Оркестрге он жыл
Осыдан он жыл бұрын Қостанайдағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жанынан алғаш рет қазақтың ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Содан бері өнер ұжымы облыс, республика сахналарынан бөлек халықаралық байқауларда бақ сынап, талай жүлдені қанжығасына бөктерді.
Оркестр репертуарынан қазақтың халық композиторларының, шетел музыка шеберлерінің туындылары берік орын алған.
Ұлт-аспаптар оркестріне Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығының иегері Назымбек Молдахметов жетекшілік етеді.Сондай-ақ, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Қазына» сыйлығының лауреаты, танымал дирижер Берік Оразалиннің еңбегі де атап өтуге тұрарлық.
-Оркестр құрылған алғашқы жылдары көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Мәселен, кәсіби мамандар жетіспеді. Аспаптарымыз да аздық етті. Репертуар жағы кемшін соқты. Бүгінде соның бәрі, құдайға шүкір, артта қалды. Оркестр құрамы жас, білікті мамандармен толықты. Репертуар мәселесі де шешілді,- дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі Назымбек Молдахметов.
Қостанай топырағында өмірге келген жаңа өнер ұжымына Құрманғазы атындағы республикалық консерваторияның түлектері, Талдықорған, Көкшетау, Астана, Қарағанды тәрізді бірқатар қалалардан музыка мамандары шақырылды. Оркестрдің мол тәжірибежинақтап, қанатын кеңге жаюуына белгілі дирижерлар Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков, Ермұрат Үсенов тәрізді өнер қайраткерлері көп қол ұшын созды. Бұл кісілер Қостанайға арнайы келіп, жас музыка мамандарына дәріс оқыды. Өнер ұжымының алыс-жақын шетелдерде танылуына ерекше ықпал етті. Мұның бәрі буыны енді қатая бастаған жас өнер ұжымы үшін үлкен көмек болғаны сөзсіз.
Құрылғваныеа он жыл толған оркестр ұжымы бүгін Қостанайдағы Л.Толстой атындағы кітапханада өнер сүйер көпшілікпен жүздесіп, оркестр жетекшілері Назымбек Молдахметов пен Берік Оразалиндер тыңдармандардың қойған сұрақтарына жауап берді. Ал оркестр өз кезегінде қазақ және шетел композиторларының шығармаларын орындап, көпшілікті тәнті етті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.