Серік СӘПИЕВ: “GGG мені кәсіпқой боксқа шақырды”

Қостанайда қазақстандық спорт жұлдыздары мен танымал блогерлердің медиа-матчтары өткен еді. Футбол лигасы бастамашыларының бірі – Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Боксшының біздің өңірге келген сапарында кездесудің сәті түсті.
– Медиа футбол лигасының құрылуына басты себепкер өзіңіз. Осы іс-шараның мақсатына кеңінен тоқталып кетсеңіз. Жұлдыздарды әйгілеу ме, әлде жастарды спортқа үндеу ме?     
– Бұл біздің былтыр қолға алған ісіміз. Жастардың спортқа бет бұрғанын қалаймыз. Сондықтан атақты спорт шеберлерімен қатар өнер жұлдыздары арқылы саламатты өмір салтын насихаттаймыз. Бұқаралық спортты дамытсақ дейміз. Танымал спортшыларды, актерлер мен әншілерді, блогергерді арнайы тарттық. Құрылғаннан бері Түркістан, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атбасар, Қарағанды өңірлерінде ойындар өтті. Жанкүйерлер көп жиналды. Қостанайда екі рет ойнадық. «SPARTA» командасы құрамында Данияр Жұмаділов, Арман Қоңыр, Әбдікәрім Кәрімов, Ұлан Қоныспаев сынды қазақтың мықты-мықты жігіттері ойнады. Тобыл-Торғай өңірінің атынан шығатын "ALASH" командасы да үздіктерден жасақталған. Өзім жақсы танитын Нұрбол Жұмасқалиев, Әділжан Сәндібеков, Бекболат Жазықпаев сынды жігіттер бар. Қостанайлық жанкүйерлер өте белсенділік танытты.
Команда мүшелері футбол ойнағаны үшін ешқандай қаржы алмайды, тек өздерінің қызығушылықтары үшін ойнайды. Ал жүріп-тұруларын, әр қалада өтетін ойындар шығынын демеушілер көтереді.– Енді жалқыдан жалпыға өтсек. Қазақстанның қазіргі спорттағы әлеуеті жайлы не айтасыз?
Бізде қай спорт түрін алсақ та жетіспеушілік бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Ең бірінші инфрақұрылымға көп мән беру керек, көптеген ғимараттар жаңарту жұмыстарын талап етеді. Спортшыларға келсек кәсіби дайындайтын баспкерлер жетіспейді. Яғни, маман тапшылығы бар. Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Бар мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты жалғастыра береміз. Қостанайға келген сапарымды пайдаланып, облыс әкімімен кездестім. Жүздесу барысында өңір спорты төңірегінде сөз болды. Айтуларынша, облыста 4 спорт кешені бой көтереді. Спорттық инфрақұрылымдарын жақсарту бойынша жақсы жүйелі жоспарлар бар екен. Айтылған дүниелер іске асырылса, спортшыларға көп демеу болады деп сенемін. Алда үлкен жарыстар өтетінін айтты. Барған жерімде билік өкілдерімен кездесіп жүремін, осы сипаттағы жұмыстар әр өңірде атқарылып жатыр. Мен өз тарапымнан қолдау беретінімді жеткіздім. Бұқаралық іс-шараларға, үлкен жарыстарға көмек беремін. Федерациялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, келісім-шарт жасасуға мүмкіндік жасауға әзірмін. Халықаралық турнирлер өткізу үшін біздің республикалық федерациялар өздері ұсыныс беруі керек. Барлық республикалық федерациялармен жақсы қарым-қатынастамыз, сондықтан ол жағынан ауқымды жұмыстар
– 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион болдыңыз. Екі дүркін Әлем және Азия чемпионы атандыңыз. Кәсіпқой боксқа ауысып кету ойы болмады ма?
– Ой да, мүмкіндік те болды. Өйткені, көптеген ұсыныс түсті. Қателеспесем, 2007 жылы Америка Құрама Штатының Чикаго қаласында жарыста жүргенбіз. Сол кезде бокс клубының менеджері келіп кәсіпқой боксқа ауысуға ұсыныс білдірді. Бірақ ол кезде менің көздегенім мүлдем басқа нәрсе еді. Сол себепті ұсынысты қабыл алмадым. 2008 жылы Геннадий Головкин хабарласты. Германияның промоутер компаниясы Головкин арқылы ұсыныс тастапты. Геннадий де өзінің ойын қосты. Келіп байқап көруге шақырды. «Екі жақта да жаттығу барысы ұқсас. Егер ұнап жатса қалсаң болады» деген ой айтты. Өздеріңіз білесіздер, сол жылы Олимпиадада менің жолым болмады. Көп спортшылар ондай сәтте күйзеліске ұшырап жатады. Менің де дәл сондай қолайсыз сәттер басымнан өтті. Ол кезең мен үшін өте ауырға соқты. Пекиндегі Олимпиада да әділетсіздіктің құрбаны болдым. Сол кезде кәсіпқой боксқа ауысып кету туралы ой келді. Маған жасаған ұсыныс әлі күшінде еді, ойым бұзылды. Бірақ жаттықтырушым ақыл-кеңесін айтып, дер кезінде тоқтатты. Сабырға келіп, жаттығуды жалғастыра бердік. Спорттағы жолым қиылған сәттер бірте-бірте ұмытыла бастады. Қазақстан чемпионаттарына дайындықты бастап кеттік. Жарыстардан қалмай барып жүрдім. Әлем чемпионаты болды. Халықаралық турнирлерден жүлделі оралдым. Бәріне шүкір, бірақ мақсатым Олимпиадада жеңіске жету болды. 2012 жылы мақсатым орындалды. Олимпиада чемпионы атандым. Геннадий Головкиннің боксын көруге АҚШ-қа барған кезімде маған промоутер компаниясы 1 млн доллордың келісім-шартын ұсынды. 2014 жылы ең атақты  "Боб Арум" промоутер өкілдерімен кездестік. Олар да мені күтетінін айтты. Келісім-шарт жасасуға дайын екенін жеткізді. Бірақ ол кезде Қазақстанда Бокс федерациясында жұмыс істеп жүрген едім. Бокспен айналыспағаныма да 2 жыл өтіп кеткен. Сөйтіп, кәсіпқой боксқа бармай қалдым.
– Қазіргі қызметіңіз жайлы айта кетсеңіз.
Қазір ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінде атқарушы хатшының орынбасары болып қызмет істеп жатырмын. Халықаралық комитеттермен іс-шараларды бірігіп өткізу бойынша іскерлік байланыс орнатамыз. Спорт федерацияларын аккредиттеу жұмыстарын істейміз. Жақында Ресейдің Ұлттық Олимпиада комитетінің шақыртуымен, сондағы спортшылар одағының құрылғаны 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынға барып келдім. Ұлттық комитеттің де мерейтойын өткіздік. Қазақстан бойынша өтетін іс-шараларды атқарамыз, спорт басқармалары тарапынан қолдау бар.
Токиода өткен Олимпиадада Қазақстан қоржынында 8 қола түсті. Алтынға жетпеуімізге не себеп болды деп ойлайсыз?
Әр салада құлдырау кезеңдері болады. Біз спортта ол кезеңді өткердік. Мысалы, 2008 жылы Бейжінде өткен Олимпиада да кубалык боксшылар алтын ала алмады. Яғни, олар да құлдырау кезеңін өткерді. Ал, Австралия қаласы Сиднейде өткен Жазғы Олимпиада ойындары да біз үшін табысты болды: 3 алтын, 4 күміс, жалпы 7 медаль түсті. 2008 жылы Бейжіңде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс, 7 қола алып, жалпы есепте 29-шы орынға көтерілді. 2012 жылы 7 алтын, 1 күміс, 5 қола алдық. 2016 жылы Рио-Де-Жанейрода Қазақстан қоржынына 3 алтын, 5 күміс, 10 қола түсті. Ал Токиода өткен Олимпиадада сәті түспеді. Оның үстіне кейбір спортшыларымызға әділетсіз шешімдер шығарылды. Сәкен Бибосынов жартылай финалда ағылшын боксшысымен кездесті. Менің сараптауым бойынша Сәкен басым түскен еді, оны анық көрдім. Амал не, бұрып жіберді. Бұл жерде төрешілердің де саралауын ескерген жөн. Әр төреші ерекше бағалайтын әдістер болады, олар соны ескеріп, жеңіс береді. Келесі Олимпиада Парижде өтеді. Спортшыларымызға сеніміміз зор.
– Соңғы сұхбатыңызда 2022 жылы Қазақстанда Серік Сәпиев атындағы бокс мектебі ашылады деп айттыңыз. Жоспар орындалды ма?
– Жоқ, әлі орындалмады. Астана қаласынан ашу туралы жоспарым әлі күшінде. Ғимарат бар, бірақ ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Осы жағынан ғана шешімін таппай жатыр, біраз қаржы керек дегендей… Биыл қолға алатын шығармын. Жақсы кәсіби, дарынды спортшыларды дайындаймыз. Онда спорттың бірнеше түрімен айналысатын болады. Болашақтың еншісінде. Бірақ бір жағдайды айтып өтейін, ол мектепті жеке бизнесім ретінде ашпақпын.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сералы РАМАНҰЛЫ
Суреттер ашық дереккөздерден алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓