Жас әншілердің жеңісі
Астанада ІІІ Халықаралық балалар, жасөспірімдер жəне ересектерге арналған «Сиқырлы микрофон» өнер байқауы өтті. 3-6 жас аралығындағы «Эстрадалық вокал. Соло» номинациясы бойынша Қостанай облысынан бірнеше үміткер барып, жүлделі орыннан көрінді. Жанасыл Бақытбек 2-орынға, ал Фариза Болат пен Інжу Шотбай 3-орынға ие болды. Осы аталым бойынша 7-10 жас аралығында Дінасыл Бақытбек қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, қостанайлықтарға қолдау көрсету үшін танымал әнші Ернар Садырбаев арнайы келді. Жүлдегер балғындар «RIZA» өнер-білім орталығында қыркүйек айынан бері вокал сабақтарын алады. Жетекшісі – Жұлдызай Төлепбаева.
– Бұл біздің балалардың алғаш рет үлкен сахнаға шығуы. Оған дейін қалада, өз балабақша, мектептерінде іс-шараларға қатысып жүрді. Жас талап осылай ысылады. Халықаралық байқаудағы көрсеткіштеріміз жаман емес. Жас әншілерімізді қолдап келген Ернар Садырбаевқа алғыс айтамыз, – дейді Жұлдызай Төлепбаева.