Білікті мұғалім- мектеп жүрегі
Қымбат Исламбекқызы жаңалыққа жаны құштар, оқытудың инновациялық әдістеме мен тәсілдерін назардан тыс қалдырған емес-ті. Ізденімпаз, шығармашыл. Әрбір ісіне аса жауапкершілікпен қарайтындығын, еңбекқор жан екенін, ізеттілік пен қарапайымдылық қасиеттерді бойына жинағанын аз ғана әңгімелескеннен-ақ аңғарасыз.
-Бүгінгі таңда еліміздің даму стратегиясының басты саясаты дамыған отыз елдің қатарында болу. Ал, мемлекет дамуының соны ерекшелігі-ол жаңа оқыту технологиясымен, инновациялық жетістіктермен қаруланған білім жүйесі деп айтар едім. Білім бастауы мектепте, мектептің кілті-мұғалім мен оқушы. Еліміздегі, облысымыздағы мұғалімдеріміз білікті болса, сол ұстаздан сапалы білім алған оқушымыз ел келешегінің тірегі емес пе. Педагогикалық озық тәжірибенің, оқытудың әдіс-тәсілдерін еркін игеріп, ең тиімдісін таңдап алып шығармашылықпен қолдану – cабақтың сәтті өтуінің кепілі. Сондықтан да көптен бері «Электронды оқыту енгізу- мектептің инновациялық даму негізі» бағыты бойынша жұмыс істеймін. «Қазіргі қазақ әдебиетінің саңлақтары», «Көркем сөз- сөз маржаны» әдістемелік оқу құралдары мен таңдау курсы бойынша «Қазақ тілінен ҰБТ-ға дайындық» атты оқу-әдістемелік жұмыстарым бар. Мектебіміз облыс бойынша жиырма «Ең үздік мектеп», республикада «Ең үздік 100» мектептердің қатарына еніп отырмыз. Әрине, осы еңбектердің барлығы да қасымда жүрген әріптестерімнің, оқушыларымның арқасында деп ойлаймын. Өткен оқу жылында үш оқушымыз «Алтын белгіге» ие болды, – деді республикалық «Үздік педагог-2015» байқауының жеңімпазы Қымбат Исламбекқызы.
– Осы республикалық «Үздік педагог-2015» байқауына еліміздің барлық аймағынан екі жүз мыңға жуық мектеп мұғалімдері мен колледждеріміздің елу мыңға жуық оқытушылары сынға түсті. Айта кетерлігі сол, байқау сырттай өтті. Ал, сырттай өткен байқауда жеңімпаз атану оңай емес. Рас, байқауға қатысып, көзбе-көз отырып, жиналған жанкүйер алдында өзіңнің еңбегіңді қорғап, ізденген зерттеулеріңді қорғап, соны әдістемедегі оқытуларыңды сабақ беру арқылы көрсету бір басқа да, сырттай сынға түсу бір басқа. Қымбат Исламбекқызы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жаңашыл ұстазымен қатар білікті басшы. Ол Рудный қаласындағы №7 орта мектебінің басшысы. Қымбат Исламбекқызының шәкірттері республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Ал, Екатерина Риженко болса Қостанай политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы. Ол ұн тарту және құрама жем өнідірісімен байланысты оқу бағдарламасының авторлары. «Үздік педагог -2015» атағымен қатар, әрқайсысы қомақты қаржы екі миллион теңгемен марапатталып отыр. Біздің ұстаздарымыз өздерінің біліктілігін, жаңашыл педагог екендіктерін осындай алқалы байқауда тағы бір дәлелдеп шықты,-деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Марионелла Слесарь.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Суретте: білікті ұстаз, мектеп басшысы Қымбат Бірманова