Қостанайлық шебер “Алтын адамның” үлгісін жасап шығарды
Ағаштан ойылған туындының биіктігі, тұғырымен есептегенде, 180 см болады. Бас киіміндегі барыс, бұлан, таутеке, арқар, тұлпар, құс бейнелерін жезден ойып жасаған.
Қолөнер шебері Еркөкше Кенкенов аталған туындыны жасауды 10 жыл бұрын қолға алыпты. Алайда, өзге жұмыстардың себебінен аяқтаудың сәті түспеген.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қолға алып, толық аяқтадым. Терек ағашынан ойып жасадым. Үстіндегі киімін матадан тігіп, түпнұсқадағы алтыннан жасалған тұстарына алтын түстес бояу мен әшекей тастарды пайдаландым. Бас киіміндегі жануарларды жезден ойдым. Тасымалдауға ыңғайлы болуы үшін аяқ-қолдарын алынбалы-салынбалы етіп істедім. Әлі ауқымды көрмеге шығарған жоқпын. Тек мектепішілік іс-шарада көрсеттім, – дейді шебер Еркөкше Еркебұланұлы.
Кейіпкеріміздің әкесі де қолөнермен айналысқан. Домбыра жасап, сақина, жүзік соққан. Бала Еркөкше әкесіне көмектесе жүріп, ағаштан түйін түюдің қыр-сырын меңгеріп алған.
– Ресей Федерациясының Түмен облысында нағашыларым тұрады. Ол жаққа барсам, "шебердің ұлы келді" деп құшақ жая қарсы алады. Біз тұрған ауылда әкемнің есімін бәрі біледі, шеберлігімен аты шыққан. Кішкентай кезімнен әкемнің қасында жүрдім. Істеген әр бұйымына куәмін. Ат әбзелдерін, доға, шана бәрін жасайтын. Тіпті пимаға дейін басты. Қазақта "әке көрген оқ жонар" деген нақыл бар. Сол әкеміз айналысқан істі, бүгінде жалғап келеміз. Өзім 6-сыныпқа аяқ басқанда машықтана бастадым. Анам сақина соғып үйренсең керек болады деп бір уыс күміс берді. Аптасына 10 шақты сақина соқтым. Зергерлікті де әкемнен көріп меңгеріп кеттім, – дейді зергер Еркөкше Кенкенов.
Ағаш шебері Ресей Федерациясының Түмен облысы, Есет ауданында туған. Ата-анасы сол өңірде 32 жыл ғұмыр кешкен. Кейін 1968 жылы Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы, Үйқызыл ауылына көшіп келген.
– Негізгі ата қонысымыз Ұзынкөл ауданы екен. Ресейге қандай жағдаймен қоныс аударғанын білмеймін. Бабаларымздың басынан түрлі жағдай өтті ғой. Алғаш мектепке сол жақтан бардым. Отбасында 12 ағайындымыз. Мен ортаншысы. Түменде де біз қатарлы қазақтар тұрды. Өте ұйымшыл еді. Әкелеріміз атпен қатынап, екі ауылдың алыстығына қарамай мерекелерде бас қосатын. Жылқы ұстап, жазда бие байлайтын. Мен алтыншы сынып оқып жүргенде Қостанайға қоныс аудардық, – деп өткенге бір шолу жасады Еркөкше шебер.
Еркөкше Еркебұланұлының мамандығы мұғалім. Қостанай қаласындағы №115 мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Біз барған кезде оқушыларымен бірлесіп ағаш астау жасап жатыр екен.
– Мектептегі өтетін пән өз алдына. Оған барлық оқушылар қатысады, негізін үйретемін. Ерекше қабілетті, қолының ебі бар оқушылар да жоқ емес. Мұнда оларға ағаштан жасалатын бұйымдардан бөлек, сақина, жүзік соғуды да үйретіп жатырмын. Қаланың балалары болса да, қазақ отбасыдан шыққасын ба, отбасында ата-әжелерінің айтанын құлақтарына құйып алды ма, қызығушылықтары зор. Икемдері бар. Әйтпесе мәжбүрлеп үйрете алмайсың ғой. Қалалық, облыстық жарыстардан алған жүлдеміз жетерлік, – деп оқушыларына сүйсінді ұстаз.
Шебер ең алғашқы домбырасын 1981 жылы жасаған. Институтты бітіретін жылы көрсеткен жұмысы сол болды. Ол домбыраны 1992 жылы Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейіне сый ретінде тапсырған.
– Қолөнер – маған берілген дарын деп білемін. Қазір ағаш жонып, бұйым істемесем отыра алмаймын. Жұмыста аяғына жетпеген дүниелерді үйге апарып жасап бітіргенше асығамын. Қосымша сақина, жүзік соғуға тапсырыс қабылдаймын. Бір қуантатыны – қолөнермен, зергерлікпен айналысатындар көбейіп келеді. Табыс көзіне айналдырып отырғандар бар. Ол орынды, бағасы, құны артады. Атадан балаға жалғасқан өнерді немерем меңгеріп келеді. Ол да мен үшін жетістік. Қазақтың қолөнер, зергерлік өнері иесіз қалмайды деп сенемін, – деп түйіндеді Еркөкше шебер.
Айта кету керек, шебердің Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінде алғашқы көрмесі өтеді. Ағаш шебері сол көрмеде "Алтын адамды" келушілер назарына ұсынбақ.
Сералы МЫЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ