ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ: «ҚАРЖЫНЫ ТИІМСІЗ ІСТЕРГЕ ЖҰМСАУДЫ ДОҒАРУ КЕРЕК»

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов халықпен есептік кездесу өткізу үшін Ұзынкөл ауданының Ряжское ауылына барды. Ол ең алдымен Мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Ауылдық клуб «Олжа Ряжское» ЖШС қарауында. Мәдениет үйінің меңгерушісі облыс әкіміне сахналық киімдердің тозғанын айтып, базынасын жеткізді.
– Музыкалық жабдығымыз ескі, сахналық киімдердің бәрі тозған. Ғимартқа жөндеу жұмыстары қажет, – деді клуб меңгерушісі.
– Меңгеруші ретінде ұсынысыңызды айта алмадыңыз. Ғимарттың іші-сырты айтарлықтай қақырап тұрған жоқ. Көптеген елді мекендерде болдым, олармен салыстырғанда жағдайы жақсы. Мен қызып жатқан жұмысты көре алмай тұрмын. Тек жылына бір келетін мерекелер ғана өтеді. Жұмыс олай жасалмайды, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Мәдениет үйінен шығып медициналық пункті бетке алды. Ол жерде 2 медқызметкер жұмыс істейді. Оның біреуі мектеп мейірбикесі. Штат бойынша 3 адам болуы керек. Медициналық пунктің жағдайын аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы баяндады.
– Жөндеу жұмыстары үшін 21 млн теңгеге жобалық-құндық құжаттама әзірленді. Қаражат бөлінген жағдайда медицналық пунктің едендерін ауыстыру жоспарда тұр,– деді Мұрзалин Серік.
Облыс әкімі едендердің сапасын өзі жүріп тексеріп көрді. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің өкілдері еденнің жарамсыздығына дәлел келтіре  алмады. 
– Ең алдымен едендердің тозғандығын анықтау үшін техникалық сараптама жүргізілуі керек. Жарамсыз деп танылғандығын дәлелдейтін құжатты көрсетіңіздерші. Шаруашылық тұрғысынан білерім мол, бұл едендер әлі талай жылға шыдас береді. Сол себепті бөлінген ақшаны игеру керек деген жебеумен қайда болса сонда жұмсамай, тиімді пайдаланыңыздар. Ғимарат іші салқындау екен, науқастарды осындай жағдайда қабылдап жатсыздар ма? Мүмкін жылыту жүйесінде ақау бар шығар, соны неге алдымен қолға алмайсыздар? Дәл еденге келсек айтқандарыңызбен келісе алмаймын? Шаруашылық жұмыстары дұрыс жүргізілмей отыр, – деді Құмар Ақсақалов.     
Медициналық пунктке интернет желісі мүлдем тартылмаған, компьютер атымен жоқ. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл жағдайдан мүлде хабарсыз екенін, алдағы уақытта жеке бақылауына алынатынын жеткізді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓