Қостанайлық оқушылар желілік олимпиадада үздік нәтиже көрсетті
Жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың кезекті сыны аяқталды. Зияткерлік мектептердің оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың 3-кезеңінде Қостанайдағы NIS-нің 35 оқушысы бақ сынады. Оның ішінде 13 бала жүлделі орын иеленді.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анастасия Бармина бірінші орынды жеңіп алған Томирис Ибраева мен Дильназ Баймағамбетованы мақтан тұтар шәкірттерім деп атайды.
– Еңбекқорлық, әдебиетке деген сүйіспеншілік, ізденімпаздық қаситтер Томирис пен Дильназдың көшбасшы болуына мүмкіндік берді. 7-сыныптан бері осы жеңіске жетіп келеміз. Қыздар мұнымен тоқтап қалмайды деп үміттенемін, оларға үздіксіз өсу, жаңа нәрселерді білуге және одан да күрделі міндеттер қоюға ұмтылуды үнемі айтып жүремін, – дейді Анастасия Бармина.
8-сынып оқушысы Андрей Энбахтов 9-сыныпқа арналған олимпиада тапсырмаларын мерзімінен бұрын шешті. Жасына қарамастан оның 10-11 сыныптар арасында өткен «Қазақстандық білім олимпиадасына» қатысып, күміс медаль жеңіп алған тәжірибесі бар:
– Олимпиадаға дайындалу барысында мен 9-сыныпқа арналған тақырыптар бойынша түрлі әдебиеттерді оқып, бейнематериалдармен танысып шықтым. География пәнінің мұғалімі Алмас Сәдуақасовтың арқасында жаңа деңгейдегі білімді меңгердім. Маған бағыт-бағдар беріп, қажетті тақырыптар бойынша ақыл-кеңес айтып, 1-ші орын алуыма көмектесті. Зияткерлік мектептер желісіндегі пәндік олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын, бірақ бұрын басқа олимпиадаларға қатысқандықтан, тапсырмалар маған таныс болды.
Қостанай НЗМ оқушылары басқа да пәндерден екі екінші және сегіз үшінші орын еншіледі.
Екінші орындарды орыс тілінде оқытылатын қазақ тілі пәнінен Диана Поддубова және қазақ тілінде оқытылатын орыс тілі пәнінен Адия Шожанова иеленді.
Үшінші орындар мына оқушыларға бұйырды: Екатерина Ким (Қазақ тілі), Ильяс Сахиев (Қазақстан тарихы), Аружан Марден (Қазақстан тарихы), Әбділов Тамерлан (физика), Данияр Сарбасов (информатика), Хамитова Әсел (биология), Айзере. Баймулдина (География) , Әнуар Мұсаев (География).
Желілік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері осы жылдың наурыз-сәуір айларында өтетін республикалық олимпиадада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ намысын қорғайтын болады.