Өңіріміздегі Мәуліт мерекесі

Әлемнің рахым нұры, екі дүние сәруары, Пайғамбарлар сұлтаны Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) туған күнін ел болып атап өту жылдағы дәстүрімізге айналған. Қасиетті Рәбиул-әууәл айы қазір республикамыздың түкпір-түкпірінде тойланып жатыр. Қостанайдағы «Мирас» мәдениет сарайында да ұлық мерекеге арналған «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани кеш өтті. Оған Тобыл-Торғай атырабымен қоса, ҚМДБ өкілдері, көршілес Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан бас имамдар арнайы мейман ретінде шақырылды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «…Қарап отырсақ, қазақ ешқашан дінінен айырылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз» дейді.
Мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев асыл дінімізге деген халықтың ықыласы мен сенімінің жыл санап артып, жастар арасында тазалыққа, адамгершілікке, имандылыққа бет бұру көбейіп келе жатқанын атап өтті. Мешіттеріміз бүгінгі таңда діни орда ғана емес, рухани тәрбиенің орталығына айналды деп атап өтті әкім орынбасары.

Алла елшісі Хазіреті Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қадірлі Мекке шаһарында, Бәни һәшим әулетінде, піл оқиғасы болған жылы, рабиул-әууәл айының он бірі күні, яғни, қазіргі миләди жыл санауы бойынша 571 жылдың 20-сәуірінде дүйсенбі күні дүниеге келді. Атасы Әбдімүтәліп немересінің атын көкте де, жерде де мақтаулы болсын деп, Алланың көкірегіне салған илхамымен Мұхаммед деп қойды. Мұхаммед сөзі «мақтаулы, мақталынған», ал Мәуліт арабша «туу», «туған уақыты» деген мағыналарды білдіреді.
Жиын қонағы – ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы құттықтау лебізімен қоса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратқа толы өмірінен баяндап берді. Аймағымызда асыраушысынан айырылған балаларға қамқорлық жасау оң үрдіске айналған. Сансызбай Құрбанұлы осындай жәудіркөздердің бірқатарына қайырымдылық ретінде сыйлықтар табыс етті. Ал «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы жиналған қаражатқа Қайрат Қалабайұлы баспаналы болды. Естеріңізге салсақ, бұл республика бойынша 54-ші, ал облысымыз бойынша 3-ші беріліп отырған пәтер. Бұдан бөлек, Зейнел қажы Баязид «Құрметті Қажы» алтын төсбелгісімен  марапатталды.
Өңіріміздің  мешіттері мен діни шараларға шын ықыласымен қолдау көрсетіп, демеу жасап жүрген мәрт азаматтар аз емес. Облысымыздың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет осындай жомарт жандарға алғыс хаттар берсе, Қамысты ауданында ұзақ жылдар бас имамдық қызметін атқарған Қайып қажыға өңіріміздегі имамдар атынан ұмра қажылық жолдамасын табыстады.
Пайғамбардың туған күніне арналған салтанатты шара думансыз өткен жоқ. Айтыстың ақтаңгері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айбек Қалиев пен көкшетаулық жас қыран Әлібек Серғалиевтің жыр додасы, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сомдаған «Сәби тілегі» сахналық қойылымы, діни әндерді насихаттап жүрген арқалықтық қаршадай Дінмұхаммад Бектұрсынұлының өнері сахнаны әрлеп жібергендей.
Мәуліт мерекесі мейрамханада құран бағышталып, бата-дұға берілген асқа ұласты.
FBID5591 
GPNN1854
HQLY5885
IHKH1852
JGYH6241
LZYA3659
NHIU4423
QFZA1399
QNQM9063
NNSQ9769
QUVC3130
QVAT6770
REDC9243
TGZQ7842
TZZI8848
URNF3918
VJMK0846
VZFD6084
WDMC2559
YDCW5786

Суреттерді түсіріп, бейнероликті әзірлеген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Алла тағала мың шүкір деп Алла деп жүрген азаматтар мың алғыс 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓