Қызылшамен ауырмас үшін екпе ал
«Біздің өңірде қызылшамен ауырып тіркелгендер жоқ», – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев. Десе де әлемде ауырғандар саны азаймай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша былтыр әлемде қызылшаның 155 мыңнан астам жағдайы тіркелді. 2023 жылдың басында қызылша ауруы жақын шет елдерде Украина, Қырғызстан, Ресей Федерациясында байқалады. Қостанайлық эпидемиологтар ауру көбіне шет елден келетінін, сондықтан көші-қон факторларын ескере отырып, қазақстандықтарға бұл вирустық инфекцияның қауіптілігі жоғары екенін ескертті.
–Қостанай облысында соңғы рет 2020 жылы 54, ал 2019 жылы 190 жағдай тіркелді. Қызылша – ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Жұқпа адамнан адамға ауа арқылы жөтелу, түшкіру кезінде беріледі. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрының немесе тамағының бөлінісімен тікелей байланыста болады. Қызылша – адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90% – дан астамы ауырады – дейді Ермұханбет Дәулетбаев.
Аурудың алғашқы белгілері – жөтел, дене температурасының көтерілуі, көзден жас ағу, жарыққа сезімталдық және бөртпе, ол бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеде пайда болады. Аурудың ауыр ағымында асқынулар дамиды, мысалы, ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, бронхтың қабынуы, сондай-ақ мидың қабынуы, көз көрмей қалуы мүмкін. Науқас кез келген қабыну мен асқынудан өлуі мүмкін. Сондықтан ондай жағдайға ұшырамау үшін екпе алған жөн.
–Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жаста және 6 жаста 2 рет жасалады, бұл вакцинацияланған адамдарда өмір бойы болатын вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді. Көбіне балалар аурады. Сондықтан ата-ана балаға жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Егер бір рет ауырса қайталап ауыра қоймайды, – дейді Ермұханбет Дәулетбаев.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА