1-тоқсан үйде өтеді
Қазақстанда оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басты басымдық балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы екенін жеткізді.
«Осыған қарай келесі шешімдерді ұсынамын: біріншіден, шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда, 1 қыркүйектен бастап, еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізу ұсынылады», – деді ол.
Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктеріне 1 қыркүйектен бастап орта мектептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуды қамтамасыз етуді тапсырды.
"Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ол.