Мүдделестер қызметінде мін бар ма?

Мемлекеттік қызметшілер мен журналистердің мақсаты бір – қоғамға қалтқысыз қызмет ету. Осы екі сала өзара қарым-қатынас кезінде қандай мәселелерге тап болады? Ақпарат алмасуда қандай кедергілер бар? Кейбір орган өкілдері неге тілшілермен байланыс орнатудан басын ала қашады? «Мемлекеттік қызмет имиджі БАҚ көзімен» аталған жиында осы және басқа да түйткілдер сөз болды.
Отырыс ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік департаментінде өтті. Оған мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Мемлекеттік қызметшінің имиджі қоғам алдындағы мінсіз қызметі арқылы қалыптасады. Ал оған БАҚ тікелей себепші. Анығын айтқанда, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы алтын көпір рөлін журналистер атқарады. Сондықтан бірін-бірі толықтырып отыратын осынау екі сала мамандарын мүдделестер деп тану қажет.  
«Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Олар жауапкершіліктері зор тұлғалар. Заң талаптарын бұлжытпай атқарушы мамандық иелері. Ел алдындағы абыройлары олардың сапалы қызмет көрсетуіне тікелей байланысты. БАҚ олардың жетістігін де, олқылықтарын да халыққа қапысыз жеткізіп отырады. Имидждерінің қалыптасуына тілшілер қауымының ықпалы зор», – деді жиында алғашқы болып сөз алған облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Аманова.
Оның сөзін сабақтаған басқа да спикерлер қостанайлық журналистердің мемлекеттік органдармен әріптестік орнатудағы кәсібилігін сөз етті. Мемлекеттік қызметшілерді тілшілермен тізе біріктіріп жұмыс істеуден қашпауға шақырды.
«Мемлекеттік қызметті дамытудағы маңызды құрал БАҚ-пен арадағы тығыз әріптестік болып қала береді. Жалпы, Қостанай журналистикасына деген сенім жоғары. Оған пандемия басталғанда, Әулиекөлдегі оқиға кезінде көзіміз жетті. Өзара түсіністікте қызмет етіп, шынайы ақпаратты бұра тартпай, бір мақсат-мүдде аясында жұмыс істеп келеді. БАҚ-тың негізгі міндеті – өтіп жатқан оқиғаны, біз атқарып жатқан қызметтің нәтижелерін халыққа жедел және объективті түрде ұсыну. Бұл тұрғыдан біздің тілшілерге айтылар сын жоқ. Олар хайп қумайды, жұмыстарын кәсіби тұрғыда атқарады. Сондықтан мемлекттік қызметкерлер БАҚ өкілдерінен бастарын ала қашпауы керек», – дейді облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова.
Оның айтуынша, өңірдегі редакциялар мемлекеттік мекемелерден, органдардан ақпарат алар кезде түрлі кедергіге кез болатыны туралы жиі шағымданады. Тұрғындарды толғандыратын мәселелерге жауап іздеу кезінде тиісті мекемелермен байланыс орнату қиындайды екен. Мұны жергілікті журналист, «Наш Костанай» газеті бас редакторының орынбасары Александра Серғазинова да тілге тиек етті.
«Біз заң аясында жұмыс істейміз. Қолдарында бар ақпаратты беруден қашқақтамағандары дұрыс. Өйткені журналист жеке мақсаты үшін жұмыс істемейді. Бірдеңе білгіміз келсе, оны халық үшін сұраймыз. Егер сауалдар жіберсек, бар болғаны мәселенің мән-жайын анықтауды көздейміз. Бір мысал келтірейін, жақында облыстық құрылыс басқармасына «Статус трейд» ЖШС-не қатысты сауал жібердім. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыспен айналысады. Қарабалықтағы мектепті уақытылы тапсырған жоқ. Юбилейный шағын ауданындағы осы компания салған №50 үйдің төбесінен су ағады. Шағым көп айтылады. Сауалымды кешке жібердім, таңертең маған ЖШС басшысы хабарласып тұр. «Мұның саған керегі не? Істейтін басқа жұмысың жоқ па?» деп жер-жебіріме жетті. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл мемлекеттік қызметтің барлық этикалық нормаларын бұзу емей немене? Заң аясында жұмыс істейтіндеріңізді сіздер неге ұмытасыздар?» – деді А.Серғазинова.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметшінің имиджін БАҚ-тан бұрын қоғамдық пікір арқылы қалыптасады.  Халықтың сұранысы қанағаттанса, қажетті ақпаратқа, тиісті қызметке қолдары жетсе, сеніміне кірсе, сонда олардың да беделі өседі.
«Сіздердің айына неше рет жиналыс өткізгендеріңіз халыққа қызықсыз. Оларды салық төлеушілер ақшасының қайда, қалай жұмсалғаны, мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілген үйдің сапасыздығының себебі секілді мәселелер толғандырады. Біз осындай сауалдарға дер кезінде жауап ала алмағандықтан жиі шағымданып жатамыз», – деп толықтырды ол.
Қазір Whats App желісінде «Облыстық БАҚ» атты топ жұмыс істейді. Ол алаңда да өңір журналистері мен мекеме-ұйым өкілдері үнемі ақпарат алмасып жатады. Бұл жерде де іркіс-тартыс, келіспеушіліктер жиі болып тұрады. Оның себеп-салдары да осы жиында талқыға алынды.
«Бұл топ кедергісіз байланыс орнату үшін құрылды. Онда тілшілер мен мемлекеттік орган, саяси партия, қоғамдық ұйымдардың өкілдері отырады. Өкінішке қарай, мемлекеттік орган қызметкерлері журналистердің сұрауына үнемі жауап қата бермейді. Содан кейін тілшілер тарапынан шағым көбейеді. Сіздер сұралып отырған ақпаратты беруге қалайда міндеттісіздер», – деді Динара Қарымсақова.
Әрине, журналистер де сауаттылық пен жауаптылықты қаперінен еш шығармауға тиісті. Мемлекеттік қызметкерлердің белгіленген талап-тәртіптің шеңберінен шықпай жұмыс істейтінін, әр қадамын сақтықпен басуға мәжбүр екенін ұмытпауы керек. Дей тұрғанмен, бұл тілшілер қауымына шекеден қарауға болады деген де сөз емес.
«Баспасөз хатшылары, сіздер журналистердің командирі емессіздер. Чатта өктемсіп сөйлеспеңіздер. Жақында денсаулық сақтау басқармасы хатшысына қатысты жағдай болды. «Сендер мені тыңдаңдар?» деген секілді дөрекілікке жол берілді. Чат ақпарат алмасу үшін құрылған. Өзім білемдікке салғандарыңыз үшін үстілеріңізден шағым түсіруге де құқығымыз бар. Тек біздің әріптестер доспейілді. Артық айғай-шусыз, өзара түсіністікпен жұмыс істеуге тырысады», – деген пікір қосты А.Серғазинова.
Қазақтілді журналистер ұдайы айтып келе жатқан тағы бір мәселе бар. Ол – ақпараттың үнемі екі тілді бірдей таратыла бермейтіні. Салдарынан әріптестерімізге «аудармашылық» қызметті қоса атқаруға тура келіп жатады. Ал қазақ тілінде ақпарат талап еткен тілшілерді жақтырмай қалатын мекеме өкілдері жоқ емес. Бұл түйткілді Кенжеш ханым қозғай өтті.
«Мемлекеттік қызметші мен мемлекеттік тіл үндес, мәндес сөздер болуы керек. Осыған әлі де дұрыс ден қоймайтынымыз байқалады. Өзіміз көріп жүргендей, кейде әлгі чатқа баспасөз хабарламалары орыс тілінде ғана салынып жатады. «Неге қазақ тілінде бірінші салмадың?» деп жаппай талап етіп жатқан жоқпыз. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарайтынымыздың, журналистердің көп жағдайда әдептілік сақтайтынының белгісі. «Қазақ тілінде ақпарат бола ма?» деп қана жазады. Соның өзінде мұны ренішпен қабылдағандары сөздерінен көрініп тұрады. Жаңағы журналисті белгілеп тұрып, «міне, салдық, ал» деп, міндетсіп отырғандарын көрсетеді. Сол жағына назар аударуларыңыз керек. Кез келген жағдайда сол чаттың өзінде шу шығып кетуі мүмкін екенін ойлаңыздар», – дейді К.Аманова.
Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әр жиында сөз басын орыс тілінде бастайтыны сынға алынды.
«Сонша жыл жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде айтайын, «мемлекеттік қызметшілер ана тілімізді оқып жатыр, сертификат алды» деп үнемі жазамыз, көрсетеміз. Бірақ жиын-кездесулерге келгенде ешбірінің қазақ тілінде сөйлеп жатқанын көрмейміз. Нәтижені осындай жерде көрсетулеріңіз керек қой, қағаздан оқысаңыздар да осыны әдетке айналдыруларыңыз керек», – деп төтесін айтты Кенжеш Оразғалиқызы.
Мұның сыртында, ақпаратты түсінікті тілде ұсыну, баспасөз хабарламаларына немқұрайды қарамау керегі айтылды. Сондай-ақ, жедел, сапалы жұмыс істейтін баспасөз қызметкерлері де тілге тиек етілді. Бұл жөнінен Полиция департаменті мен Білім басқармасы басқалардан озық тұр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓