеншілер шаһарына кемінде 50 медицина қызметкері керек.
Жуырда облыстық мәслихаттың шешімімен жаңадан ашылып жатқан колледж филиалына 69 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен кітаптар сатып алынуда.
Рудный қалалық ауруханасының бас дәрігері Талғат Кайкеновтың айтуынша, талапкерлердің құжаттарын қабылдау 20 маусымнан басталады, ал 1 қыркүйекте оқуды бастап кету жоспарда бар. Биыл «Мейірбеке ісі», «Фармация», «Емдеу ісі», «Стоматология», «Зертханалық диагностика» мамандықтары бойынша 11-сыныпты толық аяқтаған 125 үміткер қабылданбақ. Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай.
– Жасыратыны жоқ, біздеақ халаттылардың орташа жасы «қартайып» барады. Жақын жылдары көп дәрігерлеріміз зейнеткерлікке кететінін ескерсек, кадр тапшылығын жойып қана қоймай, болашақты ойлауымыз қажет. Қостанай медколледжі жылына 200 маманды даярласа, Арқалықтағыоқу орны негізінен фельдшерлерді оқытады. Бізге медбикелер мен акушерлер жетіспейді. Біздегі жұмыс істеп жүрген санитарлар білімін жетілдіруге ниет білдіріп жатса қуана қабылдаймыз, – дейді Талғат Еркебұланұлы.
Рудныйлық филиалдың студенттері үшін жалпы білім беру пәндерін жергілікті педагогтар оқытса, арнайы медициналық пәндерге аурухананың тәжірибелі дәрігерлері жұмылдырылмақ.
– Хирургияның қыр сыры туралы хирург дәрігерден артық білетін жан кемде-кем болар. Сол сияқты басқа да пәндер туралы айтсақ болады. Әрине, білу бір бөлек, білгеніңді жеткізу бір бөлек. Сол себепті оқытушы ретінде сөз саптау қабілеті бар, аудиториямен жұмыс істей алатынқызметкерлерді таңдап отырмыз, – дейді Талғат Қайкенов.
Рудныйда медициналық колледждің ашылуы адам жанының арашасы болуды армандайтын жергілікті жастар үшін тамаша мүмкіндік.
Біріншіден, облыс орталығына немесе басқа қалаларға барып білім алудың қажеттілігі жойылады.
Екіншіден, колледжді тәмамдаған жас мамандар осында қалғысы келсе, әкімдік тарапынан тұрғын үй және көтермеақыға кепілдіктер бар.
Үшіншіден, түлектер біліктілігі мен білімін жоғары оқу орнында шыңдап, жалғастыруға мүмкіндік алады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ