Қылқалам шеберін еске алды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнерін экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қолөнерші Леонид Игошинді еске алуға арналған «Шеберді еске алу» көрмесі ашылды.
Леонид Александрович Игошин – шебер зергер, оның есімі шетелде де белгілі. Леонид Александрович 2021 жылдың 7 шілдесінде 89 жасқа қараған шағында өмірден озды. Тірі болса, биыл 5 ақпанда 90 жасқа толар еді.
«Шеберді еске алу» көрмесінде көрермен зер, сымкәптеу, шекіме техникаларымен салынған авторлық туындыларымен танысты. Көрме жәдігерлері Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан, сондай-ақ оның отбасынан алынған.
Леонид Игошин бейнелеу өнері тарихында металды көркем өңдеудің жоғары кәсіби шебері және өзінің «Игошин стилін» жасаушы ретінде есімі қалды. Суретші, қолөнер шебері елу жылдан астам уақыт бойы Қостанайда тұрды, талмай жұмыс істеді.
Бүгінде атақты суретшінің жұмыстары Алматы, Мәскеу, Киевтің жетекші музейлерінің қорында, Ресей Федерациясының Еділ бойындағы Красное кентінің зергерлік және халықтық-қолданбалы өнер музейінде және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Леонид Игошин – табиғи дарынымен, ерекше қабілетімен қызықты өмір сүрген сезімтал жан. Оның жоғары кәсібилігін жас суретшілер әрқашан үлгі тұтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шеберді еске алу» көрмесі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде бір ай бойы үздіксіз жұмыс істейді.
 
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
ҚӨУ студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓